Ғылым • 18 Тамыз, 2022

Жойылып кеткен тасманиялық жолбарыс қайта тірілуі мүмкін

677 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аустралия мен АҚШ-тың зерттеушілер тобы жойылып кеткен тасманиялық жолбарыс популяциясын қайта тірілту жобасына кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Жойылып кеткен тасманиялық жолбарыс қайта тірілуі мүмкін

Бұл қалталы қасқыр немесе тилацин деп аталатын жыртқыштардың соңғысы өткен ғасырдың 30-жылдарында жойылып кеткен.

Жобаны Мельбурн университеті мен Гарвард университетінің профессоры және адам геномының шифрын ашу жобасын жасаушылардың бірі Джордж Черч негізін қалаған Colossal Biosciences америкалық биотехнологиялық компаниясы жүзеге асырмақ.

Жобаға қатысушы ғалымдар жануарды бағаналы жасушалар мен геномды өңдеу арқылы қалпына келтіруге болатынына сенімді. Ұқсас ДНҚ-сы бар тірі қалталы түрлерінен жасушалар алып, содан кейін жойылып кеткен түрді немесе соған мейлінше жақын түрін қалпына келтіру үшін өңделеді.

Зерттеушілер қалпына келтірілген жануардың алғашқысын шамамен он жылдан кейін жабайы табиғатқа шығаруға ниетті.

Процесс бірқатар ғылыми жетістікті қажет етеді. Егер сәтті іске асса, жойылып кеткен биологиялық түрді реанимациялаудың алғашқы жағдайы болмақ.

Алдын ала жасалған бағалаулар бойынша тилацинді қалпына келтіру жобасына 75 миллион доллар қажет. Жобаны қаржыландыруға 2017 жылы алғашқы биткоин миллиардерлері ретінде танылған ағайынды Кэмерон және Тайлер Уинклвостар, сондай-ақ, Marvel компаниясының картинасында Тор кейіпкерін сомдаған актер Крис Хемсворт тартылып отыр.

Тасманиялық жолбарыстарды тірілту идеясы ғалымдардың ойында 20 жылдан бері жүр. 1999 жылы Сиднейдегі Аустралия музейі жыртқышты клондауға ұмтылған еді. Содан бері жануардың қолда бар үлгілерінен ДНҚ алу немесе бөлшектерін қайта қалпына келтіруге бірнеше талпыныс жасалған.

«Мәселе бұл жаңалықтың мүмкіндігінде емес, қашан жүзеге асатындығында», дейді Мельбурн университетінің профессоры, биолог-эволюционист Эндрю Паск.

Алайда, бұл жобаны ғылыми фантастикаға балап, кекесінмен қарайтын сарапшылар да бар.