08 Мамыр, 2014

Ардагерлер құрметке лайық

741 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жеңіс күні мерекесі қарсаңында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара өткізді. IMG_0300 DSC_0153 Мұндай шараны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жыл сайынғы дәстүрге айналдырып отыр. Сон­дай-ақ, бұл тек Астанада ғана емес, еліміздің басқа да мұнайлы өңір­лерінде өткізілмек. Елордада өткен салтанатты жиынға астаналық 100 ардагер қатысты. Кездесуге сонымен қатар, ұрпақтар жалғастығын үзбеу мақсатында республикалық «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеле­нушілері де шақырылды. Қарттарға мерекелік түскі қонақасы беріліп, концерт қойылды. Әскери тақырып­тағы музыкалық-по­э­тикалық қойы­лымдар орындалып, би биленді, ән шырқалды. Қарттарды қызыл кілем үстінде қарсы алып, сыйлықтар үлестірілді. IMG_0210Салтанатты шараны «ҚазМұнай­Газ» ұлттық компаниясы» акцио­нерлік қоғамының Адам ресурс­тарын басқару және еңбекақы жө­ніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов ашып, ардагерлерді мерекелерімен құттықтады. Оларға қан майдан мен еңбектегі теңдесі жоқ ерліктері үшін шын жүректен алғысын білдірді. «Ұлы Отан соғысының тарихы әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Қаншама тарихи еңбектер, кітаптар жарық көріп жатса да, әлі талай жазылатын деректер көп. Оның бәрі жазылуға тиіс. Ал сондай еңбектердің кітап болып шығуына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы үнемі өз үлесін қосып келеді. Мұнайшылардың тылда, майданда көрсеткен еңбектері мен ерліктері жайлы жазылған талай кітапқа демеушілік көрсетті. Жалпы, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қамқорлық жасауды компаниямыз ерекше назарда ұстайды. Олар қандай сый-құрметке де лайық. Біз алдағы уақытта мұндай демеу-қолдауды жалғастыра береміз», деді С.Әбденов. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты шараға Рес­пуб­ликалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қатысып сөз сөйледі. IMG_0183«Алдағы жылы біз Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ал қазір елімізде 6300-дей ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Олардың көбі денсаулық жағдайына байланысты төсекке таңылған. Ардагерлерге құрмет көрсету баршамыздың, биліктегілердің, бизнес өкілдерінің, ұлттық компаниялардың алдында тұрған басты парыз, міндет деп есептеймін. Себебі, ол адамдардың өмірі от пен судың ортасында өтті. Қар төсенді, мұз жастанды. Олардың алдында тек бір мақсат тұрды, болашақ ұрпақтың бақытты өмір сүруі үшін жанын беруге дайын еді. Қазақстанның соғыстағы адам шығыны ерекше болды. Қан майданнан 600 мың отандасымыз оралмады. Сондықтан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету, Жеңіс күнін атап өту біздің ел үшін қасиетті, қастерлі дәстүр бо­луы тиіс. Бүгінде қарттарды қа­дірлеуге ұлттық компаниялар айрықша көңіл бөліп отыр. Со­ның арқасында ардагерлерге қол­дау күшейді, барынша жағдай жасалуда. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығына барлық ардагерлердің атынан алғысымды білдіремін. Біз мұнай­шылардың қамқорлығын тек Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, үнемі сезініп жүрміз», деді Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңе­сінің төрағасы Ө.Озғанбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тарапынан жасалып жатқан игі шараларға ардагерлердің өзде­рі де алғыстарын айтып, риза­шы­лықтарын білдірді. Сал­танатты ша­раға шақырылған қонақтар іші­нен бүгінде Астана тұрғыны, бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданының тумасы, соғыс ардагері Жаманқұл Үнде­месов ақсақал соғысқа барған зұлматты жылдарды еске ала отырып, майдандағы күндерін әңгімелеп берді. Ол 1943 жылы жасы 17-ге жетпей жатып соғысқа аттаныпты. «Бірден Украинаға түстім. Соғыс деген ауыр ғой, барлық суық қаруды қолданып үйрендік. Ша­буыл барысында қолдан жараландым. Алты ай емделіп жатып, соғысқа қайта бардым. Екінші рет кеудеме оқ тиді. Бұл жолы ауыр жараландым. Содан Мәскеуге барып алты ай емделіп, ота жасатып, аман қалдым. 1945 жылы елге оралдым. Елге келген соң үйленіп, балалы-шағалы болдым. 5 балам, 17 немерем, 13 шөберем бар. Қазір Астанада тұрамын. Елбасы берген үйде тұрып жатырмын. Бәріне ризамын. Құрмет-қошеметтеріне мың да бір рахмет. Менің бар тілегім – енді соғыс болмаса екен. Елде бейбітшілік болсын. Біздің көрген қиындығымызды көрмеңдер. Қайталап айтамын, ең басты тілегім – ендігі ұрпағымыз соғыс көрмесе екен», деді Жаманқұл қария. Жалпы соғыс кезінде мұнай саласының маңызы зор болғаны белгілі. Мұнайлы өңірден 42 мың адам майданға аттанса, 13 мың адам қаза тапқан. Сонымен қатар, тылда да қаншама еңбеккер елі үшін маңдай терін төкті. Мұнай саласы соғыс кезінде де стратегиялық маңызға ие еді. Өйткені, әскери техниканың бәрі мұнай өнімдерімен жүрді. Сондықтан да соғыс кезінде бұл салаға барынша басымдық беріліп, өндіріске күш салынды. Мәселен, соғыстың алғашқы жылының өзінде Ембі кен орны мұнай көлемін 24 пайызға дейін өсірген. Соғыс жылдарында октанды мұнайдың 1 млн. тоннаға жуығын Қазақстан берді. Ал мұның бәрі мұнайшылардан үлкен жауапкершілікті, ерен еңбекті талап етті. Қазақстанның экономика саласы Ұлы Отан соғысы кезінде қарқынды жұмыс істеді. Айталық, соғыс жылдарында 460 зауыт, фабрика, шахта салынды. Петровский машина жасау зауытының екінші кезеңі, Атырау теңіз порты мен мұнай өңдеу зауыты, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының алғашқы кезеңі, Белоусов байыту фабрикасы, Ақмола ауыл шаруашылығы машинасы зауыты, Алматы вагон жасау зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Қа­ру-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жет­кізу мақсатында қысқа мер­зімде Қандыағаш – Орск, Жам­был – Шолақтау, Талдықорған – Текелі теміржол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. Яғни, Қазақстан өндірісі Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сы ардагерлерге, мүгедек­терге, мұнай-газ саласының қыз­мет­керлеріне әлеуметтік көмек көрсетуде қомақты тәжірибе жинақтаған. Компания «Қазақ­стан Республикасының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігімен және оның Астанадағы қалалық филиалымен, «Көмек» ардагерлер кеңесімен, Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғам­дық қорымен және басқа да ұйым­дармен ты­ғыз байланыс орнатқан. Осы ын­ты­мақтастық аясында соғыс ар­дагер­леріне әлеуметтік көмек көрсету, пәтерлерді жөндеу бағдар­ламасын жүзеге асыру, сондай-ақ, ардагерлер ұйымының күн­делікті қызметін қолдау жұмыстары ай­рық­ша назарда ұстауда. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».