Кино • 18 Тамыз, 2022

«Сұлтан Бейбарыс»: Билік философиясы

1717 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Болат Мансұров түсірген «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде ащы шындық бар. Балалық ғұмыры трагедияға толы билеушінің тағдыры ауыр. Соғыстың әкелетін зардабы туралы адамзатқа айтар үндеуі бар.

«Сұлтан Бейбарыс»: Билік философиясы

ХІІІ ғасырда Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыстың тағдыры үлкен сабақ. Бала күнінде шапқыншылықтың құрбаны болған, үлкен өмір сынақтарынан өткен оның қаруы әділдік болды. Жүре­гіне жазылған бір ғана «Көке» сөзі оның жадындағы өшпес жаңғырығына айналды.

Сұлтан жер бетіндегі әлсіз­дерге қорған, адалдық пен арам пиғылды дұрыс ажырата білуші ретінде миссия атқа­ратынын алға тартады. Көзге тура қарау арқылы шындықты көре білу тәсілін қолданады. Халықты ішінен аяғыңмен жүріп көру – көп жағдайларды әділ таразылауға мүмкіндік береді.

Тарихшылар Сұлтан Бей­ба­рыс Мысырды билеген жыл­дары ғылым, білім, ағар­ту­шылық, өнер гүлденген тұсы деп баға береді. Фильмде Сұл­танның «Менің қолым тиген дүниенің бәрі қасиетке айналады» деген жанды сөзі бар.

Фильмдегі ең басты акцент аналардың зарлы әуеніне қойылған. Бала Сұлтанның жүрегіне салынған ең ауыр жара – ата-анасынан жетім қалу. Қорғансыз баланың тағ­дыры оның келешегіне са­лын­ған дара жолы болды.

Орта ғасырда жер, территория, мансаптық қақтығыстар үшін жаугершілік тарихи оқиғалар көп болған. Аяғы ауыр аналардың ішіне дейін найза сұғу – бұл адамзаттың ең үлкен трагедиясы.

Сұлтан Бейбарыстың шын­дыққа тура қарайтын ұста­нымдары қатаң болды. «Сұл­тан жүрексіз өмір сүре алады, бірақ ақылсыз өмір сүре алмайды» деген қағидасы көп шындықтың бетін ашады.

Сұлтанның әйел затына деген қарым-қатынасының астарында мынандай ақиқат бар. Әр ер азаматтың ессіз істерінің артында бос сауық-сайранға деген әуестік, ашкөздік орын алса, оның түпкі себептерін жанындағы жұбайынан іздеп көру керек.

Фильмнің финалы ақиқат­тың басын ашады. Мысырда­ғы пирамиданың ішіндегі құпия­ны көзімен көретін сәті бар. Бұл адамзатқа үлкен үндеу тастайды. Жерде өзін Құдай сезінетіндер жаратылыстың өз Жаратушысы бар екендігін ұмытпауды еске салады.

Адам мәңгі емес. Топырақ­қа айналатын табиғатымыз­ды толық түсінуге сабақ береді. Билік – ақылға иелік ету ғана екенін фильм авторлары Бей­барыстың өмірі арқылы түсін­діріп бере алды. Қандай жағдайда да қан төгілмесе, жаһандану саясатында адамзат бір-бірімен жау­ласпауды үйренсе, бұл өрке­ниеттіліктің жоғарғы мәдени деңгейі.

Бесік, туған жер, топырақ, Ананың зарлы әуені – фильмде Сұлтан Бейбарыстың билікке келудегі басты мотиві ретінде бейнелі түрде ішкі өткерген шынайы күйін ашады.

Жусанның исіне деген са­ғы­нышы, жырақта жүріп қаді­рін бәрінен артық түсінген, әділ­дік жолымен ғана жүрген би­леу­шінің шыққан тегіне деген өмір­лік із салады. Бүгінгі қо­ғам осыдан сабақ алса, бұл филь­м­нің мақсатының ақтал­ғаны.

 

Гүлзат КӨБЕК,

кинотанушы,

өнертану PhD докторы,

«Тұран» университетінің профессоры