09 Мамыр, 2014

Қайран, Тәкең!

447 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» 75 жылдығы ресми түрде аталып өтетін болып, тайлы-тұяғымыз қалмай Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрына қарай жөңкілдік. Салтанатқа жұрт өте көп жиналды. Залда ине шаншар орын жоқ десе де болғандай. Елдің бәрі көңілді. Президиумда отырған үкімет мүшелері мен редакция басшыларының да жүздері жарқын. Баяндама жасалып, құттықтаулар айтылып біткен соң наградалар тапсыру рәсімі басталды. Бірінші болып аға тілші Тәжібай Битаев ағамыздың аты аталды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағының белгісін алуға шақырылды. битә 001 Қызықтың көкесі белгі тағып алған соң болды. Омырауын сипалап, микрофонды ымдап көрсеткен Тәкеңнің тірлігін сірә жиналыс басқарушысы рахмет айтқысы кеп тұр ма деп түсінсе керек, қолына ұстата берген. Сол-ақ екен ол: «Ба­ла­сы Битай бидің Тәжібаймын!» деп басталатын атақты әнін шырқай жөнелді. Сөзі сәл өзгешелеу болға­нымен, мақамы сол – еңбегінің еске­ріліп, жоғары наградаға ие бол­ғанына ризашылық білдірді. Қапелімде абдырап қалған жиналыс басқарушы орнынан тұрып барып, дүркірете қол соққан көпшілік дүрмегіне еріксіз қосылып кеткендей болды... Қайран, Тәкең! Бүйтпесе Тә­кең болар ма еді! Осылайша рахмет лебізін әндетіп жеткізген ағамыздан кейін: «Қалай, алдын ала дайындалып барып па едіңіз?», – деп сұра­­­сақ: «Қайдан, өлең деген табан астынан шығады емес пе, сах­наға көтерілгенше басыма сарт ете қалды», – деп жылы жымиды да қойды. Сонан соң: «Сендер не, мен Американы жаңа ашқандай, ауыздарыңды аңқитасыңдар. Мұн­дай үрдіс бұрын да болған. Жәкең Мәскеуде жырлап рахметін білдіргенде, мен не, өз елімде тұ­рып бір ауыз өлең-алғысымды ай­та алмаймын ба?» – деп ағынан жарылған. Тәкеңнің өзіне тән мұндай қы­лықтары мінезіне сай келіп, жарасып-ақ тұратын. Бірде жоғары жақ аудандық газеттердің беделін көтереміз деп, редакцияның сақа журналистерін көмекке аттан­дырмақшы болды. «Кім барады?» – дегенде тағы да белсеніп Тәкең шықты. «Менің бұрын аудандық газетте істеген тәжірибем бар, жұмыс­ты қалай ұйымдастыруды білемін», – деп сонау қияндағы Созақ ауданына аттанды да кетті. Ұмытпасам, сол жақта айдан ас­там жүріп, жергілікті жердегі әріп­тестеріне көп көмек көрсеткен еді. Тәкең қызмет таңдамайтын, секретариаттан бастап барлық бө­лім­­нің жұмысын бес сауса­ғын­дай білетін. Ауыл шаруашы­лығы, өнеркәсіп және транспорт бөлімдерін басқарды. Совет құрылысы бөліміне де жетекшілік етті. Әр журналистің өздері бейім­делген жазуына қолайлы тақы­рыптары болады ғой. Мәселен, бі­реу сын материалдарға құлшынып тұрса, екіншілері очерктер мен репортаждарға мәттақам деген сияқты. Біздің Тәкең кәдуілгі жай мақаланың майталманы еді. Мақала болғанда да күшеншек, қарадүрсін дүниелер емес, күнделікті нөмір­лерге қажетті қысқа хабарлардан бастап, аз сөзбен көп ой айтатын, салиқалы да салмақты кор­респонденцияларға дейін бір деммен «айдап шығатын» (өз сөзі). «Ал, Тәке, мына бетке мұнша жол керек болып тұр», – деген нө­мір жүргізушінің сөзін ести салып, жол-жөнекей қойын дәптерін парақтап машбюроға қарай аяңдап бара жатқанын көріп қалатынбыз. Енді бір қарағанымызда ыңылдап, әнін айтып, қолына басылған материалын ұстап макеттегі «тесікті» тол­тыруға баспаханаға қарай кетіп бара жататын. Тәкең университетті бітірген соң біраз жүріңкіреп барып, кештеу үйленді. 1969 жылдың ортасына таман отау құрды-ау дей­мін. Айдаркүл атты жеңгеміз аға­мызға Дана және Дина атты екі қызды бірінен соң бірін сыйлады. Тәкеңнің арманы енді бір ұл бала еді. Күндердің күнінде жеңгеміздің аяғы ауырлап, бәріміз жақсы хабар күтіп жүрдік. «Ұл болады», деп сендіріп қойдық ағамызды. Соны білетін бір құрдасымыз  уақыт жақындады-ау дегенде Тәкеңе же­тіп бармай ма: «Ой, Тәке, несін айтасыз сіздің ауыл жақта үлкен бір қуаныш болғалы тұр. Жігіттер кешке қарай, жұмыстың соңына таман өзіңізге айтамыз деп жатыр, қапы қалмаңыз, дайындала отырыңыз», – деп ескертуді де ұмытпайды. «Дайындалып отырыңыз», – дегенді өзінше түсінген Тәкең дүкенге барып бір-екі бөтелке арағы мен тіскебасарын алып, бөлмесінде күтіп отырады. Сағат алтыларға жақындағанда: «Асығыс едім», – деп Дәрібай келіп жүз грамын ішіп кетеді. Артынша Елемес келіп, өз сыбағасын тартып алады. Қойшы, сонымен жігіттер кезек-кезегімен кіріп, өз үлестерін тауысып кетіп жатады. Тәкең әрқайсысының бетіне жалтақ-жалтақ қарап, жақсы хабарды қайсысы айтар екен дегендей елеңдеумен болады. Елдің ең соңын ала келген Бекең де мыңқ демесе керек. Сонда шыдай ал­маған Тәкең: «Оу, айтпайсыңдар ма енді айтам дегендеріңді», – деген ғой. «Нені?» – дейді Бекең жор­­та түсінбеген боп. «Әлгі біздің ауылда болады деген қуанышты хабарларыңды», – дейді Тәкең. «Е, оны ертең Әділ айтады, – дейді Бе­кең есіктен шығып бара жатып. – Ба­ғана ол аяқ астынан кезекшілікке «тың көз» болып кетті ғой. Айтуға үл­гере алмаған болар. Ертең айтады». Беу, дүние-ай! Бәрі бір-бірімен жарасып жатқан жастық шақтың қайбір қызықтарын айта береміз. Таусылмайды ғой оның бәрі. Не болса соған себеп-сылтау іздеп, титтей қуанышымызды таудай табысқа балап, жуып жіберуге әрқашан да әзір тұратын әрқайсымыз, кейде жоқтық жомарттың қолын байлайтындай тұстарда, тіпті, кімнің қалтасында қанша тиын барына дейін біліп отырушы едік. «Бала, бүгін байқа, – дейді бірде Бекең маған басқаларға білдірмей. – Тәкеңе көп тиісе берме. Жаңа Совет келіп ескертіп кетті, екі жартыға жетер­ліктей гонорар алыпты, түк сезбегендей қалып танытайық». Сол күні жұмыс біткенше мұрнының ұшынан ыңылдап ән айтып көңіл­ді жүретін Тәкең сағат алтыдан өте бере дәлізге шығып өтірік жөтеліп, онысын бір емес, бірнеше рет қайталап шығар есікке қарай беттеді. Соны аңдып тұрған біз: Бекең мен Сәкең бастаған топ қаздай тізіліп соңына ереміз. Далаға шыққан соң Тәкең ұзап кетпей, әлдекімдерді күткендей, жан-жағына қораздана қарап оқшауырақ барып тұрды. Міне, сол кезде біреуіміз сигаретімізді ұсынып, біреуіміз сіріңке беріп дегендей, жанына жақындай түстік. Темекі тартпайтын тағы біреуіміз жүгіріп барып жанымыздағы киоскіден «Вечерняя Алма-Атаны» (ол кезде қазақшасы әлі шыға қоймаған) сатып әкеп Тәкеңе ұсындық. Міне, осы кезде ол бәрімізге паңдана қара­ған қалпы: – Неғып сендер бүгін мені жақсы көріп қалдыңдар, ә! – деп өзі де шыдамай күліп жіберіп кафеге бастай жөнелді. Құдай да адамның пейіліне қарай қарайласа ма деймін. Үнемі қуанып, өзінің де, өзгенің де көңілін көтеріп, қолынан келсе жақсылық жасауға бейім тұратын ақ адал ниетіне сай, жоғарыда айтылған әзілден кейін Айдаркүл жеңгеміз өмірге Сәкен атты (естуімізше, таяуда үйлену тойы болатын сияқты) ұл бала алып келді. Сөйтіп, ағамыздың үйінде ақ түйенің қарны жарылды. Ойхой, сол жылдарғы Тәкеңнің талантының тасығаны-ай, десеңші! Әншейінде де жұмыс десе жанын салып істейтін ол мақаланың түр-түрін бірінен-соң бірін бората бас­тады. «Бала деген періште ғой, – дейтін ертеңгілік ол Шолпанның жанында диктовка жасап отырып. – Түннің бір уағында іңгәлап белгі береді. Мен орнымнан тұрамын да, жаялығын ауыстырып қайта жатқыза қоямын. Содан қызметке кеткенімше қыбыр етпейді. Ал мен мақаламды да жазып бітіремін, шайымды да ішіп боламын, Айдаркүл мұның бәрін сезбей қалады. Сөйтіп, таңертең: «Мына бала ана қыздарға қарағанда тыныштау болатын түрі бар. Түнде, тіпті, астын да бүл­дір­мейді», деп қалса: «Өзіме тарт­қан ғой», – деп мейірленіп қалатынмын. Қаншама қатал деген басшы­лар да Тәкең қалжыңдаған кез­де қаһарынан қайтып, жайма шуақ қалпына түсіп қалғанын өздері де байқамай қалушы еді. Балғабек Қыдырбекұлы редактор болып тұрған тұста Тәкеңнің жетекшілігімен шығатын «Қызыл қалам» атты қабырға газетінде елеусіздеу бір қате кетіп, Бәкең: «Байқамайсыңдар ма, партком қайда, местком қайда? Олар неге қарап шықпаған?» деп сәл-пәл дауыс көтерген болды. Сол кезде бір шетте бәрін тыңдап тұрған Тәкең: «Бәке, әркім өзі басқаратын газетін білуі керек қой. Осы біз араласпаймыз сіздің «СҚ-ны» басқаратын өкілеттігіңізге», – деген кезде жапырлап газет оқып жатқан журналистер ду күліп (ағамыз «Қызыл қалам» қыстырылмай тұрып бірде-бір материалын оқытпай құпия ұстайтын), оған редакторымыз да еріксіз қосылып, езу жиған еді. Әйтпесе албаты әзіл болса, Бәкең дес берер ме еді... Қалжың дегеннен шығады, Тәкеңнің осындай аңқылдақ мінезін түсінбейтіндер айтқандарын сол қалпында қабылдап, кейін өзін қожанасырлық қалыпқа түсіретін кездері де ұшырасып тұрады. Бірде бөлмеме кіріп келді де: – Бүгін сәл ертерек қайтайықшы, – деді. – Жарайды, – дедім себебін де сұрамастан. Сағат бестен өте бере есіктен қайта сығалады: – Кеттік! Бол тез!.. – Не боп қалды? – Бүгін сені қуырдаққа тойдырамын, – деді екеуміз автобусқа отыра берген кезде қалтасынан поштаның сары қағазын шығарып. – Ауылдан ет келіп, соны тез барып алуымыз керек. Бұзылып кетуі кәдік қой. – Ет екенін қайдан білдіңіз? – Е, қазір ауылдан еттен басқа не келуші еді? – деді Тәкең өзінің философиясына басып. Үйге келіп, бірден ас әзірлейтін бөлмеге кірдік. Ағамыз жәшік ашатын құралдарын алдын ала дайындап қойса керек. Үстел үстіндегі кемпірауыз бен пышағын іске қо­сып, жәшіктің шегелерін суырып-суырып алды. Іштен дәкеден тігілген дорбаға салынып, жан-жағы шағын форматты аудандық газетпен нығыздап тастаған маржандай ақ күріш шыға келді. – Ту, иттер-ай! – деп Тәкең орын­дыққа сылқ етіп отыра кетті. Мен ләм-лим деместен, қолыма іліккен аудандық газеттерді ары-бері аударыстырып қарай бастадым. – Әй, немене, қатесін шығарып жатырсың ба? – деді бір кезде ол тоңазытқыштан жартылығын суырып алып. – Бұл әпенделер әзіліңді де ұқпайды... Онсыз да күйіп-пісіп тұрған жанды орынсыз сұрақ қойып қинай бергім келмей, құйған шарабын тартып жібердім де, қайтадан газет оқуға көштім. Сәлемдеме сырын өзі айтатынын білдім. – Ана жолы ауылдағы жама­ғайынымның баласы келіп кеткен еді, – деді Тәкең темекісін тұтатып. – Содан сөзден сөз шығып, мектепте бірге оқыған Жақсылық деген жолдасымның жағдайын сұрап қалғам. «Ой, ол шоң бастық болып кетті ғой», – деді әлгі бала. «Қайда?» – дедім, шынында да, бір жаққа үлкен бастық болып кеткен шығар деп. «Күрішке, деді ол, ауылдағы звеноны басқарады». «Е, онда күріш жейді екенбіз ғой», – дегенмін де қойғанмын. Сөйтсем, көрдің бе ендігі тірлігін, маған посылкамен не салып отырғанын. Ой,  кеще неме, Алматыда күріш жоқ деп ойлай ма екен-ей, ә... Қап, Айдаркүлден ұят болды-ау. Қатынның бетіне қалай қараймыз енді...». Тәкең біресе күледі, біресе кейиді. Ара-арасында өзін де сыбап алады. Осылайша арқа-жарқа болып отырғанымызда есікті айқара ашып, арғы жақтан жеңгеміз кіріп келе жатты. – Неғып отырсыңдар, шам жақ­пай? – деп ол кісі ас үйдегі тоқ қос­қыш түй­мені сырт еткізіп басып қалып. Бірақ лампочка жана қоймады, күйіп кетсе керек. – Аузымызды онсыз да табамыз ғой, – дедім мен әзілдеген боп. – Мыналарың не? – Айдаркүл жауап күтпестен аузы ашық жатқан посылка жәшігінің үстіңгі бетіндегі адресті оқып шықты да, мәселені бірден түсінгендей қалып танытып: – Әй, Тәке-ай, – деді, – осындай әпен­­­­­­делік әзіліңді қой деп қашанғы айтамын. Масқара-ай! Елге не беті­мізді айтамыз, Алматыдағылар ауқат таппай, ауылдан күріш сұра­тып жатыр деген атқа қалмасақ жарар еді. Әй, толып тұр емес пе, бұл күріш дегенің әр дүкенде!.. – Ол күрішпен бұл күрішті са­лыстыруға болмас, – деп қояды Тәкең де «ұялған тек тұрмастың» кебін киіп. Жеңгеміз қолын бір сермеді де, ішкі бөлмеге кіріп кетті. – Әй, Айдаркүл! – деп айқайлады бір кезде Тәкең даусын көтерген боп. – Ауыстыр мына лампочканы, қа­раңғыда отыра береміз бе, осы­лай! – Ой, Тәке, оны өзіңіз-ақ ауыс­тыра салмайсыз ба? – дедім мен таң­ғалып. – Ойбай, мен тоққа түсіп қала­мын ғой!.. Ал, енді бұған не дерсіз? Кезекті қалжыңы шығар деп бетіне қарасам, шыны сияқты. Ежірейіп жеңгеміз кіріп кеткен бөлме есігін бағып тұр. Шыны екеніне Айдаркүл шы­ғып, лампочканы қолма-қол ауыс­тырғанда ғана барып көз жеткіз­гендей болдым. Қарапайымдылығы болар, Тәкең еркектің кейбір тірліктеріне онша мән беріп, көп араласа бермегенімен (қой түгілі тауық бауыздай алмайтын), отағасылық міндетіне адал болатын. Жеңгемізді қай жерде жүрсе де мақтап аузынан тастамайтын, ұл-қыздарының қылықтарын айтып, мерейленіп отыратын. «Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт» дегендей, алып бара жатқан байлығы да, сіңірі шыққан жарлылығы да бай­қалмайтын. Өзіне қарай қосағы, қазанына қарай ошағы үйлесіп тұру­шы еді. «Құданың құдіреті, – деп отыратын, – осы уақытқа де­йін қыстыгүні қолыма қолғап киіп, жаздыгүні басыма қолшатыр ұс­тап көрген емеспін. Бұдан былай да сол қалпымнан таймайтын шығармын...». Біздің Тәкең дәл осылай ешкімге ұқсамаған қалпы көз алдымызда қалып қойды. ...Егер ол мына жалған дүниеде жүре бергенде бұл күндері сексен жастан асқанын тойлап жатар ма едік. Бірақ тағдыр оған жаз­­бады: Тәкең жетпіске жетпей бақилық болып кетті. Әйтсе де оның аты ұмытылмақ емес. Адал жар, асыл ана Айдаркүл жеңгеміз өзі­нің ұл-қыздарымен бірге Тәкең жаққан отты өшірмей, одан әрі жалғастырып келеді. Әділ ДҮЙСЕНБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Суретте: (солдан оңға қарай) Ә.ЖӘМІШЕВ, С.АҚТАЕВ, Т.БИТАЕВ және Н.ОРАЗБЕКОВ.