Спорт • 18 Тамыз, 2022

Мерей күміс алды

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Болгарияның астанасы – Софияда шымылдығы түрілген жастар ара­сындағы (U-20) әлем біріншілігін Қазақ­станның еркін күрес шеберлері бір жүлдемен қорытындылады.

Мерей күміс алды

57 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Мерей Базарбаев тұсаукесер кездесуінде грекиялық Андреас Паротсидисті айқын басымдықпен ұтып, іле-шала үндістандық Абхишек Дхаканы әбден діңкелетті – 5:1. Жартылай финалда украиналық Георгий Казанжимен біраз тірескен қандасымыз жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті – 6:4. Финалдық сайыс та өте шие­леністі өтті. Бәсеке барысында Базарбаев америкалық Йоре Расселл Волкты үш ұпай­ға ұзатып алды. Белдесудің соңына таман қазақ балуаны ширақ қимылдағанымен, қарсыласын қуып жете алмады – 2:3. Нәти­жесінде, Мерей әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.

Өкінішке қарай, өзгелеріміз жеңіс тұғы­рына көтеріле алған жоқ. Атап айтсақ, Маис Әлиев (61 кило), Олжас Олжаханов (65 кило), Радион Анчугин (70 кило), Ілияс Ерболатов (74 кило), Мүсілім Жақсылық (86 кило), Нұрдәулет Бекенов (92 кило) және Бекзат Тәжі (125 кило) бастапқы кезеңдерде сүрінсе, Шамсат Тайыр (79 кило) мен Зелимхан Мусиханов (97 кило) ширек финалға дейін жетті.