Жыл басында облыстың кәсіпкерлік палатасы мен облыстық прокуратура арасында кәсіпкерлікті қолдау және олардың құқықтарын қорғау туралы өзара ынтымақтастық меморандумы жасалған болатын. Енді осы ынтымақтастық меморандумы аясында бизнестің құқын қорғау бағытында атқарылатын бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, прокурорлар мемлекеттік тексеру органдарында тіркемеу жолымен жыл сайын кәсіпкерлік нысандарын заңсыз тексерудің мыңдаған деректерінің алдын алатын көрінеді. Өткен жылы 180 тексеруге рұқсат берілмепті. 2013 жылы прокурорлар 250 кәсіпкердің құқын қорғаған. Прокуратураға бизнес қауымдастығынан 49 шағым түсіп, соның 21-і дәлелденген, 55 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Монополистерге қатысты кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін ашуға «Тексеруші және кәсіпкер», «Шенеунік және кәсіпкер» акциялары мүмкіндік береді деп күтілуде. Облыста «Монополист және кәсіпкер» акциясы басталып та кетті.
Облыс кәсіпкерлері өңірлік палатасының директоры Төлеміс Шотанов кәсіпкерлердің құқығын және заңды мүддесін тиімді қорғау үшін кәсіпкерлер проблемасының картасын түзу керек, бизнеске әкімшілік кедергілерді жою қажет, заң жобаларына сапалы сараптама жасау керек және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді түгендеу қажет деп есептейді. Ол сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының және оның филиалдарының негізгі міндеті тексеруші органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының алдын алу болып табылатынын тағы бір еске салып өтті. Өңірлік палатаның басшысы өткен жылы жүргізілген 9609 тексерудің 4175-і жоспардан тыс болғанын жеткізді. Осы тексерулердің нәтижесімен 40 мың кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 195 миллион теңге айыппұл салынғанын алға тартты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.