Өнер • 17 Тамыз, 2022

«Жібек жолы» – теленұсқада

10953 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаз басында «Астана Балет» театры «Жібек жолы» балетінің премьерасын ұсынған еді. Зор қошеметпен өткен қойылымның теле­нұс­қасы осы айда отандық телеарналардан көрсетілмек. Жоба авторлары көрермен қауымды Ұлы Жібек жолымен саяхаттауға шақырады. Мұнда жібек Азия мен Еуропа өркениеттерін байланыстырушы символ ретін­де алынып отыр.

«Жібек жолы» – теленұсқада

Шілде айында «Астана Балет» театры сахнасында екі актілі «Жібек жолы» балетінің экрандық нұсқасының түсірілімі жасалды. Қоюшы-балетмейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри, режиссері – Тахир Әлиев. Телеспектакльде көрермен театрдың талантты әртістері – Дарина Қайрашева, Айнұр Әбілғазина, Анар Дүкиева, Қаламқас Орынбасарова, Наталья Фернандес-Менес, Аңсаған Көбентай, Әсел Жаңғасқаева, Сүндет Сұлтанов, Фархад Буриев, Уэсли Карвальо, Артур Эдсон және т.б. өнерін тамашалай алады.

«Бұл алғашқы тәжірибеміз емес. Бұған дейін «Бейбарыс сұлтан» балетінің теленұсқасын түсірген едік. Бұл күрделі әрі қызықты жұмыс, шығармашылық ұжымымыз орасан тәжірибе жинақтады. Репертуары­мызды экранға көшіруіміздің бірден-бір себебі, әлдебір себептермен спектакльдерді көре алмаған көрерменге театр өнерін паш ету. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі халық қойылымдарды тамашалай алса екен деген ниеттеміз», дейді Мукарам Авахри.

«Жобаның режиссері болу – мен үшін үлкен мәртебе. Өнер – бейбітшілік жаршысы. Түсірілімге үлкен шығармашылық әрі техникалық топ қатысты. Балеттің теленұсқасын дайындауға түсірілім мен монтажды қоса есептегенде екі айдай уақыт кетті. Еліміздің балет өнеріне үлес қосып жатқанымыз ерекше мақтаныш сезімін оятады. Режиссер ретінде спектакль атмосферасын жеткізуге күш салдым. Көрермен түрлі мәдениет пен өркениеттің тынысын сезінуге тиіс. Оның үстіне, осының бәрін тұтас бір туындыға айналдыру керек еді. Жалпы, Мука­раммен шығармашылық жұмыс қызықты әрі ерекше күйде өтті», деп атап өтті режиссер Тахир Әлиев.

Қоюшы-балетмейстер классикалық және халық биінің элементтерін шығыс мәнеріндегі реңге бөлеу арқылы, заман ырғағымен алмасып отыратын түрлі бейнелер, стильдер мен көркемдеу әдістері бар туын­дыны жарыққа шығарды. Керуен, нефрит, жібек пен амфоралардың бейнесі әрі көркем, әрі сахнаға «лайықталған». Музыка мен би – уақыттан тыс құбылыстар. Сол арқылы бір өркениеттен екіншісіне еркін саяхаттау мүмкіндігі туады. Суреттер, оқиғалар бірінің ізін бірі алмасып, көрерменді мәдениеттер тоғысында үздіксіз сапарға бастайды.  

Декорация, костюмдер, жарық пен бейнекөрініс өзара үйлесіп, спектакльдің хореографиялық өрнегін аша түскендіктен, осының өзі хореографиялық туындының тұтастығына сеп болды. Сахнаның ықшам әрі шағын безендірілуінің әсерінен хореограф үздіксіз жолды, оның заман ырғағына қарай тұрақсыз әрі өзгермелі болатынын суреттей алды. Ал шығыс сарындарының эмоциялық ұрмалы ырғақпен үндесуінен көрермен бір пластикалық саяхаттан екіншісіне еркін ауысып отырады.  

Айта кетейік, аталған жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен, Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры жүзеге асырып отыр.

Балетті шығаруға дарынды өнер қайраткерлері атсалысты: либретто авторы –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, композиторлар – Ренат Ғайсин, Арман Амар, Владимир Иванофф пен Омар Фарук Текбилек, балетмейстердің ассистенті – Айжан Жүнісова, костюм суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова, сценограф – Асқар Ысқақов, бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов.