Ұлы Отан соғысы адамзаттың есінде мәңгі қалады. Адамдарға қасірет әкелген бұл соғыста Ұлы Жеңіс жолында қаншама боздақтың өмірі қиылды десеңізші. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің деректері бойынша, облыстан майданға алынған 2,5 мың милиция қызметкерінің тек 440-ы елге оралыпты. Қазір солардың арасынан ғұмыр бойы құқық қорғау саласында еңбек еткен бес Ұлы Отан соғысының ардагері қалыпты. Ақтөбелік полицейлер Ұлы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында өздерінің Ұлы Отан соғысының майдандарында ерлікпен соғысқан ардагерлеріне құрмет көрсетуде. Облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесі ұйымдастырған «Ерлік сабағы» атты кездесуге әзірге көзі тірі бес майдангердің екеуі және бір еңбек майданына қатысушы келді. Олар облыстық ішкі істер департаментінің мұражайында жас полицейлермен және заң институты тыңдаушыларымен кездесіп, майдан жолдарынан естеліктер айтты.
Қан қасап майдан жолдарынан өткен Жұмай Әлішев фашистік басқыншылардан Киев, Варшава, Прага, Вена қалаларын азат ету ұрыстарында жан алып, жан беріп шайқасты, Берлинді алуға қатысты. Ол ең алғаш зеңбірекші ретінде Курск иінінде немістермен бетпе-бет келіп, ұрысты. Майданда үш рет жараланды. Майдангер соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы зейнеткерлікке шыққанша құқық қорғау органдарында жұмыс істеді.
Михаил Диденко майданға 1944 жылы алыныпты. Он жеті жастағы бозбала 5-екпінді армия құрамында пулемет тобының командирі болып соғысты. Алғаш рет ұрысқа Минск түбіндегі Зват деревнясы үшін болған шайқаста кірді. Вилньюсті фашистерден босатуға, Кенигсбергті алуға қатысты, жеңісті Пилау портында қарсы алды.
Жыл санап майдангерлер қатары сиреп барады. Сондықтан олардың әрбір кездесуі жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал жасайды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.