Патриотизм туралы Президент ҚасымЖомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді.
Бүгінде ел халқының 19,8 пайызы – жастар. Өткен жылдармен салыстырғанда, яғни соңғы 12 жылдағы халықтың табиғи қозғалыс көрсеткіштері жастар санының азаю тенденциясын көрсетіп отыр дейді мамандар. 2009 жылы халықтың жалпы құрылымындағы жастар үлесі 28,2% болып, ең жоғарғы көрсеткіш тіркелген. Ал бүгін біз санға емес, сапаға назар аударып, жастарымыздың патриоттық рухын сөз етеміз.
«Жалпы, патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды.
Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Бала болашағына, еліне сеніп өсуі маңызды. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қарау жеткілікті. Бала 10 тіл білсе де бір ғана ана тілін жетік білудің орнын толтыра алмайды. Патриоттықтың іргетасы тілмен қалыптасады. Тіл арқылы діл, дәстүр, мәдениетке деген сүйіспеншілік оянып, оның негізінде патриоттық сезім оянады. Сонымен қатар жастардың патриоттық сезімі елдің ұлттық идеологиясына тікелей байланысты», дейді психолог Жанар Сейітмағанбет.
Ал жас ғалым Әсел Әділханова патриотизмнің тек тілмен өлшенбейтінін алға тартады.
«Күнделікті өмірде қазақша сөйлемейтін басқа ұлт өкілдері де бар. Біз оларды патриот емес деп айта алмаймыз. Патриотизмді тілдің аясында ғана қалыптастыра алмаймыз. Өйткені жастарды бөлетін емес, бірлікке шақыратын патриотизм қалыптастыруымыз керек. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір қазақстандық Отанын құрметтейді. Өзге тілде сөйлесе де еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп жүргендер бар. Бұның қарапайым ғана мысалы әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын спорттық Олимпиадада айқын көрінеді», дейді Ә.Әділханова.
Жастардың пікірінше, патриотизм Отанды сүю сезімімен ғана шектелмейді, сондай-ақ білімге құштарлық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттерді де қамтитын ауқымды ұғым.
«Патриот жас – өз Отанын сүйетін, кешегісін біліп, ертеңін ойлап, бүгін оның дамуы үшін өз саласында кішкентай болсын үлесін тигізуге әрекеттеніп жүрген адам. Менің ойымдағы патриот жас оптимист, еңбекқор және білімге құштар», дейді жас белсенді Айдана Аби. Оның айтуынша, патриот болуды әр жас өзінен бастап, кез келген әрекетінің астарында ел мүддесі мен ұлт мүддесі болуына баса назар аудару керек.
«Мүмкін мендегі патриотизм көбінің ойындағымен сай келмейтін де шығар. Бірақ сөздің мағынасына қарайтын болсақ, «отансүйгіштік» дегенді білдіреді. Мен Отанымды сүйемін, мемлекеттік тілдің дамуына үлесімді қосуға тырысып жүрмін. Блогым арқылы білім беремін деген артық болар, бірақ өзім үйренген әрбір нәрседен тәжірибеммен бөліскім келеді», деді Айдана.
Белсенді қазақ жастары орыстілділер мен қазақтілділер арасында үлкен бір ақпараттық бос кеңістік бар деп санайды. Ол – қазақтілді ресурстардың аздығы. Олқылықтың орнын қазақша дұрыс ақпарат беру арқылы қалыпқа келтіруге болады. Бұл – өз кезегінде әр қазақ жасының патриоттық рухына байланысты.
«Қазақ жастарының әдет-ғұрыпқа, ұлттық мәдениетке, Отанға деген сүйіспеншілігі жаңғырып келеді. Мұның айқын көрінісі – қыздар арасында қазақы тақияның қайта трендке айналуы. Жалпы, қазақ жастарының киім кию үлгілері этностық стильде болып, белгілі бір ұлттық атрибуттарды қолдануы – ұлттық мәдениетке деген құрмет. Патриоттықтың негізі адамның адамгершілік деңгейінде өз мәдениетіне, тарихына, Отанына деген сүйіспеншілігінен басталады. Сондай-ақ патриотизмнің бір компоненті ретінде тілді алатын болсақ, қазіргі жастардың көбі қазақ тілінде сөйлейді», дейді ЕҰУ педагогика кафедрасының аға оқытушысы Аида Мейірқұлова. Магистрлік диссертациясын патриоттық тәрбие мен оны жетілдіру бойынша жазған ол 2013 жылы жасаған анонимдік сауалдама қорытындысында қазақша сөйлеуден ұялатын жастардың көп болғанын айтады. «Университетте сабақ бергендіктен салыстырмалы түрде қарасам, осыдан 5-6 жыл бұрынғы студенттер қазақ-орыс топтары ретінде бөлінгеніне қарамастан, тек орыс тілінде сөйлейтін. Қазақ тілінен ұялу бар еді. Қазіргі таңда керісінше жастар ана тілінде сөйлеп, қазақ әндерін тыңдайды. Жеке бақылауым бойынша жастардың арасында патриотизм өте жақсы деңгейде», дейді А.Мейірқұлова.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен ел мен ұлт мүддесіне көңіл бөлмейтін де жастар бар. Бұл жастардың бойындағы рухты қалай оятамыз деген сұраққа педагог маман Есенкүл Балабаева жауап берді.
«Патриотизмді қалыптастыру – бұл адамның күш-жігерінен, отбасы, оқу орнынан бастап, саяси билік органдарына дейінгі әртүрлі әлеуметтік институт-
тардың қажырлы жұмысын талап ететін күрделі процесс. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Сондықтан патриоттық сезімді қалыптастыру үшін, ең алдымен, ана тіліміздің қолдану аясымен қатар мектеп кезінен балаларды ішкі туризммен де таныстыру керек. Егер оқушылар сабақ барысында оқыған тарихи жерлерін көздерімен көрсе, басқа да өзі сияқты оқушылармен танысса, өзара пікір алмасу арқылы еліміз туралы көбірек білер еді. Бұл білімге баулиды әрі елге деген сүйіспеншілікті оятады. Одан қала берді туризм де дамиды», дейді сарапшы.
Бір қызығы, аталған әдіс қазір Еуроодақ елдері арасында азаматтардың санасында «бір одақ» түсінігін жастайынан сіңіру мақсатында қолданылады екен. Осы орайда шетелдіктердің қазақ жастарының патриоттық деңгейін қалай бағалайтынын да сұрап білдік.
«Университет қабырғасында бірге оқыған қазақ жастарына қарап, Қазақстанда Отан, Отанды сүю түсініктері жақсы қалыптасқан деп айта аламын. Өйткені қазақ жастарының ұлт дәстүрі мен мәдениетін танытуға деген құлшынысы мен салт-дәстүрлеріне құрметі әрдайым бізді таңғалдыратын. Сонымен қатар олар өздерінің қазақ екендігімен шовинизм мен нәсілшілдікке жол бермей әдемі мақтана алады», дейді Йылдырым Беязит университетінің ирандық студенті Илахи Солейманнезхад.
Көріп отырғанымыздай, қазақ жастары, ең бастысы, Отанды сүю білім, ғылыммен сусындап, қажырлы еңбек арқылы іспен дәлелдеу керектігін түсінеді. Ел мүддесі үшін еңбек кешеден, ертеңнен емес, бүгіннен басталатынын саналарына сіңірген. Жастар өз буындарының Отанын сүйетін, оның дамуы үшін теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесін қосатынына кәміл сенеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сеніп қана қоймай, үміт те артады: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз».
Қазақ жастары бойындағы отансүйгіштік қасиетпен сенімге селкеу түсірмей, үмітті ақтар деген ойдамыз.