09 Мамыр, 2014

Құттықтаймыз

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
КасеновҰлы Отан соғысының ардагері, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі Қаман ҚАСЕНОВ 9 мамырда 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Қаман Қасенұлы Ұлы Отан соғысы жылдары Отанымызды фашистік басқыншылардан қорғауға белсенді қатысты. Ол 1942 жылғы шілдеде 18 жасында әскер қатарына шақырылып Қызыл тулы Амур өзен кемелері флотилиясының Хабаровск қаласында орналасқан әске­ри-теңіз флотының базасына келді. Осында бірінші сыныпты зенит пулеметшісі болды. 1945 жылғы тамызда милитаристік Жапонияға қарсы операцияларға қатысып, 1946-1950 жылдары бронекатерлер отрядында қызмет етті. Ерен ерлігі ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен аталып өтті. Қаман Қасенов әскерден оралғаннан кейін 30 жылдан астам уақыт бойы КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ республикалық кеңсесінде инкассатор, ревизор болып жұмыс істеді. Инкассатор машинасына қарақшылық шабуыл жасаған кезде инкассаторлар бригадасының батылдығы мен шебер іс-қимылы, тасымалданатын құндылықтардың сақталғаны үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекетіміз ардагердің көп жылғы адал еңбегін лайықты бағалады. Қаман Қасенұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарын иеленіп, «КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі» төсбелгісін төсіне тақты. Оның есімі КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикалық кеңсесінің Құрмет кітабына жазылды. Қазақстан Республи­касы­ның Ұлттық Банкі және ардагерлер кеңесі Қаман Қасенұлы Қасеновті 90 жасқа толуымен құттықтайды. Зор денсаулық, бақытты және игілікті өмір тілейді!