Бүгін «AMANAT»-тың Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Отырыс барысында партиялықтар 216 қоғамдық топтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына жүргізілген мониторинг нәтижесін қарады.
29 шілде мен 12 тамыз аралығында «AMANAT» партиясының мониторинг топтары еліміздің барлық өңірлері мен аудандарындағы 2522 нысанда 1200-ден астам рейд жүргізді. Соның нәтижесінде 77 заң бұзу фактісі анықталып, түйткілді мәселелер айқындалды.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі бойынша Үкімет бекіткен шекті бағаның өрескел өсімі 10 өңірде: Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалып отыр.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Артур Платонов атап өткендей, өткен аптада макарон өнімдерінің, пияз және қырыққабат бағасын көтеру үрдісі сақталып отыр. Сонымен қатар, көп аймақта ұн, сәбіз, қарақұмық жармасы мен картоп бағасы қымбат. Нұр-Сұлтан мен Алматыда тауық жұмыртқасының бағасы белгіленген мөлшерден 30% жоғары саудалануда.
«Мәселен, Маңғыстау облысында үш апта бойы қырыққабат бағасы шекті бағадан 100%, сәбіз – 55-60%, картоп – 30-36% қымбат болып отыр. Ақтаудағы ірі супермаркеттердің сөресінде қант жоқ. Бірақ қоймаларда бар. Кейбір сауда орындарында сөредегі баға мен кассадағы бағаның айырмашылығы анықталды. Ал дүкендердің бірінде қант сатылатын уақыт кестесі ашық ілініп тұр. Мұндай жағдай халықтың наразылығын тудырады», деді Артур Платонов.
Өз кезегінде, Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов Үкімет 2024 жылға дейін инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатқанын атап өтті. Осы мақсатта, ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Тауарларды сақтау және тасымалдау, бөлшек сауданы қолдау мәселесі ерекше бақылауға алынды. Шаралар кешенінде барлығы 70-ке жуық іс-шара бар.
Сауда және интеграция вице-министрі Ерлан Баттақовтың мәліметінше, «айналым схемасы» құралын іске асыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде жергілікті бюджеттен 86,4 млрд. теңге бөлінді. Кәсіпкерлерге қарызға 60,8 млрд. теңге бағытталды. Осы қаражатқа шамамен 220 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары айналымға енгізілді.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы анықталған мәселелердің нақты себептерге байланысты екенін атап өтті. Алайда орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қадағалау мен жедел іс-қимыл жүргізу жұмыстарының жеткіліксіздігін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алғанын жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша, Партиялық бақылау комитеті өңірлік филиалдарға жергілікті жерлердегі бірқатар мемлекеттік қызметшілерді жұмыстағы олқылықтары үшін партиялық жауапкершілікке тартуды тапсырды.