Білім • 15 Тамыз, 2022

Ротация сапаны арттыра ма?

478 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Павлодар облысында бір орында көп отырып қалған білім беру ұйымдарының басшыларын алмастыру шарасы басталып кетті. 25 тамыздан бастап жалпы саны 23 орта мектептің директорлары өзге мекемелерге жіберілмек. Мамандардың пікіріне қарағанда, басшыларды алмастыру – өте тиімді өзгеріс. Жаңа жерге жіберілген адам жаңа леп, жаңа жоба-жоспарларымен баратыны анық. Ал бұл өз кезегінде кейбір ұжымдардағы қалыптасып қалған қасаң жүйені бұзады.

Ротация сапаны арттыра ма?

Жалғыз мектебі бар ауылдар қатыспайды

Бүгінгі таңда Павлодар облысының аумағында 359 мектеп бар. Облыстық білім беру басқармасының жанынан құрылған ротация жөніндегі комиссиямен білім ордаларындағы директорлардың ұсынылған портфолиолары толықтай сүзгіден өткізілген.

– Нәтижесінде, облыстағы 4 ауылдық, 19 қалалық мектептің басшыларын алмастыру туралы шешім қабылдадық. Түсініктірек болуы үшін айтып өтейін, ең әуелі министрліктің «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау» туралы № 559 бұйрығына сәйкес кадр қызметімен ротациялауға жататын бірінші басшылардың тізімі жасалады. Кейіннен қызмет тиімділігінің көрсеткіштері бойынша ротацияға жататын әрбір басшыға электронды портфолио әзірленіп, комиссия қарауына ұсынылады. Директордың қызметіне баға беру барысында басшылық еткен ұйымдағы оқу-әдістемелік және тәрбие қызметінің сапасы, оқушылардың білім деңгейі ескеріледі. Әрі ротация бір әкім­ші­лік-аумақтық бірлік шегінде жүзеге асырылады, – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Өңір бойынша бүгінде 315 мектеп директоры жұмыс істеп жатыр. Олар­дың 120-сы – ер, өзгесі – әйел адамдар. Ал ротацияға жататындардың 18-і – нә­зік жандар. Бұл жағдай жалпы мектеп дирек­торы лауазымында ұзақ жыл отыр­ған­дардың басым бөлігі әйелдер екенін аңғартқандай.

Самал Оспанқызының пікіріне қара­ған­да, басшылардың ауысуы өте тиімді тәжірибе болмақ. Жаңа жерге барған мектеп директоры үшін ұжымда өзгеріс­тер енгізуге және басшының қызметтегі тиім­ді­лігін арттыруға мүмкіндік бар. Екін­шіден, өз талабын ала барған жерде білім беру қызметтерінің сапасы артатыны сөзсіз. Үшіншіден, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжіри­бе­сін тиімді пайдалану көзделуде. Әрі соңғысы бұл өзгеріс директорлардың бас­қа­рушылық біліктілігін кәсіби дамы­туға және жетілдіруге түрткі болады деп кү­тілуде.

Жалпы алғанда өңірдегі орта оқу орындары басшыларының орташа жасы – 48 жас. Талапқа сүйенсек, бір орында 7 жыл отырған басшылар міндетті рота­ция­лауға жатады. Ал бір мекемеде кемі 4 жыл қызмет атқарғандарға ауысу туралы ұсыныс жасалады. Еңбек заңнамасына сәйкес зейнетке шығуына 2 және одан да аз жыл қалған басшылар ғана ротация­лаудан босатылады. Дегенмен бұйрық­тағы өзгерістерді қолдану мүмкін емес жағдайлар да бар. Соның ішінде бір ғана білім беру ұйымы бар ауылдық елді мекендерде бұл жүзеге асырылмайды деген талап сақталады. Кейбір әкімшілік аумақта 2-3 мектеп орналасқанымен, он­дағы басшылардың барлығы бірдей алмас­тыруға жатпауы мүмкін. Мәселен, Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде 3 орта білім беру мектебі бар. Мұн­дағы бір ұйымда директордың отыр­ғанына 8 жыл өтсе, тағы біріне басшының тағайындалғанына 2 жыл ғана болған. Ал үшінші мектептегі жетекшінің орны бос тұр. Ротациялау заңы бойынша бос тұрған лауазымға жоғарыда аталған, яғни 8 жыл директор болған адамды алып келіп отырғыза салуға болмайды. Оған тек конкурстық жүйемен ғана тағайындау жүргізіледі. Міне, бұл жағдайларда ротация жасалмайды.

– Ауылдық мектептер арасында ро­та­ция жасау басшылардың өз еркі­мен өзге елді мекенге көшкісі келген жағдайда болуы мүмкін. Кейбір азаматтар жасы ұлғая келе кіндік қаны тамған туған жеріне қайтып оралуды көздейтіні мәлім. Сондай кезде екі мектеп басшысының келісімі бойынша алмасуға рұқсат беріледі. Әрине, егер олардың бір орындағы «отырып қалу» уақыты талапқа сәйкес келіп жатса, – дейді басқарма басшысы.

Өзгеріс –кәсіби өсудің көзі

Облыс орталығының «Сарыарқа» шағын ауданында биыл мемлекеттік тілде оқытатын Әлихан Бөкейхан атын­да­ғы мектеп-лицейі ашылуда. Білім ордасы алғаш таза қазақ тілінде болады дегенде шаһардағы орыс тілді қауым шу ете түскен. «Оқушы санын толтыра алмайды, мектеп аралас болсын» деп қарсылық танытып, ақпараттық шабуыл жасағандар да болды. Дегенмен жергілікті білім саласының басында отырған азаматтар бұл жолы ерледі. Мек­теп мемлекеттік тілде болады деген әу бастағы шешімді өз күшінде сақтап қалды. Мұны айтып отырғанымыз, оқу ордасының дирек­тор­лығына та­ғайын­далып жатқан Ләйлә Жүсіпова да ротацияның легіне ілесіп, жаңа мектептің тізгінін ұстағалы отыр.

– 2015 жылы осы қалада № 37 қазақ мектебі ашылғанда директоры болып тағайындалған едім. Арада 7 жыл өте шығыпты. Биыл ротация жөніндегі комиссияның шешімімен ауысу туралы ұсыныс түсті. Енді Ә.Бөкейхан атындағы зәулім әрі жаңа білім ордасының тізгінін ұстағалы отырмын. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік әрі кәсіби тұрғыдан өсудің мүмкіндігі. Шынын айту керек, кейбір ұжымдарда бір орында 20-30 жыл отырған директорлар бар. Олар мектепте өз үйіндей жүргендей сезініп, әміршіл жүйе қалыптастырады. Ондай әріптестерімді өз көзіммен көрдім. Мұндай азаматтар ұзақ жыл бір жерде болғандықтан басшылық тәжірибесі өспейді, тоқырауға түседі. Ал ротациялық жүйе осындай тоғышарлық мінездің бұзылуына алып келеді деп есептеймін. Себебі қызметінің бақыланатынын, оның жауапкершілігі мол екенін әр мезгіл сайын жинайтын портфолиосы есіне түсіретіні анық. Ди­рек­тордың порфолиосы жай есеп үшін емес, ол мектепте белгілі бір уақыт ішінде жүзеге асырған жұмыстарының нәтижесі. Егер комиссияның көңілінен шықпаса, жасаған қызметінің нашар болғандығы. Ротация арқылы кейбір директорлар өз нәтижелерін өзге әріптестерімен салыстырып, кемшіліктерін түсінеді. Оны алдағы уақытта жібермеуге, орынтағы үшін күресуге жігерленеді. Осы тұрғыдан ал­ған­да бұл басшыларды іріктеудің тың серпілісі, – деп пайымдайды Ләйлә Бажқызы.

Жаңашылдық мұғалімдер үшін де тиімді. Себебі жаңадан тағайындалған басшы оқу әдістемесінің жаңа технологияларын, тың тәжірибелерді ала келетіні анық. Мектептегі ескі жүйе, қалыптасқан көзқарастар бұзылып, кәсіби тұрғыдан жаңа ойлар туындауы мүмкін. Бұл да өз кезегінде ұжымдық ахуалды түзеуге, меке­менің сапалық тұрғыдан өсуіне түрткі.

Л.Жүсіпованың педагогика саласын­да­ғы еңбек өтілі 28 жылдан асады. Ә.Бөкейхан атындағы мектепке директор болу – басшылық қызметтегі екінші кезеңі санайды. Айтуынша, математика-жара­тылыстану бағытында тереңдетіп оқы­татын білім ордасы 650 балаға шақ­талғанымен баласын қазақ тіліндегі мектепке бергісі келетін ата-аналар тым көп, қазірдің өзінде 836 оқушыға жеткен. Тек 1-сыныпқа 6 бірдей сынып жасақталып, әрқайсысында 26 баладан тіркеліпті. Бүгінде бала санының асып кетуінен оқушыларды қабылдау шарасын тоқтатуға мәжбүр болған. Ал өтініштер үсті-үстіне түсіп жатыр. Бұл көрсеткіш Пав­лодарда балаларын ана тілінде оқы­туға бейіл ата-аналардың саны өсіп келе жатқанының айқын дәлелі. Жаңа лицей бүгінде мұғалімдерді конкурстық қабылдауға дайындалып жатыр.

Сыннан өткендер қабылданады

Атап өтерлігі, қазір Керекудегі орта білім беру ұйымдарына мұғалімдерді конкурспен жұмысқа қабылдау шаралары жалғасуда. Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін мектептерге жаңадан 103 педагог жұмысқа қабылданды.

– Министрліктің 2012 жылғы 21 ақ­пандағы №57 бұйрығына сәйкес үміт­керлер конкурсқа қатысуға өтініш береді. Ол барлық жетістіктерін, нәти­же­лерін, еңбек өтілін, әкімшілік немесе әдіс­те­мелік қызметтегі тәжірибесін, курс­тық жұмысын және басқа да деректер мен бағалау парағын қоса ұсынуға тиіс. Әрбір бағыт бойынша үміткер белгіленген критерийлер мен өз ұпайларын дербес белгілейді. Ал конкурстық комиссия талапкер енгізген ұпайлардың құжат­тар­ға сәйкестігін тексереді. Содан соң қорытынды ұпай мөлшерін бекітеді. Нәтижесінде, бос орынды ең көп ұпай жинаған педагог иеленеді. Сонымен қатар үміткер Ұлттық біліктілік тестілеу сертификатын немесе біліктілік санатының бол­уы туралы куәлікті міндетті түрде тап­­сы­руға тиіс. Техникалық және кәсіп­тік, жоғары оқу орнынан немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйым­дарын педагогикалық мамандықтар бо­йын­ша бітірген тәжірибесі жоқ канди­дат­тар біліктілік тестілеуінен сәтті өтсе, бірден жұмысқа қабылдана береді. Олар­ға «педагог» біліктілік санатын білім беру ұйы­мының аттестаттау комиссиясы білік­тілік тестілеуі нәтижесі негізінде береді. Шағын жинақты мектептерді қоспағанда, барлық бос және уақытша бос лауазымға мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізеді, – дейді Самал Айтқазина.

Өңір бойынша орыс тілі мен әдебиеті, математика пәні мұғалімдеріне қажет­ті­лік бар. Бұл мұқтаждық респуб­ли­каның өзге жоғары оқу орындарының түлектерін, оңтүстік өңірлерден жұмыс күшін тарту арқылы шешілетін болады. Мысал үшін білім басқармасы Павлодар педаго­ги­ка­лық университетімен ме­мо­ран­думға отырып, білім беру бағ­дар­ла­малары бойынша дуалды оқыту эле­менттері мақсатты оқыту негізінде жүзеге асырылмақ.

Атап өтерлігі, аймақ бойынша Ұлттық біліктілік тестін (ҰБТ) тапсыруға болатын екі орталық бар. Оның бірі Павлодарда болса, екіншісі Екібастұз қаласында орна­­ласқан. Биыл оқуын жаңадан тәмам­дағандар тест сұрақтарының өте қиын екенін айтады. Сынақтан жеткілікті шек жинай алмай, құлап жатқандар көп. Екі бірдей мүмкіндіктен де таулары ша­ғылған жас мамандар үшін жуықта жағымды жаңалықтың құлағы қылтиды. Енді олар сынақты тегін түрде қосымша бірнеше мәрте тапсыра алады.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар