АСТАНА. 9 мамыр. Атыраулық әйел ұлының мәйіті жоғалып кеткенін хабарлап, дабыл қақты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
«Атырауда тұратын әйел өз ұлының денесі жоқ болып кеткенін айтып шағынды. Марқұмның туыстары ол жерленгеннен кейін үшінші күні бейітке келіп, бірден тілден айрылып қала жаздады. Себебі, адам көмілген қабірдің іші босап қалыпты», - делінген хабарламада.
Сөйтсе, бұл оқиғаға полицейлердің қатыстары бар болып шықты. Олар ер кісінің өліміне ненің қатысы болғанын зерттеп білу үшін оның денесіне эксгумация жасап көріпті. Алайда, әйел бейітті ашу туралы ешкімнің өзінен рұқсат алмағанын айтады. «Біз баламыздың өліміне қатысты ешқандай шағымымыз жоқ екенін, сондықтан мазамызды алмауды полициядан сұрап жазған едік. Бірақ олар бізді тыңдамай, өлікті қорлаған болып отыр. Бұл жүгенсіздік», - деді әйел.
Бұған полициядағылардың да өз уәждері болды. Олар өздерінің бұл туралы марқұмның туған-туыстарына ескертілгенін, тіпті эксгумация қорытындысы туралы қаулыны да тапсырмақ болғандарын жеткізді. Бірақ олар бұдан бас тартқан. «Марқұмның туыстарына эксгумация өндірісі туралы алдын ала ескертілді. Алайда, олар көшірмені алудан бас тартты», - деді Атырау прокуратурасы бөлім бастығының орынбасары Аман Дүйсенғалиев.
Анықталғандай, марқұм бір қылмыстық іске куә ретінде тартылған. Тергеу мәліметі бойынша, полицейлер оған қысым көрсеткен. Ал жігіт бұған шыдамай, асылып қалған.
Осыған орай полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал тергеуді ақырына дейін жеткізу үшін эскгумация жасауға тура келген.
Құрыш Нұрымбет.
Дереккөз: КТК.
Фото: КТК.