Осы іс-шара барысында Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) президенті Кеңес Рақышев, атқарушы директоры Әзиз Қожамбетов, республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры және ҚБФ вице-президенті Маратбек Мықтыбеков, Алматы қаласы бокс федерациясының президенті Ержан Қосмамбетов былғары қолғап шеберлеріне, олардың бапкерлері мен ұлттық құрамадағы кешенді-ғылыми топ өкілдеріне қаржылай сертификат тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы Түркияда өткен әлем чемпионатында бес медаль (1 күміс, 4 қола) жеңіп алғанын айта кетейік.
– Өздеріңіз білетіндей, Ыстанбұлда 72 елден келген 300-ден астам таңдаулы былғары қолғап шеберлері жүлдеге таласты. Бұл сында да біздің қыздар толық құрамда лайықты өнер көрсетті. Осы тұста бұл біз үшін ең табысты әлем чемпионатының бірі болғанын атап өтуге тиіспіз. Мен де осы әлем чемпионатында болып, финалда Алуа Балқыбековаға жанкүйер болдым. Өз басым біздің жарқын жеңістеріміз әлі алда деп сенемін. Бәріңізге тынбай еңбек етіп, қайсарлық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын», деді Кеңес Рақышев құттықтау сөзінде.
Кішігірім баспасөз конференциясынан кейін еліміздің үздік боксшылары ақшалай сертификат пен соңғы үлгідегі ұялы телефонға ие болды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбековаға 30 000 АҚШ доллары тапсырылды. Ал қола жүлдегерлер – Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзоваға 10 000 АҚШ доллары берілді. Сол секілді Шәміл Сафиуллин бастаған жаттықтырушылар штабының өкілдері, жеке жаттықтырушылар мен ғылыми топтың мүшелері де назардан тыс қалмады. Олар да қомақты көлемде сыйақы алды.