Спорт • 17 Тамыз, 2022

«Барыс» «Автомобилистен» жеңілді

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогы жолындағы жарыс басталды. Биылғы бәсекеде жергі­лікті «Барыстан» бөлек, Екатеринбургтің «Автомобилист», Магни­тогорскінің «Металлург» және Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубтары күш сынасуда.

«Барыс» «Автомобилистен» жеңілді

«Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка дәл осы турнир қарсаңында мына шәкірттеріне сенім артаты­нын жария етті: Қақпашылар – Джелал-ад-Дин Әмірбеков, Никита Бояркин және Андрей Шутов. Қорғаушылар – Әділ Бекетаев, Кристофер Биграс, Темірлан Гайтамиров, Михаил Григорьев, Джесси Грэм, Самат Данияр, Максим Минеев, Эмиль Нұрғалиев, Юрий Сергиенко, Вла­дислав Сёмин, Тимур Фаткуллин, Егор Шалапов және Эдуард Шетле. Шабуылшылар – Әлихан Әсетов, Джереми Бракко, Линден Вей, Дмитрий Гурков, Диас Гусейнов, Дінмұхамед Қайыржан, Энтони Луис, Кирилл Максимов, Абай Маңғысбаев, Никита Михайлис, Батырлан Мұратов, Егор Петухов, Михаил Рахманов, Андрей Рунов, Кирилл Савицкий, Антон Сагадеев, Аңсар Шайхмедденов және Арка­дий Шестаков.

Жарыстың алғашқы күні «Ба­рыс» «Автомобилиспен» шебер­лік байқасты. Бәсеке бары­сында жерлестеріміз үш рет алға шық­қанына қарамастан, жеңіс қонақ­тардың уысында кетті. Тарқатып айтсақ, 14 минутта Никита Михай­листің соққан шайбасына 18 минутта Степан Хрипунов жауап қа­йырды. Үзілістен кейін сол жағдай қайталанды. Джереми Бракко елор­далық клубты алға шығарған еді, Анатолий Голышев таразы басын теңестірді. 53 минутта Энтони Луис нысананы дәл көздеді. Осы есеп 59 минутқа дейін сақталды. Алай­да бәсекенің аяқталуына санаулы секунд қалғанда Голышев қайта мергендік танытты. Ал овертаймда Виктор Неучев гол салып, «Автомобилиске» жеңіс сыйлады – 4:3.

Сол күні «Нефтехимик» пен «Метал­лург» күш сынасты. Бұл тар­тыс Магнитогорскіден келген хок­кейшілердің жеңісімен аяқ­тал­ды. Есеп – 4:1. Жеңімпаз команда сапында қазақстандық Павел Акользин нысананы дәл көздесе, Валерий Орехов оңтайлы пас берді. Ал Өскемен хоккей мектебінің тағы бір түлегі Семен Кошелев бір гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ­стан Президенті кубогы жолындағы жарыс елордамызда 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта «Барыс» төрт мәрте бас жүлдені олжалады. Санкт-Пе­тербургтің СКА, Омбының «Аван­гард», Новокузецкінің «Метал­лург», Нижнекамскінің «Неф­те­химик» және Хабаровскінің «Амур» клубтары бір-бір реттен жеңімпаз атанды.