Спорт • 19 Тамыз, 2022

«Спартак» кіммен айқасады?

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері аралас жекпе-жектің жанкүйерлері АСА промоушенінің мұрындық болуымен өтіп жатқан жеңіл салмақтағылар арасындағы Гран-при турниріндегі әр бәсекені қызыға тамашалауда. Бұл жарыстың жүлде қоры 800 мың АҚШ долларын құраса, бас жүлдені олжалаған спортшы 200 мың долларды иемденеді.

«Спартак» кіммен айқасады?

Үздік сегіздіктің сайысы ши­рек финалдан басталды. Бұл турнирде қазақстандық Артем Резников те (30 кездесу, 23 жеңіс, 17 нокаут) өнер көрсетуде. Оның жанама аты – «Спартак». «Алаш Прайд» клубы сапындағы Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тумасы тұсаукесер кездесуінде кезінде UFC пен Bellator сынды белді ұйымдар­да айқасқан бразилиялық Дави Рамосты (14 кездесу, 10 жеңіс, 8 нокаут) ұпай санымен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде Артем дағыстан­дық Рашид Магомедов (32 кезде­су, 25 жеңіс, 10 нокаут) пен черкес Әли Багов (43 кездесу, 31 жеңіс, 24 нокаут) арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сына­суға тиіс еді. Алайда осыдан бірер апта бұрын олар октагон­ға шыққанымен, бір-біріне соқ­қы жұмсамай, көрермендерді әб­ден мезі етті. Соған қатты наразы бол­ған АСА промоушені­нің қо­жа­йыны Майрбек Хасиев екеуін де жарыстан шеттетті.

Дәл қазіргі кезде аталған ұйымның жетекшілері осы жарыста бақ сынауға лайық спортшылардың кандидатурасын қарастыруда. MMA.Metaratings.ru сайты таратқан мәліметке сүйенсек, үміткерлер қатарында Дауд Шайхаев, Аурел Пиртеа және Павел Гор­деев сынды танымал файтер­лер бар. Олардың есімдері жан­кү­йерлерге жақсы таныс. Атап айтсақ, чешенстандық Шайхаев аралас жекпе-жектен 17 кездесу өткізіп, 13 рет жеңіске жет­ті. Тоғыз бәсекені мерзімінен ­бұ­рын аяқтады. Румыниялық Пир­теа 35 айқастың 23-ін өз пай­да­сына шешіп, 18 мәрте айқын басымдыққа ие болды. Түмен­дік Гордеев 24 кездесудің тек үшеуінде ғана ұтылды. Ол жеті қарсыласын нокаутқа жіберді. Міне, осы спортшылардың бірі жартылай финалда біздің Артем Резниковпен айқасуы мүмкін.