08 Мамыр, 2014

Ерте есейткен ерлік

500 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
женис-70Бүгінде 90-ның асқарындағы соғыс ардагері Камали Дүйсенбеков 17-де майданға аттанған-ды. 19 және 20 жасында атақты «Даңқ» орденінің үшеуі бірдей берілген жігіттің дәрежелері қайталанбайтын орденнің ІІ дәрежесімен екі мәрте марапатталуы, біреуі жиырма жылдан соң иесін табуы сирек жайт. Шындығын айтқанда, әңгіме етпек бұл адаммен біраз жылдан бері жүзтаныс болсақ та ауық-ауық еске түсіруі болмаса, кешегі күндей күркіреп өткен соғыстағы ерен ерліктері туралы біле бермеуші едік. Мерейлі мерекелерде, үлкен салтанаттарда әйгілі «Даңқ» орденінің үшеуін кең кеудесіне тағып шығуында таңырқатып, сүйсінтіп, жете білуге қызығушылық ақы­ры соған тартты. Алдымен мынадай жайды айтып алайық. Қатардағы жауынгерлердің қаһармандығын айрықша марапаттауға арналған Кеңес Одағының Батыры атағына тең мұндайлық мәртебелі құрмет ердің еріне ғана көрсетілгені мәлім. Бүгінде 90 деген асқаралы жасқа толғалы отырған батыр қарттың қаз-қалпындағы нар тұлғасы үшеуінің де төсінде қатар жарқырауымен одан сайын тұлғаланып, үлкен-кішінің бәріне мақтаныш туғызып тұруы бөлек бір шуақ. Қарағандылықтарға жақсы танымал, өмір жолы жеке аңыздай, кісілік келбет, азаматтық қалпымен де, ойға кемел, ақылға бай болмысымен де қадірлі осы жан – Камали Дүйсенбеков атамыз жазылу жағынан еш кемістік көріп жүрген жоқ. Алайда, аймақтан аспай, жалпақ елге таныла қоймауы да шындық. Ол сонау сұрапыл соғыстың өңірлік майдангерлері ішінен «Даңқтың» ІІІ және ІІ дәрежесінің екі рет иегері атанған небәрі бесеудің жалғыз көзі қазір. Негізінде дәрежелері қайталанбайтын бұл орденнің екеуімен бірдей марапатталуы от-жалын қарбаласында құжаттарды дайындаудағы асығыстық па, әлде толты­рушының жекебас ағаттығы ма, әйтеуір бір кінәраттық болған сияқты көрінеді. Әйтпесе, ІІІ пен ІІ-ден кейінгі кезек І дәрежесіне тиюі керектігі ережеге сәйкес қағидат болатын. Ал ІІ дәрежесінің екіншісін арадағы жиырма жылдан соң алуы да қызық жайт. Әңгіме басы былай. Ерте есейткен ерлик

Бозбала жауынгер

Бұл күндегі жас ұрпаққа сенгісіздей жайт шығар, 17-де майданға аттанған Кәмекең алыстан от шашқан айқастың қайнаған қазанына бозбала дерлік шағында тап болыпты. Жасқа, шамаға қаратып жатар уақыт па, асығыс-үсігіс жаттықтырудан соң Сталинград түбіндегі жан алысып, жан беріскен шайқастар бел ортасынан бір-ақ шығады. Шыққанда, жаудың анау-мынау оқ өтпестей ауыр танкілерін жақын жерден, ұрымтал тұстан талқандайтын арнаулы жасақтың атқышы ретінде ұрыстың дәл алғы шебіне қойылады. Жан-жақтан жөңкіліп, жолдағысын таптап, аузынан ажал бүркіп ішке өңмендеуші темір құрсаулы техника күшіне тосқауыл қою, арттағы жаяу әскер арасына қайткенде өткізбеу қатаң міндет болатын. Адам мен танкінің осындай жекпе-жегіне жіберілген өрім жас ересек қа­ру­ластарын таңдай қақтырып, ерлік әрекеттерімен танылады. «Батыр қара бала» атанады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» деген тектен-текке айтылмағанына көзі жетіп, талай қан-жоса қырғыннан аман қалады. Сталинград түбіндегі сансыз шайқас­тар ішінде Котельникова теміржол стан­­сасын босату үшін қатысуы жап-жас жігіттің қандайлық майдан жолы­нан өткенін байқатады. Өйткені, бұл екінші дүниежүзілік соғыс тарихында қалған айқас екенін білеміз. Тоғыз жол торабын қолдан шығарғысы келмей танкілеріне арқа сүйенген жаудың мысын басып, шегінуге мәжбүр етуші­лер тобында 2-екпінді гвардиялық ар­мияның 111 ат­қыштар дивизиясының 77-полкіндегі Кәмекең қарамағындағы әрдайым шепті бұзып өту өтіндегі арнайы рота көзге түседі. Қаруластары іші­нен «Сталинградты қорғағаны үшін» медалін алғаш алушы­лардың бірі бо­луы ерліктің жас талға­майтындығын танытқан еді. Содан ақ қар, көк мұзда басқын­шыларды Дон өзені бойымен қуалап Ақсай, Новочеркасск қалаларына дейін қуысады. Әкесі ерте қайтыс болып, ауру анасы мен шиеттей қалған інілерін асырау 13 жасынан мойнына түсіп, қиындықтың бір сынағын бастан кешкен балаң жігіт майданда тез есейіп, тез шыңдалып бұл кезде қайсар, тәжірибелі жауынгер ретінде белгілі бола түскен-ді.

Бірінші «Даңқ» ордені

Әрі қарай жалғасқан майдан жолдарын шолсақ, Донецк, Ворошиловград, Херсон, Каховка сияқты стратегиялық маңызы зор қалаларды жау қолынан босатудағы айқастардың бел ортасында болғаны білінеді. Қазір де кей түндерде түсіне кіріп, терге малшынып, шошынып оянатын сол ұрыстар елесін еске алу қиын ақсақалға. «Өмірдің жақсысын да, жаманын да көрдік. Еліміз тыныштығы аясында бақытты тұрмысқа бөленіп, қариялық жасқа жетіп отырғаныма тәубе деймін», дейді ол. Сөз орайында «Даңқ» ордені біріншісін тұңғыш алуы жайын сұрадық. Оқиға сыры былай екен. 1943 жылдың көктемінде Херсон қаласын азат ету үшін кескілескен шайқастар басталады. Мұндайда қашанғыдай шабуылдың алдында жүріп, танкілер мен зеңбіректерді жоятын бұлардың атқыштар тобы қорғанысты бұзып-жарып өтуге жол ашады. Солардың қатарында қаншасын жойғанын есіне алмағанмен ерен ерлік қимыл көзге түспей қала ма, дивизия қолбасшылығы әскери жоғары марапатқа ұсынады. Көп уақыт өтпей ұрыстар арасындағы сәл саябыр кезінде бүткіл құрам көзінше әр жауынгерге аса қадірлі саналатын «Даңқ» орденінің ІІІ дәрежесі кеудесіне тағылады. Тапсырылушының мұрты енді ғана тебіндеп, жұқалаң денесі енді ширыға бастаған жігіт екенін көрушілер жас та болса бас қарулас болып танылуына ризалықтан құшаққа алып, кеуделеріне қысқандағы сәтті Кәмекең өміріндегі ең қымбаты санайды. Қарасаңыз, сонда бар болғаны 18-ақ жаста екен. Біз осындай шақта аталған атақты орденмен сол кездегі армияда кімдер марапатталғаны туралы мәлі­меттерді іздестірген едік. Соған сү­йенсек, саусақпен санарлықтай ғана болып шықты. Соның бірі – Камали Дүй­сенбеков. Бұл әке-аталарымыздың жастай суырылған жауынгерлігін дәлелдейтін дерек деуге болады.

 Екінші «Даңқ» ордені

Кәмекенің майдан жорықтары ылғи бір шиеленіскен шешуші тұстарымен тұспа-тұс келуі де айтып өтерлік жайт. Сталинград үшін шайқастардың дем-дүбірі басылмай жатып, басқыншылардан Қырым түбегін азат етуге қатысуы со­лардың бірі. Соғыста әр төбенің, әр биіктің, әр мекеннің стратегиялық ма­ңызы бір-бірінен кем еместігін ескер­геннің өзінде, ертеден әйгілі «Түрік бекінісін» алудағы қиян-кескі ұрыстар ортасында болуы қандайлық сын десеңізші. Ұзындығы 30-40 шақырым, қазылған ор тереңдігі 25 метр қорғанға бекінушілер берекесін әуелі әдеттегідей атқыштар тобы қашырып, талқандалғанда осы қазақ жігітінің ерліктері тағы алысқа жетеді. Евпатория, Севастополь қалалары бағыттарына шүйілген шабуылдарда оның жаңадан жасақталған тосыннан әрі шұғыл қимылдайтын арнайы жасаққа кіргізілуі де жайдан-жай болмайды. Сөйтіп, Севастопольді қолға көшіруге ақырғы қиын бөгет Сапун тауын қайткенде бермеуге жанталасқан жаудың айылын қайтару үшін құрылған шегінуге де, тұтқындалуға еркі жоқ топпен бірге ай бойы күндіз-түн демей толассыз айқастар өтінде жүреді. «Батырға оқ дарымайды, батылға жау жоламайды» делінген емес пе, бұл қырғыннан да аман шығады. Бір күні дивизия штабына шақы­рылады. Мұның алпамсадай балуан денелі тұлғасына сүйсіне көз тіккен генерал Терехин «Даңқ» орденінің үшінді дәрежесін өз қолымен кеудесіне тағады. Арадағы бір жылда екіншісі омырауында жарқырай қалғанда 19-ақ жаста еді.

 Үшінші «Даңқ» ордені

Ал осы орден туралы әңгіме бө­лектеу. Бөлектеу болғанда, сөз басында айтылғандай жайдан басқа, кезінде Жарлық бойынша белгіленгенмен иесін 20 жылдан соң тапқаны қызық оқиға. Ордендер мен медальдардың, тіпті Кеңес Одағының Батыры «Алтын жұлдызы» өзінің нақты тиістілі азаматтарын соғыстан біраз жылдардан соң тауып, тапсырылуы сирек емес жайт екені белгілі ғой. Тап мұндай кешігіп табысу Камали ағамыз басында да кездесіпті. 1944 жылы Қырымды жаудан толық босату үшін шайқастардың бірінде оң жақ иықтан ауыр жарақаттанады. Иркутскідегі госпитальда емделіп, оңа­лып шыққан соң туған елге оралады. Үйленіп, тұрмыс түзеліп, жоғары лауазымды қызметтерге көтеріліп, өмір өз жөніне түседі. Бірақ бастапқыда дала госпиталында жатқанында командир­лерінің: «Сені «Даңқ» орденінің тағы бір дәрежесіне ұсындық. Ортамызға оралма­саң ұмытпа» деген сөзі әредік құлағын жаңғыртпай тұрмайды. Олай болса неге іздестірмеске деп бекінген оймен тиісті орындарға хат жолдайды. Екі-үшеуіне мардымды жауап болмаған соң қажетті құжаттар жіберілмей, не жетпей қалған шығар деген дүдәмалмен ұмытыла бас­тайды. Дегенмен, өтініші елеусіз қал­мапты. «Даңқ» ордені ІІ дәрежесінің қайта сол дәрежесі арадағы жиырма жылдан кейін кеудесіндегі екеуінің қатарына қосылады. Басқа да жауынгерлік ордендер мен медальдар қоса тағылғанда Кәмекеңнің құшақ толғысыз омырауына сыймай кетеді. Оның әрқайсысының өзі бір-бір әңгіме. Әйткенмен, әттең әлде бір ағаттықтар болмағанда «Даңқтың» І дәрежесі жарқырап жүрер ме еді деп ойлайсың. Батыр ақсақал ортамызда жүргенде тиісті орындар әділдіктің орнына келуін іздестірсе әлі кештігі жоқ қой. «Даңқ» ордені үшеуінің иегері ардагер ақсақал Камали Дүйсенбеков өмірінің бүгінгілерге беймәлім бір қыры міне, осындай. Білгенге үлкен өнеге. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.
Соңғы жаңалықтар