Шәрипа Тұрымбетова кім еді?
Сонау сұрапыл соғыс жылдарының қайғы-қасіретін, өзекті тіліп түсер мұң-зарын, бүкіл азабын көрген соғыс ардагерлерінің қазіргі уақытта арамызда қалғаны санаулы-ақ. Сол жылдары Отанын қорғап жүрген азаматтарымызға қазақстандық өнер шеберлерінің қан майданға барып өнер көрсетулерінің өзі үлкен ерлік деп есептейміз. Жақында үйдегі архивтен 1994 жылғы 7 мамырда шыққан «Егемен Қазақстан» газетін тауып алдым. Онда «Майдан шебінде өнер көрсеткен биші Шәрипа Тұрымбетова туралы бір үзік сыр» деген атпен атақты жазушы Ғабит Мүсірепов жазған мақала берілген екен. Мұнда Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақовтың естелігінен бір үзік сыр айтылған.
«Күніне екі рет концерт беріп отырдық. Әсіресе, Шәрипаға қиын болды, ол биші болатын. Жұқа киім киіп билейді. Сахнамыз далаға орнатылған уақытша сәкі. Концерт аяқталғанша қалшылдап-дірілдеп шығады...».
Елағаң Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына өнер көрсету үшін бірнеше рет барған екен. Ал, жоғарыдағы естелік – өнер шеберінің екінші сапарының бір белгісі. Елағаң сынды тағылымы биік өнер қайраткерлерімен сапарлас, әріптес болған беймәлім биші кім болды екен? Қалай десек те, Шәрипаның сол кездегі мың бұратыла билеген биі майдан шебіндегі талай жауынгерлердің өршіл рухын көтеріп, туған жерге, алыстағы қазақ даласына, ата-анасы мен аяулы жарына деген сағынышты маздатқаны рас. Сол сағыныш жауды тезірек жеңіп, жеңісті жақындатуға да септігін тигізген шығар-ау. Ал оны Шәрипа Тұрымбетова былай деп еске алыпты.
– 1942 жылдың күзінде он адамнан құралған өнер шеберлері бригадасын майданға жазушы Ғабиден Мұстафин бастап алып барды. Жүсіпбек Елебеков, Елубай Өмірзақов сияқты өнер саңлақтарының қатарында өнер көрсетуді менің маңдайыма да жазған екен. Біз барған Калинин майдан даласын дұшпанның ұшқыштары жиі-жиі соққыға алып жатушы еді. Дегенмен, жауынгерлердің өршіл рухын көтеру үшін күніне бірнеше мәрте өнер көрсетуге тура келді. Кейде алаңда билесем, кейде машина кузовы үстінде билеген кездер де болды. Қайткенмен де оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлердің көңіліндегі сағынышын басып, жеңіске деген жігер нәрін құю басты міндетіміз еді, дейді биші Шәрипа Тұрымбетова.
Біздің өнер шеберлері осы Калинин майданы аумағында жауынгерлерге 70 күн ішінде 130-дан астам концерт қойды. Бұл биші Шәрипа Тұрымбетова сол күндері 130 рет биледі деген сөз! Осыншама мәрте жауынгерлердің жүрегіне жылулық ұялатып, ұлтжандылық рухына қозғау салды деп те айтуға болады.
Мына бір сарғайған парақтар да сол сұрапыл соғыс күндерінен қалған бір мұрағат іспетті. Жоғарғы жағына үлкен әріптермен «Қазақстандық әртістердің майдандық бригадасына» – деп жазылыпты. Енді әрі қарай көз жүгіртелік. «Біз Қазақстанның өнер шеберлері халық әртістері Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елебеков, әртістер Шәрипа Тұрымбетова, Ғайникамал Баубекова, жазушы Ғабиден Мұстафин, мәнерлеп оқудың шебері Атаманаки, әртістер Басов, Ткаченко, Львович және концерттің жүргізушісі Астаховтармен кездескенімізге қуаныштымыз», деп жазыпты. Алғыс қағазының аяқ жағына 234-ші атқыштар дивизиясының командирі полковник С.Гурев, командирдің саяси істер жөніндегі орынбасары подполковник М.Смирнов, саяси бөлімнің бастығы Ш.Садықов қол қойған. Бұл да майдан шебіндегі тарихи сәттің бір мұрағаты. Ол күндер, ол адамдар қайталанбайды! Осы деректерді оқып отырып өзім өте толғанып та отырмын. Өйткені, Шәрипа Тұрымбетова менің екінші анам (енем) болды. 4 баланың анасы, ұлының үлкені Мұрат Орайханұлы менің жұбайым еді. Біздер көп жылдар жақсы қарым-қатынаста болдық. Анамыз мен оқыған Қыздар педагогикалық институтында 50 жылдай қызмет атқарды. Мен оқып жүргенде арнайы «Киім пішу, тігу курсын» оқитынбыз. Ол кісі сол курстан сабақ берді. Қыздарды киім пішуге, киім тігуге үйретті. Кейін ол курс тек факультативті курс болып қалды. Сонымен қоса 1968 жылы ұйымдастырылған «Айгүл» вокалды-аспапты ансамбльдің костюмершасы болып көп жыл қызмет атқарды. Шәрипа Тұрымбетова өте шебер адам еді. Отбасында өте сыйлы әже, ана бола білді. Туыстарына Орайхан атам екеуі қолдарынан келгенше ақыл-кеңес беріп отыратын. Егер отбасы жағдайына байланысты өнер жолынан қол үзбегенде ол кісі барлық атақтарға ие болар еді. Өйткені, оның шебер орындаушы екендігін жоғарыда аталған азаматтардың естеліктерінен білуге болады.
Шәрипа анамыздың әпкесі Хадиша апай Абай атындағы опера және балет театрында әнші болып қызмет атқарды. Хадиша апай сіңлісін өнерге баулыған екен. Сөйтіп, жас Шәрипа музыкалық техникумға түсіп, оны ойдағыдай бітірген соң опера және балет театрында биші болып істейді. Шебер орындаушы болғандықтан басшылар Шәрипаны өнер шеберлері бригадасының құрамында майданға барып концерт беруге мүмкіндік береді. Өнер жолымен ерте қоштасқанына іштей өкінетінін сезетінмін. Бірақ ол кісі оны білдіртпейтін. Өмір қысқа ғой. 2001 жылдың аяғында үлкен ұлы Мұрат өмірден өтті, жарты жылдан соң Шәрипа анамыз, Орайхан әкеміз де өмірден озды. Бірақ ол кісілердің еңбектері, атқарған игі істері ұмытылмақ емес.
Төлеужан ӘБІШЕВА,
Қазақ қыздар педагогикалық университетінің доценті.
АЛМАТЫ.