Спорт • 18 Тамыз, 2022

Медаль саны 70-тен асты

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияда өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан спортшы­лары­ның жеңіп алған жүлделер саны 70-тен асты. Нақтылап айтсақ, әзірге 19 алтын, 20 күміс және 32 қола медальді олжаладық. Алайда осы нәтижемен бесінші орыннан жоғарылай алмай отырмыз.

Медаль саны 70-тен асты

Қазақстанның ауыр атлеттері өз жанкүйер­лерін тағы бір қуантты. Бұл жолы аса ауыр салмақта күш сынасқан Айзада Мүптілда тамаша өнер көрсетті. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 266 (116+150) килолық зілтемірді еңсерген ол алтыннан алқа тағып қана қоймай, осы ойындардың рекордын жаңартты. Дәл осы салмақта өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз – Любовь Ковальчук күміс медальді мойнына ілді. Оның нәтижесі – 261 (114+147) кило. Ал оның алдында ғана 102 кило салмақта сайысқа түскен Артем Антропов та (96 кило) екінші орынға тұрақтады. Осылайша, осы спорт түрін серік еткен өрендеріміз барлық жаттығу түрлерін қоса есептегенде 8 алтын, 15 күміс және 3 қола медальді иеленді.

Дзюдошылар да өз белдесулерін бастап кетті. Отандастарымыздың арасынан алғашқы болып татамиге шыққан Қанат Сейілхан (60 кило) қола жүлдені еншіледі. Жалпы, осы жарысқа біздің балуандар мықты құрамда аттанды. Сол себепті де алдағы уақытта татами шеберлері қоржынымызды тағы бірнеше медальмен толықтырады деген үміт бар.

Кеше 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева қола медаль еншіледі. Мәреге 1 минут 11,08 секундта жеткен ол қос түркиялық – Виктория Зейнеп Гюнеш пен Хазал Оканнан ғана қалып қойды. Осыдан бірер күн бұрын баттерфляй әдісімен жүзуде ең қысқа қашықтықта сайысқа түскен Пчелинцева бас жүлдені олжалаған болатын. 50 метрлік брасс сайысында Ксения Игнатова да үшінші орынға табан тіреді.

Жалпы есепте жарыс қожайындары жеке-дара көш бастап тұр. Түркиялықтардың қоржынында 265 (106 алтын+89 күміс+70 қола) жүлде бар. 121 (43+30+48) медаль олжалаған Өзбекстан құрамасы екінші орынға көтерілді. Иран үшінші сатыға сырғып түсті. Парсы елінің өкілдері 116 (37+35+44) жүлдеге иелік етуде. Төртінші орындағы Әзербайжан 71 (22+28+21) медальді еншілеуде.