09 Мамыр, 2014

Даму негізі – инновациялық ғылым

408 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қандай да бір мемлекеттердің дамуында ғылымның орны ерекше екенін бүгінгі жаһандану заманы айқын көрсетіп беріп отыр. Еуропаның алпауыт мемлекеттері мен Азияның барысы атанған алып мемлекеттер бүгінгі жетістіктеріне ғылымға негізделген экономика арқылы жеткені анық. Биылғы Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының түпкі мақсаты бүгінгі жас қазақ мемлекетінің ғылымына негізделген деп айтуға толық болады. Тәуелсіз Қазақстанда бү­гінгі таңда он жеті миллионнан астам халықтың арасында бес мыңнан астам ғылым докторлары, он бір мыңнан астам ғылым кандидаттары, екі жүз жетпіске жуық іргелі Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен оған мүше-корреспонденттер бар. Бұл талантты тұлғаларды Тәуелсіз Қазақстанның 2050 жылға қарай дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге еліміздің білімі мен ғылымы жағынан дамуына сүбелі үлес қосатын Елбасының сенімді серіктері, белсенді команда мүшелері деп ұққан жөн. Елбасы биылғы Жолдауында басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді ерекше атап көрсеткен. Соның ішіндегі елімізде мектептердегі білім беру деңгейі, кәсіптік білім беру мен колледждердегі дуальды білім жүйесі, университет пен академиялардағы жоғары білімнің көкжиегі бүге-шігесіне дейін кең ауқымда қарастырылған. Тағы бір айта кететін нәрсе, Елбасының биылғы Жолдауында 2050 жылға дейін Қазақ елінің не жасап, не істеуі керектігі нақты ұсыныстармен көрсетілген. Есептеп қарасақ, бұл уақыт мәресіне дейін жеті бесжылдық бар. Осы жеті бесжылдықта елімізде өзіндік ғылыми мек­тебі бар, әлемге аты әйгілі ғалымдарымыз индустриялық-инновациялық ғылыми тың жаңалықтармен ерекшеленсе, еліміз әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуін 2050 жылы емес, уақыт ағынын 10-15 жылға дейін қысқартуға болар еді. Индустриялық-инно­вация­лық ғылымдар қатарына экономика, химия, биология, медицина, техникалық және тағы басқа да салаларды жатқызып ортақ атаумен өндірістік ғылымдар деп атап, ғылыми қамтымды экономика құрған Қазақстан ғылымының әлеуетін одан сайын арттыра түсер еді. Бәсекеге қабілетті мемле­кеттердің барлығы дерлік ұзақ мерзімді ғылыми даму жоспарларына стратегиялық маңыз бе­руде. Бүгінде Жапония мен Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер роботтық техника мен мехатроника, машина жасау саласына ден қоюда. Түркия мен Қытай, Италия елдері жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуды мықтап қолға алған. Көршіміз Ресей мен Солтүстік Корея ел­дері қорғаныс саласына көп кө­ңіл бөлуде. Қару-жарақтары мен авиациясын, жойқын қару түрлерін инновациялық жолдармен дамытуда. Бұл тұрғыдан біз де қарап қалмауымыз керек. Кез келген мемлекетте даму жолына бастайтын бір­ден-бір құрал – ғалымдар, ғылыми зерттеу институттары, жетілдіру және зерттеу жұмыстары. Жоғарыда аталған инновациялық даму жолына түскен мемлекеттердің ғалым­дарынан, тәуелсіз Қа­зақ­стан ғалымдарының ғы­лыми деңгейлері ешбір кем түспейді. Біздерде жетіспейтіні – қолдаудың жеткіліксіздігі, ғалымдардың жасаған ғылы­ми дүниелеріне мемлекет немесе өндіріс тарапынан сұра­ныстардың аздығы. Елбасы Жолдауында ай­тыл­ғандай, жекелеген неме­се ұжым болып зерттеу жұ­мыс­тарымен айналысатын ға­лымдарды венчурлік тұрғыдан қаржыландырып, зияткерлік меншіктерін қорғап, зерттеу жұ­мыстары мен инновациялық жаңалықтарын қолдаса, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерциялау жөніндегі заңнаманы жетілдірсе нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің дамуы жолында ғылымға негізделген инновациялық зерттеулерді қол­данысқа енгізіп, мемлекет тарапынан отандық рацио­на­лизаторларды қолдап, көп­теген стартап жобалардың бай­қауын министрліктер тарапынан ұйымдастырса отандық ғы­­лым­ның бойына қан жүгірері сөзсіз. Бүгінгі Қазақ елінің ғалым­дары елімізге қажетті қарапайым дүниелерден бастап елдің атын әлемге танытатын брендтерді жасауға әрқашанда дайын. Сүндет КАРИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты.