Қоғам • 17 Тамыз, 2022

«Жалынан сипатпайтын» жалақы

778 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биылғы екінші тоқсанда еліміздегі орташа айлық жалақы 312 мың теңгені құрады. Бұл көлем өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артып отыр. Алайда артпаса кемімейтін, ортаймайтын осы көрсеткіш көпшіліктің әлеуметтік көңіл күйінің көтерілуіне әсер ете алмай-ақ қойды. Өйткені жұмысқа жарамды жұрттың басым бөлігінің орташа жалақыға жете алмай, жарымай келе жатқаны қашан?!

«Жалынан сипатпайтын» жалақы

Расында, орташа жалақының көрсеткіші жаңарған сайын бұл айлық табысқа жете алмай шерменде күйге түскен халықтың қынжылысы көптеп байқалады. Тіпті тұрмысын орташа деп санайтындардың өзі орташа жалақы аламыз деп тоқмейілсуі неғайбіл. Ендеше, орташа айлық жалақының бұлай есептелуі қаншалықты әділетті?

Ұлттық статистика бюросының жақында жа­риялаған мәліметі бойынша ең жоғарғы орташа жалақыны тау-кен өн­діру өнеркәсібі және карьерлерді қазу маман­дары, сондай-ақ қаржы және сақ-т­ан­­дыру қызметінің мамандары алады. Олардың орташа жалақысы – 590 мың теңгенің шамасында. Ал ең төменгі орташа жалақы ауыл шаруашылығы және мәдениет саласында тіркелген: 90-180 мың теңге аралығында. Өңірлер бойынша қарастырсақ, ең жоғары орташа жалақы – 506 314 теңге Атырау облысында тіркелді. Одан кейін Маңғыстау облысында – 458 680 теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 393 464 теңге орташа айлық жалақы тіркелді. Ал төмен жалақы – 241 406 теңге Жетісу облысына тиесілі. Орташа жалақының осылайша қарапайым азаматтардың өзіне қол жеткізбейтіндей жоғары жалақы сияқты деңгейге кімдердің есебінен көтеріліп тұр екен деген сұрақ туатыны анық. Әзірге белгілісі – өткен жылы азаматтық құрылыс саласының бір басшысы айына 4,5 млн теңгеге дейін жалақы алғаны. Бұдан кейін мұнай және газ өндіру саласындағы директордың, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласындағы инвестициялық жобалар жөніндегі директордың жалақысы 3,9 млн теңгеден сәл төмен болды.

Осы орайда Ұлттық статистика бюросы орташа айлық жалақының қалай есептелетінін былай түсіндірді: «Тоқсан сайын жарияланатын жалақының орташа мәні кәсіпорындар мен ұйымдардың тапсыратын статистикалық есебі негізінде қалыптастырылады. Орташа арифметикалық мәнді есептеу үшін сол кәсіпорындардың жалпы жалақы қоры жұмыс істеген қызметкерлердің нақты санына бөлінеді. Бұл Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі негізінде есептелетін жалақының орташа мәні, аталған әдістемені барлық елде қолданады. Мұнда барлық қызметкердің жалақы көлемі ескеріледі, кәсіпорын директорынан бастап біліктілігі жоқ мамандарға дейін. Бұл жалақы сомасының құрамына қосымша есептелетін ақылардың, яғни үстемеақы, сыйақы, салық және зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандыру жарнасының кіретінін ескеру қажет. Сондай-ақ мұнда әр қызметкерге тағайындалатын жалақы мөлшерінің бірқатар факторға байланысты екенін қаперге алған жөн. Яғни әр қызмет орны бойынша айлық қызметкердің білім деңгейіне, тәжірибесіне, біліктілігіне қарай беріледі. Сондықтан арифметикалық жолмен есептелген мән барлық қазақстандықтың сондай көлемде жалақы алатынын білдірмейді».

Аталған статистикада шағын кәсіпорындардағы дерек есепке алынбаған. Бұған қоса бейресми жұмыс істейтін адамдар мен есеп тапсырмайтын кәсіпорындар да қамтылмаған. Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы медианалық жалақыға да мән беруді ұсынады. Медианалық жалақы – барлық қызметкерге төленетін жалақы қатарының ор­тасында тұрған мән. Яғни жұмысшылардың
50%-ы осы мәннен аз алады, қалған 50%-ы одан көп алады деген сөз. 2021 жылы медианалық жалақы көлемі 157 863 теңге болды. Бұл жылына бір рет қана есептелетін көрсеткіш. Алайда бюро биылдан бастап осы бағалау әдісімен есептелген тоқсандық көрсеткішін жариялай бастады. Биылғы екінші тоқсанда оның көлемі 196 728 теңгені құрады.

Міне, осы медианалық жалақы көпшіліктің көкейіне қона бермейтін орташа жалақыдан гөрі шындыққа жанасымды көрінеді. Онда неліктен бірден көңілге қонымды статистика түзілмейді деген заңды сұрақ туады. Соған қарай бірқатар сарапшының пікірін білген едік.

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков орташа айлық жалақының көрсеткішіне қарап, халықтың әлеуметтік ахуалына баға беру қиын екенін алға тартты.

«Жалпы, макроэкономикалық тұрғыдан халық шаруашылығын құрайтын 24 сектор бар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өндірісі, машина құрастыру, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, тағы басқа осы іспеттес секторлардағы жалақының есебінен жалпы орташа айлық жалақының көрсеткіші есептеледі. Ал жұмыс істейтін халықтың саны шамамен 10 миллионды құрайды. Бұл қатарда жалақысы төмен секторларда жұмыс істейтін азаматтар да бар. Мысалы, төменгі жалақы деңгейі ауыл шаруашылығы саласында сақталып отыр. Ал халықтың 35-40%-ы ауыл-аймақта тұрып жатыр. Бұған қоса әлеуметтік осал топтағы азаматтар да бар. Сондықтан орташа айлық жалақының көрсеткішіне қарап, халықтың әлеуметтік ахуалына баға беру қиын. Бұл ретте Үкімет тарапынан әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу барысында әлеуметтік осал топтарды қолдау іс-қимылы әлсіздеу болып жатқан сияқты», деді сарапшы.

Сондай-ақ ол елімізде ең жоғары жалақы алатындар мен ең төменгі жалақы алатындардың ара-салмағы айтарлықтай алшақ екенін айтты.

«Бізде 60 мыңнан төмен жалақы алатындар да аз емес. Ал бұдан 20, тіпті 30 есе жоғары айлық алатындар бар. Экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан әлеуметтік тұрақтылық сақталуы үшін ең төменгі жалақы мен ең жоғары жалақының айырмашылығы 7-8 еседен аспауы керек. Ал бұл ара-салмақ 15-20 еседен асып кетсе, әлеуметтік тұрақсыздық қеңістігіне кіріп кетеді. Мұның арты ереуілдерге, қақтығыстарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Орташа айлық жалақы алатындарды әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі – орта тап санатына жатқызуға болады. Бірақ осы тұста Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы саясаты мардымсыз, тиімсіз болып жатқанын айта кету керек. Кейінгі екі жылда бізде инфляция өршіп кетті. Сондықтан орта таптың өлшемдеріне сәйкес көрсеткіштер өзгеріске түсті. Халықтың әл-ауқатының шынайы жақсаруы үшін еліміздің экономикалық құрылымы жағынан жылына ішкі жалпы өнім қазіргідей 2-3%-ға емес, 5-6%-ға өсуге тиіс. Сол кезде ғана халық экономиканың тиімділігін сезіне бастайды», деді Қ.Арыстанбеков.

Ал әлеуметтанушы Эльмира Отар орташа айлық жалақыны шығарғанда қызметкерлердің аз ғана бөлігін құрайтын ең жоғары және ең төмен жалақы алатындарды есепке қоспау керек екенін атап өтті.

«Орташа айлық жалақыны есептеудің өз заңдылығы бар. Мысалы, біздің елде жалақысы өте жоғары санаттар бар, сондай-ақ жалақысы өте төмен жұмысшы табы бар. Осылардың жалақысының ортасын шығарғанда, әрине, жалақысы өте көптердің салмағы басып кетеді. Бұл ретте орташа айлық жалақының нағыз шындыққа жанасатын көрсеткішін есептеудің тәсілдері де бар екенін айта кеткен жөн. Яғни осыған қатысты дамыған елдерде қолданатын тәсілді келтірейін. Айталық, схемада барлық жұмыс істейтін азаматтардың жалақысын бір сызықтың бо­йына тізіп шықса, сол сызықта ең жоғары жалақы алатындар мен ең төменгі жалақы алатындар тым жоғары көтеріліп және тым төмен түсіп ерекшеленіп тұрады. Мұны статистикада шығыңқы деп атайды. Орташа айлық жалақыны есептегенде осы шығыңқыларды алып тастап, яғни ең жоғары мен ең төменгі санаттарды қоспай, орта тұсындағылардың табысының орташа көрсеткішін шығару керек. Өйткені осы сызықтың ортасындағылардың қатары көп, ең жоғарылар мен ең төменгілердің үлесі шамалы ғана. Сондай-ақ шындыққа жанасымды көрсеткіш ретінде медиана және модальді жалақыны айтуға болады. Бұл жердегі модальді жалақы – ең жиі кездесетін жалақы өлшемі, яғни жалақысы шамалас ең көп қызметкерлердің айлық табысы. Енді орташа жалақыны есептегенде неге әртүрлі әдіс қолданылады деген сұраққа келсек, бұл елдің саясатына байланысты болуы мүмкін. Яғни халықтың жалақысын көрсету үшін осындай ыңғайлы әдістемелер қолданылады. Ал шынайылыққа мән берсеңіз, басқа әдістемелер бойынша есептелген көрсеткішке назар аудару керек. Шетелде ғылыми тәжірибеден өтіп жүрген кезімде мажарстандық профессордың «Елдің қаншалықты дамығаны статистикалық өлшемдерінің дұрыс есептелуінен көрінеді» деп айтқаны есімде қалыпты», деді Э.Отар.

Бұған қоса әлеуметтанушыдан орташа жалақы алатындар орта таптың өлшемдерімен қаншалықты үйлесетінін сұрап көрдік. Оның айтуынша, орта таптың әлемдік өлшемдеріне салып қарасақ, біздің елде бұл санатқа жататын халықтың үлесі өте аз болып көрінеді. Бірақ өмір сүру дағдысына қарап, халықтың біршама бөлігін орта тапқа жатқызуға болады. Мысалы, мемлекеттік қызмет істеп аз жалақы алса да, әлеуметтік пакеттер арқылы жеңілдікпен үй алып, санаторияларда демалып, орта тап сияқты өмір сүретіндер бар. Басқа мемлекеттерде орташа жалақы алатындарды орта тапқа жатқызу қиын. Ал бізде орташа жалақымен ырысы ортаймайтындай жақсы өмір сүруге болады.

Қалай дегенмен, бұдан шығатын қорытынды – халықтың әділдікті қалайтыны. Жылтыраған статистикаға жұрттың іші жыли қоймайтынына осы күнде әбден көз жетті. Жағдайды нақты, дәл, шынайы бағалағанда ғана, соған сай әрекет етіліп, алға жылжу байқалады. Мұны әділетті Қазақстан құру жолында, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында басшылыққа алудың маңызы зор.