Спорт • 18 Тамыз, 2022

Түркия тым ұзап кетті

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Түркияның Конья қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстанның спортшылары елеулі табыстарға қол жеткізді. Әсіресе біз отандық жекпе-жек шеберлерінің асқан шеберлігіне тәнті болып, олардың айшықты өнеріне құлшына қол соқтық.

Түркия тым ұзап кетті

Қазақстанның кикбоксшы­ларының даңқы алысқа жайыл­ғанын барша жұрт жақсы бі­леді. Өткен ғасырдың тоқса­нын­­шы жылдарының басын­да бұл өнерді біздің елге әке­лген Сабыржан Махметов еді. Саң­лақ Сабыржанның тұ­сын­да жерлестеріміздің бағын­дыр­маған белестері жоқ. Сол үр­діс күні бүгінге дейін жалға­суда. Осы Исламиадада үш бір­дей сайыпқыранымыз жеңіс тұ­ғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар – Нұрсұлтан Жұ­ма­баев (51 кило), Алихан Оз­доев (67 кило) және Мақсат Үсіпов (71 кило). Бұл спортшылар­дың барлығы да қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ал 81 кило салмақта сынға түскен Руслан Степанов күміс медальді иеленді.

Каратэшілер сайысында Қайсар Алпысбайдың қарқынына ешкім шыдай алмады. Көптеген халықаралық жарыста жүлде алып жүрген қандасымыз бұл жолы да өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Қарсы келгендерді қоғадай жапырған Қайсар 60 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Финалда ол кувейттік Абдолла Шаабанды шаң қаптырып кетті. Саудиялық Сауд Албишер мен алжирлық Хеласс Аюб үшінші орынға табан тіреді.

Жүзушілердің жарысында тағы да Әділбек Мусин жасындай жарқылдады. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмаған ол алтын тұғырға көтерілді. Бұған дейін Әділбек осыдан екі есе ұзын қашықтықта да бас жүлдені олжалаған еді. 4х100 метрлік аралас эстафетада құрамында Ксения Игнатова, Аделаида Пчелинцева, Даниэла Дюваль және София Әбубәкіро­ва бар Қазақстан құрамасы күміс медаль олжалады. Дәл сол қашық­тықта ерлеріміз қолаға қол созды. Бұл команда сапында Егор Попов, Айбек Қамзенов, Әділбек Мусин және Александр Варакин өнер көрсетті.

Жалпы есепте Түркия құра­масы алда келеді. Жарыс қожа­йындарының қоржынында 303 (127 алтын+97 күміс+79 қола) жүлде бар. Өзбекстан құрамасы енді екінші орынды ешкімге ­бере қоймас. Олар 140 (46+38+56) медальді олжалауда. Иран үшінші сатыға тұрақта­ды. Парсы елінің өкіл­дері 127 (38+41+48) жүлдені ен­шіледі. Төртінші орында – Әзер­бай­жан. Олар 85 (26+30+29) медальді иемденді. Үздік бестікті Қазақ­станның спортшылары тү­йін­деуде. Отандастарымыздың қор­жынына 80 (24+22+34) жүлде түсті.