Белгілі суретші Амандос Ақанаевтың өз стилі бар. Ол шығармаларында көшпенділер мәдениеті мен еліміздің бай өркениетін ерекше етіп көрсетеді. Оның картиналары қазақ тарихын жаңғыртуда. Мәселен, «Сәукеле» картинасында қалыңдықтың тойға арналған бас киімін киген сәтін бейнелеген. XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын» деп кескен екен. Бұл дерек ғалым, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінде жазылған.
Бақсаңыз, суретші бас киімге басымдық береді. Сәукеле қыз баланың бұрынғы қамсыз өмірден кейінгі отбасылық жаңа өмірді бастауының символы саналады. Сәукеле шашақтармен және әртүрлі ұсақ алтын және күміс тиындармен көмкерілген. Одан бөлек ақық, перуза және аметист сынды асыл және жартылай асыл тастармен түрленіп, көрерменнің көркін өзіне тартады. Өте бай әдептелген сәукеледен қалыңдықтың жүзі көрінбейді.
Туындыда қалыңдық мерекелік безендірілген киіз үйде отыр. Алуан түсті өсімдік стиліндегі өрнектер геометриялық өрнектермен араласа отырып, кенеп бетін толтырады да, картинаға мерекелік көңіл күй сыйлайды. Суреттің жоғарғы жағындағы шаңырақтан көгілдір түсті таза аспан көрінеді. Ол көрерменнің назарын әшекейлі сәукеледен жоғары жылжытып, бас киімнің ұшындағы үкіге аудартады.