Әдебиет • 18 Тамыз, 2022

«Норвег орманы» неге жазылды?

1277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үш жыл бұрын Харуки Муракамидің «Норвег орманы» атты романын оқы­дым. «Мен құмырсқалардың жаңбырлы күндері не істейтінін білгім ке­ле­ді». Осы сияқты қызықты сөйлемдер Муракамидің бұл романында көп кез­де­седі. Қарапайым болғанымен, ойландырады. Біз қазір кітап туралы айтатын болсақ, әдетте «ескі мектеп» өкілдерін еске алып жатамыз, мысалы, Толстойды, Хемингуэйді, Фицджеральдты тізбелей береміз. Бірақ Мураками әрқашан оқырманға қызығушылық тудыратын автор екенін де жасырмаған жөн.

«Норвег орманы» неге жазылды?

Бұл тұрғыдан оқырман қателескен жоқ. «Норвег орманы» сонау 60-шы жылдардағы Жапонияны көз алдыңызға әкеледі, бізге кейіпкер Тору Ватанабе туралы әңгімелейді, ол өзін қайғылы жағдайға душар етеді, оның жақын досы Кизуки өз-өзіне қол жұмсайды. Дәл осы жерде айта кетейін, неге Жапон шығармаларында өлім көбірек айтылады, неге олардың туындыларында жалғыздық көбірек айтылады? Бұл үрдіс олардың әр жазушысының кітабында менмұндалап, тіпті айқайлап тұрады. Меніңше, бұл зерттеуге тұрарлық тақырып. Иә, содан кейін Тору Ватанабе және оның ең жақын досы Наоко туралы әңгімелер іркес-тіркес өрби түседі. Бір қызығы, шығармадағы әр кейіпкер бір-бірімен қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.

Мураками бұл романын 1987 жылы жазды. Сыншылар бұны ностальгиялық роман деп атады. Роман жоғалту мен табудың арасындағы өзара байланысты суреттейді. Кейіпкердің өткені мен бүгіні, еске алуы, ұмытуы да осы шығармада жан-жақты көрініс табады.

Романның артқы көрінісі – Токио. Уақыты – 1960 жылдардың аяғы. Ол тұс Жапон студенттері наразылық акцияларын өткізуде белсенділік танытқан уақыт. Автор жапон қоғамы үшін маңызды оқиғаларды да туындысына қосуды назардан тыс қалдырмайды. Былайша айтқанда, кейіпкер өз тарихын баян етіп береді. Романның түйіні – өмірдің мәнін шешу. Сол тұста кездескен қиындықтар мен тартысты есте сақтау. Сосын үш кейіпкердің, Ватанабе, Наоко және Мидоридің жалғыздықты жеңуі, азапты естеліктерден арылу және есею жолындағы күресі де бізге көп дүниені үйретеді. Жазушы романына не үшін жастарды кейіпкер етті? Өйткені Жапонияның сол кездегі қоғамы үшін жастардың белсенділігі қажет болды. Романда «Әділетсіз қоғам сіздің қабілеттеріңізді ойдағыдай пайдалануға мүмкіндік береді» деген жақсы сөйлем бар. Демек жастардың өмірге деген көзқарасы арқылы қоғамды бейнелеу, ояту да Муракамидің мұраты еді.