Спорт • 19 Тамыз, 2022

Еленаның екпіні күшті

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Цинциннати қаласындағы турнирдің екінші айналымында қазақ­стандық теннисші Елена Рыбакина испа­ниялық Гарбинье Мугурусамен кездесті.

Еленаның екпіні күшті

Венесуэлада туып-өсіп, кейіннен Пире­ней түбегіне қоныс аударған 28 жастағы Гарбинье өзінің спорттық карьерасында WTA додаларында 10 мәрте дара шыққан. 2016 жылы Ролан Гаррос және 2017 жылы Уимблдонның бас жүлдесін олжалап, 2020 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнады. Кезінде оның әлемдік рейтингте көш бастағаны да есімізде. Бұған дейін айтулы теннисшілер өзара екі мәрте күш сынасты. Былтырғы жылдың маусым айында Берлинде ұйымдастырылған турнирде 6:4, 6:3 есебімен Испанияның өкілі ұтқан. Арада бір айдан аса уақыт өткенде екі мықтының жолы Токио Олимпиадасында қиысты. Ол бәсекеде жерлесіміздің жолы болды – 7:5, 6:1.

Екінші кезеңде Елена Рыбакина өте жақсы өнер көрсетті. Алғашқы сетті ол 6:3 есебімен аяқтаса, екіншісі тай-брейкке дейін ұласты. Шешуші тұста ширақ қимылдаған отандасымыз бұл бәсекеде де басымдық танытты – 7:6. Бұл ойын 1 сағат 15 минутқа созылды. Үшінші айналымда Рыбакина әлемнің 28 ракеткасы, америкалық Элисон Рискемен кездеседі.