Саясат • 17 Тамыз, 2022

Қос ауданда өткен азаматтық қабылдау

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясы Түркістан облыстық фракция мүшелері Жетісай мен Мақтаарал аудан­дарында азаматтарды қабылдау өткізді. Қабылдау кезінде жалпы 40-тан астам азаматтың мәселесі қаралды. Азаматтық қабылдауға облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, депутаттар Нұралы Әбішев, Талғат Қаржауов, Тимур Қырықбаев, Ұлжанат Жұрымбетова, Ойрат Мамиров, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек және жауапты сала басшылары қатысты.

Қос ауданда өткен азаматтық қабылдау

Екі ауданда көтерілген ортақ әрі жиі қайталанған мәселелер – жол салу, мектеп құрылысына қаржы бөлу, ауыз су және газбен қамту, жер дауы, дәрігерлік амбулаториялардың тапшылығы сынды өтініштер. Мәселен, Машканал мен К-28 каналдарының жағдайы бойынша арыз-шағым бұған дейін де қозғалған болатын. Осыған орай облыстық мәслихат депутаттары тарапынан партия төрағасы Е.Қошановқа ұсыныс хат жіберілген еді. Тұрғындар тарапынан Жетісай қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектепке қосымша ғимарат қажет деген мәселе көтерілді. 628 орынға есептеліп салынған мектепте 980 бала білім алуда. Тұрғындардың уәжі қосымша 300 орындық нысан салып беру. Бұл мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын. Бюджеттен тиісті қаржы қаралса, талап-тілек орындалмақ.

Ал Ынтымақ жалпы орта мек­тебінің қосымша ғимаратына күр­делі жөндеу жақын арада жүр­гізілмек. Жөндеу жұмыстары аяқтал­ғанша оқушылар негізгі ғима­ратта екі ауысым­да оқитын болады. Осы секілді Мақтаарал ауданында да Иіржар ауылдық округіне қа­расты Азамат елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мектеп құрылысын биыл пайдалануға берілсе деген ұсыныс айтылды. Мектеп құрылысы жоспар бойынша аяқталып, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданысқа беріледі.

Ал Бірлік ауылдық окургіне қа­расты Өркениет елді мекенінде 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Облыстық мәслихат депутаты Б.Дәулетұлы депутаттық сауал жолдап, мәселеге зерделеу жүргізбек. Жаңажол ауылдық округіне қарасты Достық, Фирдауси және Жеңіс елді мекені аралығындағы көпір су тасқынынан жарамсыз болып қалған. Тұрғындар көпір қайта қалпына келтірілсе дейді. Бұл бойынша аудан әкімі тарапынан қаулы шығып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Аудандық елді мекендердегі дәрігерлік амбулатория құрылысы кезең-кезеңімен ашылады. «Атакент» ауруханасына қарасты 4 нысан, «Мыр­закент» ауруханасына 4 нысан жалпы 8 фельдшерлік амбулаторияның құрылысына аудандық аурухана тарапынан құжаттар тапсырылған. Қар­­жыландыру қолдау тапса, бұл мә­­селе де шешімін таппақ. Оның ішінде Қалыбеков ауылдық округіне қа­расты Төрткүл және Жамбыл елді ме­кендеріндегі жарамсыз нысандарды атап өткен жөн. «Ауылдық елді ме­кендерді жаңарту» бағдарламасы бойын­ша 2023 жылға жобалық-сме­талық құжаттарды дайындау қолға алынды.

Мақтааралдағы қоғамдық қабыл­дауда Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев елді мекені көшелерінің сапасы сын көтермейтіні айтылды. Бұл көшелер 2023-2025 жылдарға «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы бойынша жоспарға енген.

Мұнан бөлек, әлеуметтік мұқ­таждық бойынша айтылған өтініштер қабылдау кезінде шешімін тапты. Жаңа оқу жылына қарсы мектепке қажетті құрал-жабдықтар депутаттардың демеу­шілігімен оң шешілді.