09 Мамыр, 2014

Соғыстың соңғы нүктесі

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Талғат Бигелдинов аспан шайқастарының саясат-сырларын, ұңғыл-шұңғылын жете меңгерген саңлақ болды. Польшаға кірген уақыт. Бір батальон Висла өзенінің ар жағына өтіп, Сандомир қаласы тұсынан шағын плацдарм алып бекініпті. Немістер қайткен күнде де осы плацдармды құртуды ойлайды. Талғаттың бір әдеті, барлауға түнгі уақытта шығатын. Бір жолы таң атып қалған кезде алыстан бұрқылдаған шаңды көреді. Анықтап қараса, 40 шамалы танк соқтыртып келе жатыр. Біздің плацдармдағы батальонға 30 шақырымдай қалған. Жетсе болды, таптап тып-типыл қылып өтпек. Талғат дереу жерге хабарлайды: Резеда! Резеда! Мен – Бигелдинов! Осындай да осындай. Жақын маңдағы кез келген аэродромға қонып, ұшақтар тобын алып шабуылдауға рұқсат етіңіз... Сол арада Талғат аэродромға қонып, жанармай құйғызып алады да, әзір тұрған 24 ұшақты бастап барып әлгі мұздай құрсанған танктердің тас-талқанын шығарады. Сонда танктер плацдармға 5 шақырымдай жақындап келіп қалыпты. Енді аз кешіккенде батальонды құртады екен... Маршал Коневтің айрықша алғысын алып, ықыласына бөленгені осы жолы еді. Дәл Жеңіс күні, 9 мамырда соғыстың соңғы нүктесін қою құрметі де қазақ қыранының пешенесіне жазылыпты. Сол күні ертемен Талғат комдив Дольченкодан: «Бүкіл эскадрильяңмен Праганың күнгей шетінен жер бауырлап ұшып өт!» деген шұғыл жауынгерлік тапсырма алады. Сөйтсе, қаланың оңтүстік жағына орнығып алған бір эсэс дивизиясы «сөзсіз тізе бүгуді» мойындамай, қарсыласып жатқан көрінеді. Үстерінен қара бұлттай төніп Талғат эскадрильясының болат беренді сұңқарлары шүйіле қаптап ұшқанда жау жүйкесі бырт-бырт үзіліп, солдаттар үрейлері ұшқаннан жата қалып, қолдарын көтеріп беріле бас­тады. Оқ жұмсамаған психологиялық әуе шабуылы діттеген мақсатына осылайша жетті. Сонда құлақтағы радиоқондырмадан: «Молодец Бигельдинов! Задание выполнен! Возвращайся домой!» деген командирінің саңқылдаған шат дауысын естіген Талғат сұңқарларын соңынан ертіп, соғыстың соңғы нүктесін қойып, Дрезден түбіндегі тұрақтарына оралған екен. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.