Қоғам • 16 Тамыз, 2022

Үздік құрылысшылар марапатталды

731 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда төрінде қиын да қажырлы еңбек иелері төл мерекелерін атап өтті. Жыл сайын еліміз бойынша үздік құрылысшылардың басын қосатын дәстүрлі салтанатты кеш биыл да Қазақстан құрылысшылар одағының ұйымдастыруымен өтті.

Үздік құрылысшылар марапатталды

Еліміздің түкпір-түкпірінен 40 құры­лысшы шақырылып, олардың ішінде 5 құ­ры­лысшыға – «Қазақстанның құрметті құ­ры­лысшысы», 30 құрылысшыға – «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы мен төсбелгісі тапсырылды, сондай-ақ атал­ған саладағы 7 маман Қазақстан құры­лыс­шылар одағының алғыс хаттарымен және кә­сіби аталымдарымен марапатталды. «Еңбек сіңір­ген құрылысшы» құрметіне 30 маман, ал қалған номинацияларға қарапайым жұмысшылар ие болды. Сонымен қатар елеу­лі еңбектің насихатталуы үшін «Құрметті про­раб», «Құрметті кран машинисі», «Құр­мет­ті шебер» номинациялары бойынша да төс­­белгілер өз иелерін тапты. Қазақстан құ­­ры­­лысшылар одағы еліміздің басқа өңір­ле­рін­дегі құрылысшыларды да назардан тыс қал­дырмады. Республика бойынша 40 наг­рада мен алғыс хат аталған іс-шараға ке­ле ал­маған өңірлердегі құрылысшыларға жолданды.

«Құрметті құрылысшы» атанған Мирам Бай­диль­дин, Сейфулла Жаңабаев, Серік­бай Омарқас, Теміралы Өтемұрат және Сер­гей Трапезников ел экономикасының күре­тамыры құрылыс болғандықтан, әріптес­терінің еңбегі қандай бағаға да лайықты екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда бұл одаққа осы саладағы 1 200-ден астам кәсіпорын сенім артып, олардың 250 мыңнан астам мүшесін қамтып отыр. Одақтың басты мақсаты – бизнесті дамыту. Өйткені құрылыс ел экономикасының дамуына әсер ететін жетекші салалардың бірі болып саналады.

Салтанатты жиында еліміздің бетке­ұстар қоғам қайраткерлері, спорт шеберлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Кештің көркін ұлттық нақыштағы саз аспаптар ансамблі мен басқа да сахна шеберлері кіргізе түсті.

Құрылысшылар одағының төралқа төрағасы Талғат Ерғалиев алдағы уақытта жас жеткіншектерді Қазақстан бойынша аталған еңбек түріне баулуға тың жоба дайындап жатқанын жеткізді. Келешек жастардың қолында екендігін ескерсек, еліміздің сәулет өнерінен күтетін үміт зор. Құрылысшы мамандығы – қырағылық пен шеберлік, талант пен талғамды талап ететін елеулі мамандықтардың бірі де бірегейі. Құрылысшының қолтаңбасы қалған ғимараттар – сол қоғамның өмірінен сыр шертетін ерекше дереккөзі десек артық емес.

– Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ал­дағы жеті жылда тағы 10 миллиондаған пә­тер тапсыру қажет. Сондықтан еңбек ауқы­мы өте үлкен. Бұл жас ұрпақты аталған са­­ла­­ға тәрбиелеп, құрылысқа қажетті жас ма­­­ман­дарды оқытуды, мамандықтың таны­мал­дылығын, еңбекке деген құрметті арттыруды қажет етеді. Себебі аптапта да, аязда да құрылыс еш тоқтамауы тиіс. Біздің ұйым қазір осы мәселемен шұғылдануда, – деді Т.Ерғалиев.

«Атамекен» ҰКП Төралқасының Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құры­лыс комитетінің төрағасының мін­детін атқарушы Ирина Манжанова жарты ғасыр­дан астам уақыт атап өтіліп келе жатқан құры­лысшылар күні еңбек әулеттерінің мере­йін өсіретінін, қазіргі пандемия, эконо­ми­калық дағдарыстарға қарамастан отандық құрылысшылар аталған саланы алға жетелеп келе жатқанын атап өтті.