Әжесінің баласы
Неге екенін білгіңіз келсе, ұлыстай ұрпағына өнегелі іс қалдырған халқымыздың ардақ тұтар асыл азаматы жайында жазылған «Нар тұлға» атты ғұмырнамалық деректі хикаясын оқып көріңіз. Жай ғана оқып қоймай, ұлтын сүйген сондай үлкен жүректің бір кездері жанымызда жүргенін санаға салып зерделеңіз. Әр күні тек игілікке ғана жұмсалған жарты ғасырлық еңбек жолында бір адамның қанша жұмыс бітіре алатынын ой-таразысына салып өлшеңіз. Өлшеңіз де ұлт үшін, ұрпақ үшін өзіңіздің не тындырып жүргеніңізді безбендеп көріңіз.
Көзі тірісінде ауыл шаруашылығының академигі атанып, елінің абырой-атағын аспанға көтерген аспантау тұлғаның халқына көрсеткен қызметі қыруар. Омырауына қос «Алтын Жұлдыз» тақты, қазақтың белгілі ақын-жазушыларымен, қоғам қайраткерлерімен үзеңгілес дос-жаран, сыйлас азамат болды. Мұқым бір дәуірдің қуаныш пен қайғысын, жақсылығы мен жамандығын тең көріп, елмен бірге көтерген нар тұлғаның қилы да қызықты тағдыры кімді де болса бей-жай қалдырмасы анық.
Алды-артынан сүйейтін тіреуі болмаса да ауыл баласы атқа қонып, бұқараның бұлың тірлігінде бұғып жатқан қиыншылықтарға таудай тосқауыл бола білді. Аңыз-әңгімелерде батырлардың өмірге келуі үлкен бір оқиғаның болатынын меңзейді емес пе? Қара шалдың бағы үшін емес, қарашаның қамы үшін жаратқан тұлымды ұлдың жер дейтін ғаламшарға келуі де әсерлі.
Мына қызықты қараңызшы, Ақтолыс әжесі тазалығы елден ерек, табиғатынан турашыл, тектінің қызы болса керек. Үстіне қылшық жуытпайтын, бес уақыт намазын әсте қаза жібермейтін, ыдыс-аяғын жарқыратып ұстайтын бипаз кісінің білмейтіні жоқ көрінеді. Оған дәлел, байдың әйелінің ішіне теріс біткен баланы ешкімнің көмегінсіз аман-сау жарық дүниемен қауыштырғаны. Ел-жұрт сондықтан «Апақа» атап кетіпті.
Алдаберген отау құрғаннан кейін келінін қызынан кем көрмейді. Аяғы ауырлағанын байқаған ененің аузы да, қолы да тыным таппапты. Алғашқы күннен-ақ аялап, бағып-қағады. Әр қимылын көзінен таса қылмайды. «Іштегі бала шымыр болып өседі» деп, қара сағыз шайнатады. «Көңілі таза, ақылы тұнық болады» деп, рауғаш жегізеді. «Табанды, еңбекқор болады» деп, жалаңаяқ жүргізеді. Ол ол ма, жұпар иісі аңқыған көкемарал шөбін қайнатып, оған жас аршаны араластырып, күнара келінін жылы суға шомылдырып тұрады. Ұзын толғақ басталысымен «бала кіндігіне оралып қалады» деп, арқан естірмейді. Тіптен тең бұздырмайды, қаптың аузын байлатпайды. Тек, буулы нәрселерді шешуге, жабулы заттарды ашуға ғана рұқсат етеді. Аузын бірде қайнатқан қара жусанмен, бірде қаратікен тұзбен шайғызады.
Ал ай толғағы бастала «баланың еті қызарып кетеді» деп, жас етке қол тигіздірмейді. «Сәбидің сүйегі берік болсын» деп, қызыл ірімшік жегізеді. Ішкізген тамағы тек ақ болады. Әредік: «Баламыз қалай өсіп келе жатыр? Кәне, көрелік» деп, келіннің ішін қарап та жіберетін көрінеді. Сәбидің қамшыұстар екенін ай-күні келмей-ақ аңғарған. Осыдан-ақ топшылап көріңіз. Әлгі америкалық психологтердің айтатыны еріксіз ойға оралады. Үш айлық баласын көтеріп келген келіншекке «сәбиіңізді тәрбиелеуге тоқсан күн кешігіп қалдыңыз» деген екен пайымды психолог. Мұны қазақ «тәрбие тал бесіктен басталады» деп тәпсірлеген.
Ақтолыс әжей немересінің тегін адам болмайтынын құрсақта жатқанда-ақ жорамалдаған. Алла тағаланың нұр шапағатына шомылғалы тұрғанын өзі білсе де дабыралауға асықпапты. Мұнысы тіл көзден сақтанғаны болар. Дегенмен көрген түсі ойға сүйек боларлық.
Қартаң кемпір күз мезгілінде отын іздеп, тауға беттейді. Кенет ауа райы бұзылып, күн күркірейді. Шелектеп жаңбыр жауып, дүниенің әлек-шәлегі шығады. Барар жер, басар тауы қалмаған соң, торғайдай бір еменнің саясын паналайды. Үсті-басы малмандай су болып, денесін суық билей бастайды. Айқайлап көмек сұрайын десе, тау ішіндегі жабайы аңдардан қорықса керек. Істерге еш амалы қалмай, діңкесі құрыған сәтте маңынан тұяқ дүбірі естіледі. Құмыға шыққан аттың шалқақ аяңы дәл қасына келіп тоқтайды. Аяқ-қолы дірілдеп, екі көзін қараңғылық төңіректейді. Жапырақ жанын шүберекке түйіп тұрғанда:
«Қарағым, қорықпа! Мә, ұста мынаны», деп Малайсары батыр қолына қайың сапты айбалтаны ұстатады. Жанарын ашқанда елес ғайыпқа айналады. Өзі: «Аруақты көзім тар жұмулы болса да, ап-анық көрдім. Жалма-жан айбалтаны кеудеме бастым. О, ғажап! Сол-ақ екен бойым жылып, күн жарқырап ашыла берді», деп еске алатын көрінеді.
Балалары тоңып қалмасын деп, бір құшақ қу отынды құшақтап жүгіре үйіне жетеді. Тошала үйдің төрт қабырғасы тыныштыққа бойұсынған. Алдынан ешкім шықпағанына өкпелеп, қайың сапты айбалтаны босағаға тастай салады. Содан ол ескерусіз, елеусіз қала беріпті. Арада жылдар жөңкіліп өтіп жатады. Біреу ұрлап кете ме, әлде ұшты-күйлі жоғалып кете ме, оған бас қатырмайды. Қайың сапты айбалтасыз да отыны шабылып, ағашы жарылып, қазаны қайнап жатады. Күндердің бір күні қарашаңыраққа бабамыз Балпық әулие ат басын бұрады. Ол кісі үйге түспей сырттан:
«Балам-ай, Малайсары батыр берген әлгі қайың сапты айбалтаңды көрейін деп келдім», деп алыстан айқайлайды. Апақа жатып келіп айбалтаны іздейді. Жүрегі дүрсілдеп, аузына тығылады. Үсті-басы қара терге оранады. Ақыры, қуанышына орай, қолына іздегені ілінеді. Қайың сапты айбалтаны ұстап, әулие бабамызға қарай құстай ұшады. Талай уақыт қараусыз қалған айбалтаның сабы да, басы да күн сәулесіне шағылысып, көз қарықтырады. Сонда әулие Балпық би:
«Балам-ай, батыр берген асыл затқа ие болсаңшы. Өзінің басы да, сабы да алтын, қасиетті нәрсе екен, шаңыраққа қонсын! Әумин!», деп батасын беріп кетіпті. Әжесі іштей осы түсті жақсылыққа жорып, аруақтарға Құран бағыштайды. Көрші-қолаңға жеті шелпек үлестіреді. Үлкендердің «түс оңалмай, іс оңалмайды» дегені ақиқат қой. Бұл оқиғадан кейін қырсық кетіп, әулетіне қыдыр қонса керек. Қорасына отар-отар қой бітіп, жағдайлары да жақсарыпты.
Тағдырдың жазғаны шығар, ата-анасынан ерте жетім қалады. Алайда аса еңбекқор, ұлттық ар-намысқа берік, жан дүниесі таза адам болып қалыптасуы мен өсіп-жетілуіне әжесі Ақтолыс апаның әсері ерекше болады. Алдабергеннің ұлы атанғанымен көзін ашқалы әжесінің тәрбиесімен қуаттанады. Соның арқасында Нұрмолда мен қарындасы Бибі әке-шешесінің бар-жоғын да білмей өседі. Бибі күндіз әжесінің жанынан қалмайды, бала Нұрмолда болса қозы қайырып, бұзау бағады. Жасынан малсақ әрі әкесіне қолғабыс болады. Ымырт үйірілісімен екеуі апасын қаумалап, ертегісін естуге асығады. «Ер Төстік», «Қобыланды», «Алпамыс батыр» жырларын тыңдап өскен бала болашақта ел тұтқасын ұстайтын азамат болуды армандайды. Оған өмірдегі бар қызық та, бар тәтті де тек әжесі айтатын ғажайып ертегілер болып көрінеді. Батырларға еліктейді, еңбекке ерінбейді.
Бұл айтқан оқиғалардың бәрі ел аузынан естіген әңгімеден. Шарапатын көрген жандар әлі күнге алып тұлғаның марайма мінезі мен шексіз мейірімділігін жіпке тізген маржандай өреді. Көзі тірісінде көрсеткен өнегесі көпке үлгі. Біз оның бір парасын ғана білеміз. Жанында жүріп қызметтес болған, қиыншылықта жанынан табылып, жігеріне қанат бітірген адамдар бүгінде санаулы. Көбі ажал дейтін арғымаққа мініп, келмеске кетті. Бүгінде қасында жүргендердің кішісі ардақты ақсақал атанған. Соның бірі – Жекен ақсақал. Ол Нұрмолда Алдабергеновтің жақын туысы әрі аталас бауыры. Кезінде шопыры болған. Зайыбы екеуі ағаның ақ батасын алып, отау құрыпты. Әлі күнге естеліктерін жаңғыртып, сол замандағы өлшеусіз еңбегін тамсанып айтады. Халықтың сүйікті перзентінің мәлім де беймәлім қырларын бір сапарда Жекен Жетпісбаев әңгімелеп берген еді. Біз әдеттегідей күнделігімізге түртіп алғанбыз. Ендігі сөз сол жайында.
Жекен қарттың естелігі
Нұрмолда Алдабергенов қаршадайынан еңбекке араласты. Ол бір қилы да қиын заман еді. Шопандықтың шекпенін шешіп, әкемнің інісі Тәтібек Жетпісбаев екеуі Түрксіб теміржолының құрылысына атсалысады. 1927-1930 жылы Тұрар Рысқұловтың ықпалымен Орталық Азияға, Батыс Қытайға, Батыс Моңғолияға, Батыс Сібірге даңғыл жол ашқан Түрксіб теміржолы ашылды. Ашылу салтанатына арнайы келген Тұрар Рысқұлов Нұрекең мен Тәтібек ағаға қажырлы еңбегі мен жауапкершілігі үшін алғыс хат табыстайды. Одан кейін ісіне адал, еңбекқор жігіт Шұбар ауылына келеді. Ә дегенде жай колхозшы болады. Кейін көзге түсіп, халықтың ақ батасымен колхоздың басқарма бастығы болып сайланады. Жоғары қызметке жайғасқан соң ауылдың мәртебесін көтеруге білек сыбана кіріседі. Алыстағы менің ата-анамды қасына алады. Ол кезде мен небәрі 1 жаста екенмін. Ауыл халқы еңсесін көтеріп келе жатқанда Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, майданға аттанады.
Маңдайына жазғаны шығар, менің әкем Тәти Жетпісбаев соғыстан қайтпай қалады. Тәтібек ағаның жараланбаған жері жоқ, бір аяғын беріп келеді. Ал Нұрекең аман-сау оралып, елдің қалауымен жаңадан құрылған Жаңаталап колхозына басшылыққа келеді. Арада біраз уақыт өткен соң 1950 жылы «Қызылту», «Жаңаталап», «Жаңалық» деген үш колхозға қосылып, Сталин атындағы колхоз құрылады. Ауыл шаруашылығы саласының көшбасшысы атанған Нұрекең жаңа колхоздың басшысы болып тағайындалады.
Сонымен жаңа колхоз өркендеп, табысы жылдан жылға молая түседі. Елдің ынта-жігері артып, жұмысты беріле істейді. Сол уақытта қарапайым халықтың жағдайы едәуір жақсарып қалған еді. Нұрмолда аға ауылға «ГАЗ-51» жүк көлігін алдырды. Оның біреуінің тізгінін маған ұстатты. Қуанышымда шек болған жоқ. Дегенмен де артылған міндет өте ауыр. Малшыларды қыстауға тасу, көмір әкелу маған жүктелді. Жол ауыр, алай-түлей боран жиі соғады. Таудың баурайында жүру оңай шаруа емес. Бірақ мойыныма алған міндетті абыроймен атқардым. Ол кісі ешкімнің ақысын жемейтін. Еңбегімнің өтеуі ретінде «Победа М-72-нің» тізгінін ұстатты.
Ел айтқандай өзі сондай жансебіл жан еді. Таң алагеуімдеп келе жатқанда фирма жақтан дауысы саңқылдап естіледі. Қызылша дақылына аса зор көңіл бөлді. Соның нәтижесінде 1948 жылы алғаш рет «Еңбек ері» атағын алды. Колхоздың бір жылғы табысы 2 млн сомнан асып, колхоз мүшелерінің айлығы өсті. Көше бойына қалай болса солай салған соқпа жер тамдардың орнына жаңа, еңселі шатырлы үйлер тұрғызуды ұйымдастырды. Ол үшін ауылдың бас жобасын өз қолымен сызды. Көшелер, ғимараттар, бау-бақша түгелімен сол жобада қамтылды. Қазір ойлап отырсақ, жақсы сәулетші, білгір құрылысшы болған екен.
Бір қызығы, кісі жатырқамайтын, бәрін бауыр тұтатын. Қасынан білгір маман Гайдер Эвалт деген неміс қалмайтын. Сонымен ақылдаса отырып, біршама шаруаны жүзеге асырды. Көргендердің айтуынша, үй мен үйдің арасын өзі адымдап өлшеп шығады. Қаражаты бар отбасыларына «үйіңді өзің сал, құрылыс материалдарын тауып береміз» десе, кедей шаруаларға колхоз қорынан несие берді. Осы тәртіппен жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беріп, колхоздың келбеті жаңарды. Бұған қоса елді мекендерге бау-бақша егу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сонау шет жақтан жеміс ағаштарының көшеттерін әкеліп, үйді-үйге үлестірді. Ауылдың жасыл желекке орануына тікелей ықпал етті.
Жеке құрылыстарымен қатар 150 киловаттық күші бар электр стансалары, толық механикаландырылған сауын сиыр фермасы, мал қоралары, астық қамбалары, екі қабатты орта мектеп, жиырма бес төсектік емхана, дәріхана, балабақша, сәбилер үйі, әр бригада да клуб, наубайхана т.б құрылыстар жүргізілді. Бұлардың бәрі колхоз табысының есебінен салынғанын ескерсек, 11 жыл ішінде маңдай терін төккен Нұрмолдадай дара тұлға халық армандаған тату-тәтті өмірді көз алдымызға әкелді. Шұбар елді мекенін гүлдендіріп, шағын қалаға айналдырды. Жетісудың осынау кішігірім колхозына алыс-жақын шетелден, одан бері Одақ көлемінен ат ізін салмаған адам жоқ шығар. Келген қонақ ағаның еңбегіне тамсанып, барған жерде мақтанышпен әңгімелеп отырады екен.
Бірде ауылға жоғары білімді инженер керек деп болашағы бар-ау деген жастарды шетімізден қалаға аттандырды. Анаммен ақылдасып, оқуға баруға келістім. Жалғыз қызы Күлән екеуміз Алматыға жол тарттық. Қара жұмыспен жүріп әбден қарайып қалсам да бағыма орай мехфакқа оқуға түстім. Әйтсе де мен оқуда жүргенімде Нұрекең қызметінен босады. Өзбекстанда «Политотдел» колхозының басшысы Тұрсынқұл Хамрақұлов 3 мәрте Еңбек Ері атанған. Біздің қазақ та Нұрекеңе 3 жұлдыз алып бермек оймен құжаттарын реттеп Мәскеуге жібереді. Мұны естіген көрсеқызарлар тосқауыл жасап, соңына түседі. Сол кезде Үкімет басында Хрущев, ал бізде Юсупов деген болған. Ашығын айтқанда Нұрекеңе ешкімнің жаны ашымады. Арыз ұйымдастырып, бәлесін жапты.
Жазғы демалысқа шыға салысымен ауылға тартатын әдетім. Үйге келсем анамның қабағы салыңқы. Ауыл жұрты дүрлігіп жатыр екен. Ағаны қызметтен шеттеткеніне халық қапаланып жүр. Дастарқаннан дәм татпай бірден сәлем беруге бардым. Нұрмолда аға қуанып қалды. Ертесіне Шахан Сасықбаев пен Қапал Байғабыловты алып сапарға шықтық. Қызметтен кетуінің себебін білгісі келіп, іште күйзеліп келеді. Жолда Малайсары баурайында жатқан әке-шешесінің бейітіне тоқтап, Құран бағыштадық. Кеш батпай алып шаһарға жеттік. Алдымен жезайыр жазушы Сәбит Мұқанов шаңырағына жайғастық. Одан өтіп атақты геолог Қаныш Сәтбаевпен жолықты. Ол кісі ағаға басу айтып, кейін бәрі орнына келетініне сендірді. Шынымен, көп ұзамай Юсупов мінберден құлағаннан кейін, даңқты тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың өзі келіп, Мұқырыға бастық қылып сайлады. Сол топыраққа табаны тиген соң араға екі жыл салып мәңгілік мекеніне аттанды.
Нұрмолда ағаның тағы бір ерекшелігі – ешкімді алаламайтын. Соғыстан кейін ауылға чешендер, корейлер, поляктар ағылып келді. Соларға барынша қол ұшын беріп, бауырына басты. Барлығын үймен қамтамасыз етіп, ауыл жұрты бір атаның балаларындай берекелі күн кешті. Неміс маманы Казишкин Йонникті орынбасары етті. Леонид Александровичті экономист, Борис Развицкийді бас агроном қызметіне тағайындады. Поляк Бория Франсовичті механик, Микайл Маркович деген еврейді экспедитор қылды.
Қанша үлкен қызметте жүрсе де Нұрекең кішкентай балаларды қатты жақсы көретін. Өзі соққан клубтың қасынан соларға арнап демалыс аймағын жасады. Сол маңдағы ойпаңдау жерге су жиналып, қалың шөп шығатын. Ауыл балалары көк майсаға күресіп ойнайды. Бір күні аға жолшыбай соққанда бәріміз қорыққанымыздан тұра қаштық. Шақырып алып, бәрімізді қайта күрестірді. Жеңгенімізді тізесіне отырғызып аймалайды. Ондай сәтте балалар чемпиондық атақ алғандай асыр салатын. Жеңілгендеріне жігер береді. Кейбір сотқарлар сол сәтте әкесінің кіммен ішкенін, анасына тиіскенін баяндап береді. Содан үлкен жиналыс өткізіп, әкелерін сөзбен сояды. Осылайша, ел алдындағы адамдық борышын адал атқарды.
Бұл – Нұрмолда Алдабергеновтің шарапатын көрген Жекен қарттың естелігі. Тыңдап отырып, таңдай қағасыз. Ер есімі Жетісу елімен бірге жасай бермек. Қарымды қаламгер Құттыбек Баяндиннің «Нартұлға» романындағы тауанды тұлғаның «ауырсам ажалдан қорықпаймын, колхоз бөлек-бөлек болып кете ме деп уайымдаймын» деген бірауыз сөзі елге деген сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі іспетті. Өкінішке қарай, оның айтқаны айдай келді. Бүгінде сол алып тұлғаның көзіндей болып қалған зәулім ғимараттардың жұмыс істеп тұрғаны азын-аулақ. Қара жерді шаруалар жеке-жеке бөліп алды. Әйтсе де Нұрмолда атамыздың өнегелі ісі ел жадында. Қадірі қүн санап артып, беделі биіктей түсуде.
Ауылында тұрғызылған ескерткішінің тап алдында «Ескелді, Балпық аруағы қолдасын, Сонда сен Нұрмолдадай боласың» деп жазылған осынау ыстық тілекті оқығанда жүрек толқиды. Асқар таудың алыстан еңселі көрінетіні секілді атамыздың да биік бейнесі күн өткен сайын аспанмен астасып барады. Тірлігінде туған жерінің туын жықпай төбеге көтерген, аянбай еңбек еткен есіл ердің асыл арманы ақиқатқа айналуда.
Жетісу облысы