08 Мамыр, 2014

Татулық тұғырын бекемдей береміз

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты ХХІ сессиясында алдағы уақытта еліміздегі ұлтаралық татулықты, тұрақтылықты нығайту жолында, бірлігімізді бекемдеуге байланысты тапсырмалар жүктелді. Келер жыл «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды. Бірлігіміз –жарасымды, мақсатымыз – айқын. Облыс орталығындағы Дос­­тық үйінде өткен жиынға өңірі­міздегі барлық этномәдени бір­лестіктердің, жастар құрылымдары мен ардагерлер кеңесі, қоғамдық және діни ұйымдардың өкілдері қатысты. Мысалы, Железин ауданындағы «Неупокоев» шаруа қожалығының басшысы Владимир Неупокоевтің айтуынша, тың игеру кезінде келген ата-анасы қазақ жеріне бауыр басып қалыпты.Ұрпақ жалғасты. Ауылда көктемгі науқан басталды, жұмыс, шаруа қожалығында бәрі де күндіз-түні еңбек етуде. Ақсу қаласы «Славян» этно­мәдени бірлестігінің төрайымы Валентина Солдаткина алдағы уақытта Ақсу қаласында да Достық үйі бой көтермекші екенін, оның Ассамблея жұмысына серпін, жігер қосары анық екенін, бұл жаңалыққа қуанышты екенін жеткізді. Ал облыстық чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Хаба Махмұдова да саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, қазақ жерінен тыныштық тапқан ұлттың ұрпағы екен. Үлкендер бізге ылғи да «Қазақ жұртын құрметтеңдер! Бауырымыз деп біліңдер!» деп тәрбиелеп, аманат айтып кетті.Сондықтан, аманатқа дақ түсірмейміз, Ассамблеяның болашақ балалары өсіп келеді, дейді бізбен әңгімесінде. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз баяндамасында еліміздегі бірегей қоғамдық институттың үлгі аларлық қызметтерін айтып өтті. Елбасы облыстардағы Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы атқарар міндеттерін жақсартуды, өңірдегі ұлтаралық тұрақтылықты сақтау бағытында белсенді, жүйелі жұмыс жасау керектігін ескерткен болатын: – Біріншіден, облыстық Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жұмы­сына ұйымдастыру және қаржылық жағынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытқа жыл сайын жергілікті бюджеттен 20 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп келді. Бір­лес­тік жетекшілеріне гранттар таға­йындалады, ұлттық киімдер тігуге қосымша қаржы беріледі. Екіншіден, қазақ тілін және өзге этностардың тілдерін дамыту қажет. Үшіншіден жастарға патриоттық, толеранттылық тәрбие беруге жұмылу басты назарда. Төртіншіден, ұлтаралық келісім тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына көңіл бөлінсе, бесіншіден, ақпараттық-насихат, белсенділік қажет, –деген еді облыс әкімі. Ал, бұл күндері Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы универси­тет­те де студенттік ассамблея­ жа­­ны­нан арнайы кафедра ашыл­­­ды. Және де Достық үйі жанын­­дағы «Медиа-орталықта» «Шаңы­рақ» атты газет шығады. Жиын­да облыстағы Ертіс, Май, Успен, Бая­науыл аудандарында жергілікті ассамблеяның аудан орталықтарындағы филиалдарын ашуға тапсырма берілді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуші оқушы балалар үшін жазғы каникул күндері лингвистикалық лагерь жұмысын бастамақшы. Өңірде өмір сүріп жатқан түрлі этностардың мә­де­ни құндылықтарын, салт-дәс­түрлерін таныстыру жолында этно­туризм, «Үш тұғырлы тіл» бағ­дарламаларын жүзеге асыру мақ­сатында туристік маршруттар жолға шығып, балаларға арналған кітап­тар, сөздіктер жарық көреді. Жиын барысында Қ.Бозымбаев ұлтаралық келісім мен татулықты нығайту ісіне үлес қосып жүрген, біздің газетіміздің өткендегі бір санында сұхбат берген «Эль­пида» грек этномәдени бірлес­ті­гінің төрайымы Людмила Ифан­допулоға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ҚХА-ның қоғамдық «Бірлік» алтын медалін табыстады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.