Ардагерлерге алғыс
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске биылғы 9 мамырда 69 жыл толды. Осы айтулы мерекеге орай Отанымыздың барлық елді мекендерінде ардагерлерге зор сый-құрмет көрсетілуде. Яғни мерекелік дастарқандар жайылып, басқа да түрлі салтанатты шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұдан бөлек, қалыптасқан дәстүр бойынша, жергілікті билік Ұлы Отан соғысының барлық қатысушыларына бір рет берілетін ақшалай жәрдемақы тағайындады. Сонымен қатар, кейбір өңірлер ардагерлердің бір айлық коммуналдық төлемдерін өтеп беруге шешім қабылдады. Әрине, жәрдемақы көлемі әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай әртүрлі болып отыр. Бірақ мәселе оның нақты көлемінде болмаса керек. Ең бастысы – елімізде ардагерлерге лайықты құрмет көрсетілу үстінде. *Ақтөбе облысы Ұлы Отан соғысының от -жалынынан өткен майдангерлер қатары сиреп қалды. Қазір облыста небәрі 211 Ұлы Отан соғысына қатысушы тұрады. Солардың 160-тан астамы Ақтөбе қаласының тұрғыны. Жергілікті билік оларға барлық тұрмыстық жағдай туғызып келеді. Майдангерлер «Ардагер» емханасында денсаулығын тексертіп, емделеді. Өңірдегі соғыс ардагерлерінің барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Майдангерлердің коммуналдық төлемдерін өтеуге әр ардагерге ай сайын жергілікті бюджет есебінен 10 мың теңге төленеді. Олар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай Ұлы Отан соғысына қатысушылардың әрқайсысына облыстық бюджеттен 100 мың теңге берілді. Ақтөбе қаласында тұратындар үшін Отан қорғаушылар күні дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды. Осы шара барысында қалада тұратын үш соғыс ардагеріне және үш Ұлы Отан соғысына қатысушының жесіріне пәтер сертификаттары тапсырылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». *Алматы облысы Елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай Талдықорғанда Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қабылдап, сый-сияпат көрсетті. Жалпы, Жетісу жерінде 471 ҰОС ардагері болса, соның 320-сы сұрапыл соғысқа қатысушы, 152-сі мүгедек жандар. Облыс әкімінің кездесуіне 100 ардагер шақырылып, облыстық бюджеттен олардың әрқайсына бір жолғы материалдық көмек ретінде 50 мың теңгеден берілді. Ардагерлер басқосуында майдангерлер Солтанбай Жарықбаев пен Григорий Харченко мінбеге көтеріліп, кешегі күн естеліктерін тілге тиек ете тұрып бүгінгі өскелең өмірге ризашылықтарын білдірді. Әлбетте, Елбасына, облыс әкіміне алғыстарын да ағыта білді. Қарттар көңілдерін аулай білген Аңсар Мұсаханов құттықтау сөзбен шектелмей, ардагерлерге ақ дастарқаннан дәм татқызып, осы күні облыстың әр түкпірінен арнайы келген қариялардың қонақүйде орналасып, дәрігерлер тексерулерінен өтуіне де жағдай туғызды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». * Атырау облысы Атырау облысында да Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлерінің әрқайсысына ерекше сый-құрмет көрсету шаралары бастау алды. Жұртшылықпен жүздескен майдангерлер қаруластарының ерлігі жайында естеліктер айтып, бүгінгі бейбіт өмірдің қымбаттығын, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастар санасына сіңіруде Мұз жастанып, қар жамылып, қан майданның қиындығын көрген соғыс ардагерлерінің әрқайсысына жергілікті билік тарапынан 100 мың теңгеден қаржылай сыйақы беруі көзделуде. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың мәлім еткеніндей, қазір Атырау облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, кейіннен бейбіт өмірде ерінбей еңбек еткен майдангерлердің ең үлкені – ғасырлық ғұмырдың дәмін татқан Байғазы Байетұлы Индер ауданының Есбол ауылында тұрады. Бұл майдангер дәл Жеңіс күнінде, яғни 9 мамырда 100 жасқа толғалы отыр. – Оқ пен оттың ортасынан оралған соғыс ардагерлерінің қатары Атырауда да азайып барады. Дәл қазір мұнайлы өңірде соғысқа қатынасқан 100 соғыс ардагері бар. Өңір басшылығы Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы беруге шешім қабылдады. Бұған қоса соғыс ардагерлерінің коммуналдық қызметтерге төлемі үшін бюджеттен ай сайын 10 000 теңгеден беріліп келеді, – дейді Қатимолла Ризуанов. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». * Жамбыл облысы Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары азайып келе жатқаны жасырын емес. Бұрын әр ауылдан, үлкен көшелердің бойынан кеудесіне жарқыратып орден-медалін таққан ардагерлерді жиі көруші едік. Тіпті екі үйдің бірінде «Бұл үйде соғыс ардагері тұрады» деген тақтайшалар қағулы тұратын. Уақыт өз дегенімен жүреді екен. Бүгінгі күні Жамбыл облысында 304 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2377 оларға теңестірілген, 456 тылда жұмыс атқарған азаматтар тұрады. Жеңіс мерекесі қарсаңында жергілікті бюджет есебінен соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден, оларға теңестірілгендерге 20 мың теңгеден, ал, тылда жұмыс атқарғандарға 10 мың теңгеден бір жолғы материалдық жәрдемақы төлеу қарастырылған. Әрине, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан осынау ардагерлерге қандай сый-сияпат жасасаң да жарасады. Және тек Жеңіс мерекесі тұсында ғана емес, жыл бойы ұмытпай, қолдан келген қамқорлықтың бәрін жасап отыру қажет. Әрбір ардагер қамқорлықты сезінуі тиіс. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». * Қостанай облысы Осыдан жетпіс жыл бұрын сұрапыл соғыста жауған оққа қарсы тұрған майдангерлер бүгінде тәуелсіз елдегі бейбіт күннің бақытын сезініп отыр. Облыста қазір қан майданның куәгеріндей 435 соғыс ардагері тұрады. Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне 25 айлық көрсеткіш көлемінде, яғни 46300 теңге сыйақы берілді. Бұл облыстың барлық аудандары мен қалаларының бюджеттері есебінен жүзеге асты. Мұның сыртында соғыс ардагерлеріне тұрмыстық қажеттіліктері үшін ай сайын берілетін 11112 теңге жәрдемақының көлемі мамыр айынан бастап 18520 теңгеге жетті. Жеңілдіктері мен кепілдіктері жөнінен Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген Ауған соғысының ардагерлері, бейбіт күнде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлері, осы категорияға жататын басқа кісілер Жеңіс мерекесінде ескерусіз қалған жоқ. Оларға 9260 теңге бір жолғы сыйақы берілді. Облыста Ұлы Отан соғысы кезінде тыл ауыртпалығын көтерген, Жеңісті жақындатуға үлесін қосқан 10267 адам тұрады. Олар да Жеңіс мерекесі құрметіне 9260 теңгеден сыйақы алды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». * Қызылорда облысы Ер етігімен қан кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл соғысқа қатысқан ардагерлерді қалай ардақтасақ та артықтық етпейді. Қызылорда облысындағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға бюджет есебінен әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатыр. Мысалы, 119 майдангерге 148160 теңгеден берілмек. Ал соғыста қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне де осы көлемде көмек көрсетілді. Сондай-ақ, соғыс жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн КСРО-ның орден-медальдарымен марапатталған 196 адамға 92600 теңгеден сыйақы төленді. Ал соғыс уақытында фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 148 160 теңге көлемінде беріледі. Ең ақыры 1941-1945 жылдар аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген азаматтарға 55560 теңгеден өтемақы жасалды. Ал Қызылорда облысында ондай адамдардың саны 6874 екен. Жалпы, облыс бойынша барлығы 7193 ардагерге 411 285,8 мың теңге әлеуметтік көмек төленді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». * Маңғыстау облысы Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 77 соғыс ардагері тұрады. Мереке қарсаңында олардың барлығына 100 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 847 ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға 50 мың, 5 соғыс ардагерлері жесірлеріне 40 мың, соғыстан оралмаған 115 сарбаздың әйелдеріне және 46 бейбіт уақытта әскери қызмет атқаруда қайтыс болғандар отбасыларына, 1150 соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлеріне 10 мыңнан, 122 ауған соғысы және Чернобыльдағы АЭС апаты мүгедектеріне 60 мың, 31 Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға 20 мың теңгеден сыйақы берілді. Бұл сыйлар үшін жергілікті бюджеттен барлығы 2393 адамға 71 млн. 300 мың теңге бөлінді. Жеңіс мерекесіне орай Маңғыстау облысы әкімдігі 77 ҰОС ардагеріне әлеуметтік көмек көрсету бойынша облыстық басқармалар мен аумақтық мемлекеттік қызметкерлердің, құқық қорғау саласының, Ақтау әскери гарнизонының, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жауаптылар кестесін бекітті. Аталған жауапты тұлғалар 15-25 мың теңге көлемінде азық-түлік, 100 мың теңгеге дейін материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, жауапты тұлғалар арқылы облыс әкімі атынан қаржылай сый-сияпат тапсырды. Ақтау қалалық әкімдігі бастамасымен 20 соғыс ардагеріне құрылыс ұйымымен қаржылық көмек көрсетілді. Ал аудандар, қалалар әкімдері ардагерлер мен тыл қызметкерлеріне арнап салтанатты жиын ұйымдастырса, жастар жағы түрлі акциялармен қолдау көрсетті. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». * Оңтүстік Қазақстан облысы Күн өткен сайын майдангер ұрпақ өкілдері азайып барады. Оңтүстік Қазақстан облысында осыдан он күн бұрын 1941-1945 жылдарғы екінші дүниежүзілік соғыстың 550 ардагері бар еді. Ұлы Жеңіс мерекесіне екі күн қалғанға дейін олар он екі адамға кеміді. Жергілікті бюджеттен ҰОС ардагерлеріне ақшалай көмек көрсетілді. Орта есеппен алғанда әрқайсысына 111 мың теңгеден келеді. 25463 тыл еңбеккеріне де көңіл бөлініп, аудандар мен қалаларда іс-шаралар өткізіліп, ақшалай-заттай сыйлықтар тапсырылды. 6 мамырда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен опера және балет театрында, осы өнер ордасы әртістерінің күшімен аудандар мен қалалардан жиналған ардагерлерге концерт қойылып, демеушілер есебінен «Манчестер» мейрамханасында дастарқан жайылды. Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан». * Павлодар облысы Облыста Жеңіс мерекесіне байланысты көптеген шаралар өтуде. «Майдан жолы» еске алу тобы соғыс кезінде қаза болған павлодарлықтардың зираттарын іздеу үшін Ресейдің Невель қаласына аттанды. Бірнеше рет жолға шыққан бұл сапарға «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ демеушілік жасауда. Мәліметтер бойынша, 1941-1945 жылғы соғысқа облыстан 46 мыңнан аса адам қатысыпты. Арнайы экспедиция мүшелері із-түзсіз кеткен 50-ге жуық жауынгердің есімдері мен қай жерде жерленгендері жайында ақпарат тапты. Облыстан 31 адам Кеңес Одағы Батыры атағын алды. Ал, бұл күндері облыста соғыс өртін көрген 306 ардагер қалыпты. Биыл осы 306 ардагерге облыстық бюджет қаржысынан әрқайсысына 127 778 теңгеден ақша бөлініп, есеп-шоттарына түсіріліпті. Пәтерлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сол бір өткен ауыр күндердің майдан жолы қазір мектептерде «Елін қорғау – ерге сын» атты әскери-спорттық жарыстармен, тақырыптық кездесулермен атап өтілуде. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «В памяти поколений», Шафер музей үйінде «След Победы», Әскери Даңқ музейінде «Қаза болғандардың даңқы ұмытылмайды» тақырыбында фотоқұжаттар көрмелері ашылды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалы театрдың әртістері «Майдан әндерін еске алайық» атты ән кешіне шақыруда. Ал, «Достық» үйінің кең залында облыстық мұрағаттар бөлімі дайындаған «Боздақтар» атты облыстан майданға аттанғандар жайлы шыққан 3 естелік кітаптың тұсаукесеріне әзірлік жасалуда. Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан». * Солтүстік Қазақстан облысы Ұлы Жеңістің 69 жылдығын Қызылжар өңірінде кеңінен атап өтудің кешенді іс-шаралары жасалып, бүгінде көзі тірі 343 майдангерге жан-жақты қамқорлық көрсету белгіленген. Ол үшін жергілікті бюджеттен 57,7 миллион теңге, қайырымдылық акциялардан 8,6 миллион теңге бөлінген. Сонда соғыс ардагерлері мен мүгедектердің әрқайсысы 117600 теңге мөлшерінде қаржылық көмекке ие болады. Сондай-ақ, екі мыңға жуық майдангерлердің жесірлері, тыл еңбеккерлері, Ленинград құрсауында болған жандарға жергілікті қазынадан 17,2 миллион теңге бөлініп, 9260 теңге көлемінде ақшалай көмек беріледі. Бұдан тысқары ірі кәсіпорындар мен жекелеген кәсіпкерлер соғыс және тыл ардагерлеріне ақшалай, заттай сый-сияпат жасайтын болса, «жас тимуршылар» үй-үйді аралап, қолғабыс көмегін ұйымдастырады. Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарьдың мәлімдеуінше ескі үйлерде тұрып жатқан соғыс ардагерлеріне 100 мың теңгеден көмек беру, «Жеңіс» саябағын жаңғыртуды жалғастыру, стела орнату, ардагерлер үйін салу шаралары қарастырылған. Өмір ЕСҚАЛИ. «Егемен Қазақстан». * Шығыс Қазақстан облысы Шығыс өңірінде Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне бірқатар әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Мәселен, Өскеменде әр соғыс ардагеріне 70 мың теңгеден жәрдемақы берілсе, Семей қаласындағы ардагерлердің әрқайсысы 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды. Сонымен бірге, ардагерлер үшін электр қуатын үш ай бойы тегін пайдалану және түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 747 ҰОС ардагері бар. Ал жеңілдіктері жағынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар саны – 2616, соғыс мүгедектеріне теңестірілгендер – 4360, тыл еңбеккерлері 30133 адамды құрайды. Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесінде өңір басшысы Б.Сапарбаев облыстың түкпір-түкпірінен келген 75 ардагермен кездесті. Басқосуда ардагерлер соғыс жылдарындағы ауыртпалықтар мен майдандас достарын еске алысты. Өскеменде 300-ге жуық соғыс ардагері тұрса, оның ішінде 30 қария – жеке сектор тұрғыны. Келісімі бойынша олардың ауласына «Мұнда ҰОС ардагері тұрады» деген жазуы бар тақтайшалар орнатылды. Жастардан құралған еңбек жасақтары ардагерлерге қол еңбегі тұрғысынан көмек көрсетіп, үйлері мен аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32