Білім • 19 Тамыз, 2022

Жетісу мектептері жаңа оқу жылына дайын

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында еліміздің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы, сол сияқты жаңа оқу жылына дайындық мәселелері пысықталған еді. Жиында өзге өңірлермен қатар Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та жаңа оқу жылына өңір мектептерінің дайындығы жайында баяндады.

Жетісу мектептері жаңа оқу жылына дайын

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, аймақта 340 мектеп болса, соның ішінде үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Биыл 15,9 млрд теңгеге жаңадан 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде жыл соңына дейін 10 мектеп, жаздық лагерь және музыка­лық колледж жатақханасы қолданысқа беріледі, қалған 5 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Жылдың соңына дейін 58 мектеп жаңартылады, оларға 2,1 млрд теңгеге жалпы саны 90 түрлі пән кабинеттері сатып алынуда. Жалпыға бірдей білім беру қорынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 14 мың балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 500 млн теңгедей қаржы бөлінген. Жалпы облыстың білім беру саласы жаңа оқу жылына толықтай әзір. Осы жерде айта кететін жағдай, Үкіметтің №64 қаулысына жуырда ғана енгізілген өзгерістерге байланыс­ты аз қамтылғандар санатындағы отбасы балаларына 37 389 теңгеден бе­рілуі қажет. Бүгінге дейін бөлінген қаржыға аудандарда мектеп формалары мен оқу құралдары сатып алын­ғандықтан, белгіленген соманың қалған айырмашылығы ата-аналардың жеке шоттарына аударылатын болды. Сол сияқты облыста 17 мыңнан астам оқушы бір реттік ыстық тамақпен қам­тамасыз етіледі.

Жалпы Жетісу облыстық білім бас­­қар­масының мәліметіне сүйенсек, биыл бірінші сыныпқа 12 300 оқу­шы қабылданды. Балалардың қауіп­сіз ортада білім алуына жағдай жасал­ған. Өңірдегі барлық мектеп бейне­бақылау жүйелерімен қамтылған, деген­мен соның ішінде 208 мектептегі бұл жүйе қайта жаңғыртылады. Жалпы 158 мек­тептің бейнебақылау камералары Же­дел басқару орталық­тарына қосыл­ған. Барлық мектепте дабыл түйме­лері жұмыс істеп тұр.

 

Жетісу облысы