Олардың есімдерін жаңғырту үшін бірқатар игілікті жоба басталып кеткеніне де бірталай уақыт болды. Жуықта «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Міржақып Дулатұлы туралы тарихи телехикаясының түсірілімін бастады. Тарихи тұлғаның өмір жолындағы айтулы оқиғаларға негізделген сериал Алаш қайраткерінің өмірі, шығармашылығы мен саяси күресі жайында сыр шертеді.
– Биыл «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 5 тарихи сериал түсіреді. Олар Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Қорқыт тұлғасына арналған телехикаялар және ең ауқымдысы 6 бөлімнен тұратын осы «Міржақып.Оян қазақ!» сериалы. Өндіріске қатысты болсын, шығармашылық процестерде болсын біздің мамандар жыл сайын жаңа мектептен өтіп, шыңдала түсуде. Өзіміз үшін биыл тағы бір жаңа тәжірибе енгіздік. «Міржақып. Оян қазақ!» сериалын спинофф жоба ретінде ұсынғалы отырмыз. Өткен жылғы «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалындағы актерлер ойнайды, сондағы кейбір оқиғалар жаңадан өрбиді. Яғни бұл сериалдағы Ахмет те, Әлихан да, бас кейіпкер Міржақып та көрермен үшін жақсы таныс болады. Түсірілім жұмыстары Алматы облысында, Алматы қаласында, өзінің туған жері Қостанай облысында өтеді, – деді «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Қазір 6 бөлімнен тұратын телехикаяның түсірілім жұмыстары басталды. Негізгі түсірілім Алматы қаласы, Алматы мен Қостанай облыстарында жүргізіледі. Міржақыптың рөлін актер Бақыт Қажыбаев сомдайды, ал жары Ғайникамал рөлінде актриса Зарина Кармен. Телехикаяның сценарийін Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалым және Ұшқын Сәйдірахман жазған. Режиссері – Мұрат Есжан, продюсері – Айсәуле Әбілдаева. Сериалда Әлихан Бөкейхан рөлін Бауыржан Қаптағай, Ахмет Байтұрсынұлын Байғали Есенәлиев сомдайды.