Спорт • 16 Тамыз, 2022

Жарыс қызған шағына жетті

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияның Конья қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақ­тастығы ойындары нағыз қызған шағына жетті. Кеше қоржы­нымыз тағы бірнеше жүлдемен толықты.

Жарыс қызған шағына жетті

Кеше бізді көркем гимнасшы Елжана Таниева қуантты. Ол доп­пен жасала­тын жаттығуда ал­дына жан салмай, алтыннан алқа тақ­са, шығыршық пен тас­па­да қола медальды мойнына ілді. Ал содан бір күн бұрын ғана Елжана мен Айбота Ертайқызы коман­далық көпсайыста үздік үш­тік­ті түйіндеген болатын. Құра­­мында Сағина Мұратқызы, Айсұлу Мырзағалиева, Рената Жол­­динова, Ару­жан Қасенова, Айда­на Шаяхметова және Әсел Шүкір­бай бар қазақстандық гим­нас­­шылар бес шеңберлі жат­тығуда қолаға қол созды.

Ауыр атлетикадан өткен жа­рыс­­та қоржынымыз тағы екі күміс ме­даль­мен толықты. Ол жүлденің ие­гер­лері – Арай Нұрлыбекова (76 кило) мен Айша Омарова (81 кило).

Исламиадада жүзушілеріміз де табысты өнер көрсетуде. Кеше Анадолы елінде Қазақстанның Әнұраны екі мәрте шырқалды. 100 метрге баттер­фляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин 53.20 секунд уақыт көрсетіп, бас жүл­дені қанжығасына байлады. Қандасы­мыз түркиялық Үміт Жан Гюрес пен өзбекстан­дық Эльдорбек Усмоновты басып озды. София Әбубәкірова да алтын медальды мойнында жарқыратты. Ол дәл осы тәсілмен 50 метрлік қашық­тық­ты 27.17 секундта жүзіп өтті. Екінші және үшінші орындарды әзербайжан­дық Мариям Шейхализаде мен түркия­лық Алина Өзкан иеленді. Шалқалай жүзуде Ксения Игнатова қола медальды еншіледі.

Дүйсенбіге дейінгі жағдайға зер салсақ, Қазақстан құрамасы 16 алтын, 15 күміс және 26 күміс медальмен жалпы есепте әлі де бесінші орында келеді. Барлығы – 57 жүлде. Алдымызда – Түркия (79 алтын+73 күміс+57 қола), Иран (32+24+38), Өзбекстан (27+24+35) және Әзербайжан (18+22+18) құрамалары.