09 Мамыр, 2014

Полицейді қағып қашқан шенеунік кепілдікке шығарылған жоқ

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

01-01-03-ulitsa-1

АСТАНА. 9 мамыр. Павлодар облысында полицейді қағып кеткен экс-шенеунік Жанат Сматаев қамауда қалдырылды. Бұл туралы  облыстық сот баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. Хабарламада айтылғандай, ұсталған  экс-шенеуніктің қорғаушысы қамауға алу туралы сот шешіміне қатысты шағымданып, Жанат Сматаевты кепілге беруді сұраған. Бірақ баспасөз қызметі «Сматаев ауыр қылмыс бойынша жауапқа тартылып отыр. «Ол  құқық қорғау қызметкерінің денсаулығына зиян келтіріп, өміріне қауіп төндірді. Оқиға орнынан қашып кетті» деген  баппен жауапкершілікке тартылған. Сондықтан сот оның қорғаушысының шағымын қанағаттандырмады», - дегенді айтты. Еске сала кетейік, үстымыздегі жылдың сәуір айында Павлодар облысы Ертіс ауданы аппаратының басшысы 29 жастағы  Жанат Сматаев «Мерседес» көлігін ішімдік ішкен күйінде жүргізіп келе жатқан. Ол өзін тоқтатқан полиция қызметкерін қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушіні тастап қашқан ол артынша ұсталып, қамауға алынған болатын. Бұдан соң Жанат Сматаевқа  «Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қауіп төндірді» деген айып тағылып, сот санкциясы бойынша екі айға қамауға алынған. Кейбір деректерде Сматаев жол-көлік оқиғасы болардан бірнеше күн бұрын Ертіс аудандық аппаратының басшылығынан босатылғаны мәлімделген. Дегенмен, әкімшіліктің ресми сайтында оқиға болғаннан кейін де оның «басшылық қызмет атқаратыны» бірнеше күн бойы көрсетіліп тұрған. Құрыш Нұрымбет. Дереккөз: Tengrinews.kz. Фото: egemen.kz.