08 Мамыр, 2014

Бір шаңырақ астында

2512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шығыс өңіріндегі барша ұлт пен ұлыс өкілдері Риддер қаласында бас қосты. Онда еліміздегі бірлік пен берекені паш еткен «Бір шаңырақ астында» атты достық форумы өтті. Шығыс өңіріндегі Қазақстан халқының бірлігі мереке­сіне биыл 50 мыңнан астам адам қатысты. Бұл – тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты баршаның қалайтынын, бейбітшілікке мүдделі екенін байқатады. RidderАталған мереке еліміздің әр азаматының, әр мұғалімнің, әр кеншінің, әр оқушының мем­­лекеттің тұтастығы мен тұрақ­тылығын, бірлігін сақтауға үлкен үлес қоса алатынын, яғни қоғам дамуында өзіндік орны маңызды екенін сезіндірді. Форум барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен «Арарат» этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрик Вар­жапетян марапатталды. Сонымен бірге, еліміздегі ұлтаралық келі­сімді нығайтуға қосқан үлесі үшін Достық үйлеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет грамоталары мен 2 миллион теңгеге жуық қаржылай сыйлық тапсырылды. – Мен көптеген жылдар бойы осы этноорталыққа жетекшілік етіп келемін. Бүгінгі марапат мен үшін үлкен абырой. Күннен-күнге өркендеп, көркейіп келе жатқан елімізге мемлекеттік Туымыздың тү­сіндей ашық та жарқын аспан ті­лей­мін. Қазақстанда көптеген ұлт өкіл­дері тату-тәтті тұрады. Ұлт­тар мен ұлыс­тардың өзара бір­лігі, тон­ның ішкі бауын­дай бо­луы бар­лығымызды қуан­тады. Соң­ғы уақытта алысты айт­пағанда, жа­­қын елдерде сая­си тұрақ­сыз­дық­қа бастаған түр­лі оқиға­ларды кө­ріп отырмыз. Сон­дықтан, Елба­сы­мыздың еліміз­ді айран­дай ұйытып отырған ерен еңбе­гін жоғары бағалаймыз, – деді Ю.Вар­жапетян. Айта кеткен ләзім, аталған форум бір шаңырақ астында еңбек етіп жатқан, яғни облыстағы барлық этномәдени бірлестіктердің, аудан әкімдіктері өкілдерінің, Достық үй­­­лері басшыларының басын қосты. Форум қатысушыларының бірі, белсенді риддерлік жас Андрей Курсантов еліміздің халқы – бір, шаңырағы – ортақ екенін жеткізіп, барша қазақстандықтарды дос­тықтың жоғары биік үлгісін көр­сетуге шақырды. Он екінші мәрте ұйымдастырылған Достық форумы соңында «Ладушки», «Шығыс жұлдыздары», «Ди­версис» сынды этномәдени бірлес­тіктердің шығармашылық топтары өз өнерлерін паш етті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы.