Қоғам • 18 Тамыз, 2022

Шүмектен шыққан су мен шу

337 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауыз су жағдайы – толғағы жеткен тақырып. Ал Алматы облысы сияқты нулы өлкеде су сапасы мен ылғал жетіспеушілігі туралы әңгіме қозғау тіптен ыңғайсыз болар еді. Алайда аймақта күйіп тұрған мәселе ретінде ауыз су тапшылығын айтпасқа тағы болмайды. Бұл жерде, әрине сапалы ауыз сумен қамтылу туралы сөз етіп отырмыз.

Шүмектен шыққан су мен шу

Дерекке сүйенсек, Алматы облысының аумағындағы елді мекен тұрғындарының 92,7 па­йызы орталықтандырылған ауыз су желісімен қамтылған екен. Яғни өңірдегі 384 ірілі-уақты ауылдың арасынан 357 елді мекенге құбырдағы су барып тұр деген сөз. Ал 25 ауылдың тұрғындары күнделікті суды көшедегі сушүмектерден немесе арнайы құбыр басынан тасып ішеді, бұл жалпы көрсеткіштің 6,8 пайызы. Тек ауылға ауыз су тасымалданатын көрінеді. Әрине, есеп қуған адамға жоғарыдағы көрсеткіш ауыз толтырып мақ­та­ну­ға тұрарлық. Алайда жағдай шындығында олай емес сияқты.

– Облыстың елді мекендерін орталықтандырылған сумен қам­та­масыз ету бойынша жоғары көрсеткіштерге қарамастан, ауыл­дарда халықты ауыз сумен қамту 89,6 пайызды құрайды, яғни 1 290,1 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылған деуге болады. Бірақ су құбыры құ­р­ы­лыс­тары мен желілерінің біраз бөлігі тозған. Облыстағы 357 елді мекеннің 158-інде ауыз сумен жабдықтау объектілері қайта жаңартуды және салуды талап етеді. Олардың алды 30 жылдан астам уақыт бойы жұ­мыс істеп тұр. Қазір біз бұл мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Биыл 9,5 млрд теңге қаржы бөлінген, оған 28 жоба іске асырылуда. Нә­ти­жесінде, ұзындығы 534 ша­қырым су құбыры желілері жа­ңа­дан салынып, қайта жа­ңар­­тылады. Осылайша, жыл­дың со­ңына қарай сумен жабдықтау желі­лерін салу және рекон­струк­циялау есебінен желі­лер­дің тозуын 54,3 пайызға дейін төмендетпекпіз. Мұнан бөлек, биыл сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру бойынша 66 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, жобалау жұ­мыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 2023-2024 жылдары аралығында құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу жос­пар­ланып отыр, – дейді Ал­маты облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылық басқармасы бас­шы­сының міндетін атқарушы Б.Әбілқасымов.

Жалпы, облыстағы елді ме­кен­дердің сумен жабдықтау жү­йе­лерін дамытуға қомақты қаржы жұмсалғанына қарамас­тан, жергілікті тұрғындар тара­пынан арыз-шағым азаймай отыр. Мамандар оның себебін екі нәрседен іздейді: сапасыз құ­рылыс пен тиісінше қызмет көр­сет­пеу саланы артқа тартып отыр.

Ал ауылдардағы ауыз су жү­йе­­сінің нақты іске қосыл­мауы­нан тұрғындар әлі де зар­дап ше­гіп отыр. Кейбір аудан­дар­­да бұл мәселе 2014 жылдан бері жал­ға­су­да. Мәселен, мердігер ұйым­дардың жосықсыз жұмы­сы­ның кесі­рінен аймақ­тағы 5 ауылда жалпы сомасы 1 726,5 млн теңге болатын су құбы­ры және кәріз желі­ле­рінің құрылысы толық аяқ­тал­маған. Қазір Райымбек ауда­нын­дағы Қаратоған ауылы,
Ең­бекшіқазақ ауданындағы Ащы­сай және Қаракемер ауылдары, Іле ауданындағы Покровка ауылы мен Боралдай ауылы осы кепті киген. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалуына және қолданылатын материалдардың сапасының төмендігіне байланысты Жамбыл ауданының Самсы ауылындағы, Талғар ауданының Нұра ауы­лындағы, Ұйғыр ауданының Шарын ауылындағы ауыз сумен жабдықтау жүйесінде жиі іркіліс орын алуда. Және мұндай келеңсіз жағдай жобалық-сме­талық құжаттаманы әзірлеу ке­зін­де де болып тұрады. Яғни бөлінген қаражаттың толық иге­рілуі­не қарамастан, жалпы сомасы 219,5 млн теңге жұмсалған 7 жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы әлі берілмеген. Соның салдарынан Талғар ауданындағы Ақтас, Кеңдала, Белбұлақ, Тұздыбастау, Жаңаарна, Панфилов ауылдары мен Қонаев қаласына қарасты Заречное ауылының тұрғындары суға жарымай отыр. Сараптама қорытындысының дайын болмауына тиісті ма­ман­дардың жұмысты дұрыс ұйымдастырмауы себеп болыпты. Мысалға, Талғар ауданы бо­йынша 2014 жылдан бастап Ақтас, Кеңдала, Белбұлақ, Тұздыбастау ауылдарының кәріз жүйесін қайта құру және Жаңаарна, Панфилов ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жер учаскелерінің болмауына байланысты аяқталған. Демек ауылдарға су тартуға мүдделі болған әкімдіктер мен жұмысты қолға алған мер­ді­гер­лер нақты нәтижеге емес, бюджет ақшасын игеруге қол жеткізуді ғана ойлаған болып отыр. Олардың алды сотталып та кетіпті. Атап айтқанда, Райымбек ауданының Қаратоған ауы­лына су тарту кезінде мемлекет қаржысын талан-тараж­ға салған бас мердігер меке­ме­нің директоры 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған көрі­неді. Өкінішке қарай, басқа ауыл­дардағы нысандар бойынша қатаң шара әлі қабылданбай, мемлекет пен халық алдындағы міндеттемесін орын­дамаған тұл­ға­лар әлі тайраң­дап жүргенге ұқсайды.

Айтпақшы, облыстың ха­лықты ауыз сумен үздіксіз қамта­масыз ету саласында 16 мем­ле­кеттік коммуналдық кәсі­порын жұмыс істейді. Яғни орта­лық­тан­­дырылған сумен қам­та­масыз етілген 357 елді мекен­ге қызмет көр­­сетуге облыс­тың қау­қары жет­­пейді деген сөз. Ал қалған ауыл­­дардағы ауыз су желілері жеке адамдар мен компа­ния­лар­дың қолында.

– Облысқа қарасты 18 елді мекенде қызмет көрсетуші кә­сіп­о­рындар жоқ, яғни аудан­ның осы елді мекендерінде сумен жабдықтау жүйелерін ауыл әкімдері немесе қажетті құрал және мамандармен қам­та­ма­сыз етілмеген жеке тұл­ғалар пайдаланады. Бұл сумен жабдықтау жүйелеріндегі апатты жағ­дайлардың жиілеп кетуіне әкелуде. Оның үстіне, бұл құбырлардағы судың сапасы әрдайым санитарлық нор­­ма­ларға сәйкес келмейді және тұтынушылардың көп­теген шағымын тудырып отыр. Был­­тырғы зерделеу қоры­тын­­дысы бойынша Жам­был ауда­нындағы 5 ауыл­дың, Қарасай ауда­нын­дағы 4 ауыл­дың, Талғар ауданындағы 5 ауыл­дың және Кеген ауданын­дағы 4 ауылдың ауыз сумен қам­ту желілері иесіз қа­лып отыр. Тиісінше, осы елді ме­кендердегі су нысандарының құқы­ғын анықтайтын құжаты мен арнайы су пайдалануға рұқсат та жоқ болып тұр, – дей­ді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық ша­р­­уашылық басқармасы бас­шы­­­сының міндетін атқарушы Б.Әбілқасымов.

 

Алматы облысы