Спорт • 18 Тамыз, 2022

Сербиядан олжалы оралды

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сербияның Врбас қаласында бокстан халықаралық турнир өз мәресіне жетті. 18 мемлекеттің өкілдері қатысқан жарыста Қазақстанның жастар құрама командасы керемет өнер көрсетіп, 5 алтын және 4 қола медаль олжалады.

Сербиядан олжалы оралды

54 кило салмақ дәрежесін­де Айдар Қадырхан қарсылас шақ келтірмеді. Жартылай финал­да ол сербиялық Огнен Антич­тің тас-талқанын шығарса, әзер­байжандық Махаммадәли Ашир­әлиев ақтық айқасқа шығудан бас тартты. 60 кило салмақта­ғы Төрехан Сабырхан аса тар­тысты өткен финалдық айқас­та ринг қожайыны Христофер Димитровтан басым түсті. 63 кило салмақтағы Өнер Сейіл­ханға бірде-бір боксшы лайық­ты қарсылық көрсете алмады. Бар­лық бәсекені 5:0 есебімен аяқтаған қазақтың қайсар ұлы шешуші тұста сербиялық Денис Ваничті шаң қаптырып кетті. 66 кило салмақтағы Мадияр Ербосынов та ерледі. Финалда ол Болгарияның беткеұстары Сами Халилдің екі аяғын бір етікке тықты. 80 кило салмақтағы Мадияр Бексұлтановқа жеңіс тұғы­рының ең биік сатысына көтерілу үшін небәрі екі жекпе-жек жеткілікті болды. Алғашында қандасымыз жер­гілікті боксшы Срджан Теофиловичті тізе бүктірсе, одан кейін италиялық Кристиан Сарсиллиді сан соқтырды.

Ал Ерасыл Аманкелді (48 кило), Сәкен Ермек (57 кило), Ахмет Үсен (63 кило) және Денис Кучер (70 кило) сынды был­­ғары қолғап шеберлері­міз қола медальді қанағат тұт­ты. Жар­тылай финалда Ерасыл Адмир Камесанинден, Ах­мет Денис Ваничтен жеңіл­ді. Олар­дың екеуі де Сербияның бокс­шылары. Сәкен румыниялық Арун Тудороюға есе жіберсе, Денис мажар­стандық Кристиан Ниле­боргке жол берді. Сондай-ақ осы турнирде Италия мен Әзер­бай­жан құрама команда­ларының мүшелері бас жүлдені екі-екіден олжаласа, Румыния, Мажарстан және АҚШ боксшыларына бір-бір алтын медальдан бұйырды.