«Испания Вуэльтасының» 87 жылдық тарихы бар. Алғаш рет ол 1935 жылы ұйымдастырылды. Бұл жарыста ең көп олжаға кенелген – Роберто Эрас Эрнандес. Испанияның Саламанка қаласының тумасы 2 000 және 2003-2005 жылдары төрт рет бас жүлдені олжалады. 2006 жылы Пиреней түбегінде «Астана» клубының мүшесі Александр Винокуровтың керемет өнер көрсеткені барша жанкүйердің жадында. Қазақстандық велошабандоз аталған бәсекенің үш кезеңінде шашасына шаң жұқтырмай, ақыры жалпы есепте бас жүлдені олжалады. Сол маусымда тағы бір отандасымыз – Андрей Кашечкин де асқан шеберлік танытып, үшінші орынды иеленген еді. Сондай-ақ 2008 жылы «Астананың» сапында өнер көрсеткен испаниялық легионер Альберто Контадор да қарсыласқа шақ келтірмеді.
2019-2021 жылдары жалауы желбірген соңғы үш жарыс Нидерландта іргетасы қаланған «Jumbo-Visma» клубы сапында өнер көрсетіп жүрген 32 жастағы Словенияның саңлағы Примож Рогличтің айқын жеңісімен аяқталды. 2019 жылы ол шешуші тұста Алехандро Вальверде (Испания) мен Тадей Погачардан (Словения) озса, 2020 жылы Маркс Солер (Испания) мен Даниэл Мартинді (Ирландия) артқа тастады. Былтырғы маусымда Рогличтен кейінгі орындарды Энрик Мас (Испания) пен Джек Хэйг (Аустралия) иеленді.
Биылғы жылы «Астана» клубының намысын қазақстандық Алексей Луценко, Вадим Пронский, Евгений Федоров, италиялық Винченцо Нибали мен Самуэле Баттистелла, колумбиялық Мигель Анхель Лопес пен Харольд Техада және испаниялық Давид Де Ла Круз сынды сақа спортшылар қорғайды.