09 Мамыр, 2014

Су – ырыстың, үнем – кірістің көзі

900 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
СнимокЕлбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің алдағы уақытта қарыштап дамуын және жаңа саяси бағытын айқындап бере отырып үлкен міндеттер қойды. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері анықталып, сол сын-қатерлерге қарсы тұрып, тығырықтан шығудың жолын қарастыру уақыт күтпейтін мәселе екенін атап өтті. Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында да Президент дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы жол сілтейтін шам­шы­рақ ретінде еліміздің негізгі мақ­сат­тарын жоғалтпай, адам­дар­дың күнделікті өмірінің пробле­мала­рын шешуге мүмкіндік бере­тінін баса айтты. Жолдауда Елбасы «жасыл экономикаға» көшу тұжы­рымдамасына сәйкес суармалы жер­лердің 15 пайызын су үнемдеу тех­нологияларына көшіруді, су тап­шылығы мәселесін шешуді басты назарға алуды тапсырды. Өйткені суға деген тапшылықтың өсуі, жер үсті және жер асты суларының ластануы орасан зор, нормативтен тыс су шығындары, халықты таза ауызсумен қамтамасыз етудегі бар проблемалар, мемлекетаралық су бөлу проб­лемалары, климаттың өзгеруі салдарынан су ресурстарының сарқылу қаупін тудыруда. Бұл қауіптің алдын алу сумен қамтамасыз етуді арттыру, су ресурстарын реттеу және басқару стратегиясының дұрыс таңдалуына тікелей байланысты. Өйткені, қазіргі күні Орталық Азияда, Қазақстанда суды пайдалану мәселесі аса күрделі сипатта тұр. Ғалымдардың болжамдарына қарағанда, қазір еліміздің су қоры азайып келеді. География институты ғалымдарының жер асты және жер үсті су ресурстарына жүргізген зерттеу нәтижелері суды үнемдейтін жүйеге көшпесек, елімізде 2030 жылдан соң су тапшылығы туындауы мүмкін екендігін көрсетеді. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Үкімет сағатында жердің құнарлылығы, су және биологиялық ресурстар қысқарып келе жатқаны, орман және басқа экожүйелердің тозуы, тұщы су тапшылығы бүкіл әлемде қарқындап өскені, қазіргі таңда Қазақстандағы су тапшылығы 20 пайыз екендігі туралы мәліметтер келтірген болатын. Міне, бұл мәліметтердің барлығы елімізде су тапшылығы мәселесінің өткір күйінде тұрғанын білдіреді. Өткен жылдың соңында су ре­сурстарын басқару жөнінде 2014-2040 жылдарға арналған мем­лекет­тік бағдарлама қабылданды. Бағдарламаның мақсаты су қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, су ресурстарын тиімді реттей отырып, гидрологиялық тәртібін жақсарту болып табылады. Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 2010 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемі 298 мың гектарға дейін азайып кеткен, 575 мың гектар суармалы жер ауылшаруашылық айналымынан шығып қалған. Пайдаланылымдағы суармалы жерлердің өзі көп күтімге зәру. Ал осы жылдар аралығында қосалқы жерлердің көлемі 8 есеге ұлғайып, 423 мың гектарды құрапты. Бұдан бөлек бұрын қолданыста болған 20 мың гектар суармалы жер жекеменшік үй, жол, өндіріс орындарын салуға және басқа да мақсаттарға берілген. Ал қазірге дейін пайдаланылып келген суармалы жерлер тұзданып, олардың құнарлылығы мен өнімділігі төмендеуде. Тоқсаныншы жылдары еліміздегі суармалы жер көлемі егістіктің 6 пайы­зын құрап, егіншілік өнімдерінің 30 пайызы өндірілген болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеді. Суармалы егіншілік еліміздің шөл, шөлейт аймақтарында жиі-жиі қуаң­шылық болып тұратын аудандарында қарқынды дамыған. Суармалы егіншілік көлемінің 80%-дан астамы Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Халқы тығыз, негізінен суармалы егіншілікпен айналысатын аталған облыстарда суармалы жерлердің 15-33 пайызы пайдаланылмайды. Ал қолданыстағы суармалы жерлердің өнімділігі де 25-50 пайызға дейін төмендеген. Осы тығырықтан қалай шығуымыз қажет? Біріншіден, Жолдауда көрсе­тілгендей, егін шаруашылығында суды көп қажет ететін, тиімділігі төмен дақылдардың көлемін азайтып, тиімді азықтық өнімдермен алмастыру қажет. Топырақты өңдеуде заманауи технологиялар мен инновацияларды қолдану керек. Соның бірі – үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыт­тау. Бұл жерде ресурс үнемдейтін технологиялар мен ауылшаруашылық дақылдарын суарудың заманауи техникалық құрылғыларын қолдану арқылы суармалы егіншілікті жан-жақты интенсивтендіру, тозығы жеткен суармалы алқаптарды жаңғырту маңызды орын алады. Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы егіншіліктің ең көне ауданының бірі болып Жамбыл облысы табылады. Бұл өңірдің аумағында еліміздегі суармалы жерлердің 10 пайызы шоғырланған. Ал бұл облыс үшін суды үнемдеудің бірден-бір жолы тамшылатып суару технологиясын жаппай енгізу және осы жаңа технологияны пайдалануда диқандарға қолдау көрсету. Өйткені, бұл технология ағын су тапшылығын төмендетеді, суды 3-4 есе үнемдеумен қатар, ылғал мен қоректік заттарды өсімдіктің тамырына дәл жеткізеді. Су үнемдеу технологиясының ота­ны болып саналатын Израильде суармалы жердің 98%-ға дейін бөлігі тамшылатып суарылуда. Тек жапырағын дымқылдандыруды қажет ететін 2% картоп плантацияларында жаң­бырлатып суару қолданылады. Там­шылатып суару АҚШ пен Австралияда – 90%, Германия, Ұлыбритания, Италия, Испания және Францияда суармалы жердің жартысынан астамында қолданылуда. Қытайда жүйекпен және тақталап жер бетімен суару тәсіліне тыйым салынуда. Бұл елде көкөніс дақылдары мен бақшаларды айтпағанда, біраз уақыттан бері күріш, жоңышқа тәрізді суды көп талап ететін дақылдарды тамшылатып суаруға көшті. Сонымен бірге бұл техноло­гия суармалы егіншілікті жан-жақ­­ты интенсивтендіруге және эко­логиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізеді. Бұған дәлел ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінде Шихези университетімен (ҚХР) жасалған білім және ғылым саласындағы халықаралық қарым-қатынас жө­нін­дегі келісімшарттың аясын­да 2010 жылдан қазіргі кезге дейін «Қант қызылшасын тамшы­латып суару және пластикті мульчирлеу арқылы өсіру технологиясын зерт­теу» тақырыбында орын­дал­ған халықаралық жобаның нә­ти­желерін айта аламыз. Зерт­теу­лер­дің нәтижесінде қант қызыл­ша­сын топырақты пластикпен жауып тамшылатып суарудың тиім­ді технологиялық схемалары мен суа­ру мөлшерлері анықталды. Тәжі­рибенің тиімді нұсқаларында қант қызылшасының өнімділігі 630-670 ц/га және қанттылығы 15,5-15,8 %-ды құрады. Алынған екі жылдық нәти­желер тамшылатып суару техно­логия­сының қант қызылшасын өсі­рудегі пайдасының зор екенін және осы технологияға қажет қон­дырғы-жабдықтарын өндіріске қойып, шы­ғаруға атсалысатын уақыт жетке­нін көрсетеді. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің мәліметтері бойынша, 2012 жылы жалпы суды пайдалануда ауыл шаруашылығы саласының үлесі 84% болған. Бұл салада суды ысырап жасаудың деңгейі өте жоғары, яғни 66% cу бей-берекет ағып кетеді екен. Агроөнеркәсіп кешеніне су үнемдейтін технологияларды енгізу және суару жүйелерін жаңғырту су тапшылығының 43%-ын азайтуға немесе жыл сайын 5,3 млрд. текше метр суды үнемдеуге әкелетіні болжанып отыр. Екіншіден, су шаруа­шылығының мамандарын дайындау және мамандардың біліктілігін арттыру қажет деп білеміз. Кеңес заманында республика­мызда және Одақ көлемінде су шаруа­шылығы мен құрылыс салаларына қажетті білікті мамандар дайындау­ды Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты мәртебесінің жоғары болғаны баршамызға белгілі. Бүгінде аталған институт даярлаған су шаруашылығының мамандары рес­публикамызда және шет мемлекеттерде жемісті қызмет етуде. Қазіргі таңда Қазақстанның осы саладағы білікті ғалымдары мен мамандары шо­ғырланған жоғары оқу орнына айналған, су шаруашылығы мен құ­рылыс салаларына қажетті білікті мамандар дайындаудың 50 жылдық бай тәжірибесі бар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің су ресурстарын тиімді пайдалану мен су шаруашылығы, құрылыс нысандарын жобалауда ғылымның инновациялық жетістіктерін пайдалана алатын мамандар дайындауда орны ерекше. Мысалы, соңғы 50 жылда 30 мыңға жуық су мамандары даярланды. Университет мамандар дайындау бағыты уақыт талабына, қазіргі заманғы техника мен технологияға сай келетіндей, көпжылдық тәжірибе нәтижесінде жинақталған ең алдыңғы және болашағы бар тәжірибесін оқыту мен енгізуге бейімделген. Су мен жер – қоғамның әл-ауқатының негізін құрайтын ең маңызды табиғи ресурстар. Қазіргі таңда университет осы байлықты зерделі және тиімді пайдалана алатын, сондай-ақ, күрделілігі әртүрлі гидротехникалық, өнеркәсіптік және азаматтық құры­лымдарды жобалайтын, құрылысын жүргізетін, пайдаланатын және баға­лайтын, су және құрылыс нысан­дарының мониторингін жүргізе алатын, су пайдалану, су және жер қор­ларын қорғау жүйесін басқара алатын мамандарды дайындап шығарады. Біздің ғалымдарымыз Тасөткел, Талас, Қызылқұм, Тентек, Қазалы, Түркістан сияқты ірі суландыру мас­сивтерінің ғылыми негіздемелерін әзірледі. «Арал теңізі бассейнінде су және жер ресурстарын қорғау, суды тиімді пайдалану стратегиясы», «ТМД мемлекеттерінің аясында ауыл шаруашылығы жерлерін мелиорация­лау тұжырымдамасы» университет ғалым­дарының қатысуымен дайындалды. Университеттің Қазақ су ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­титутында, «Мойнақ» ГЭС ме­кемелерінде бөлімшелері бар, со­нымен қатар, Калифорния уни­верситетімен (АҚШ), Санкт-Пе­тербург мемлекеттік тех­никалық университетімен, Мәскеу табиғатты үйлестіру университетімен, Ташкент ауыл шаруашылығын ирригациялау және механикаландыру институтымен, Қырғыз аграрлық уни­верситетімен, «Сәтбаев атын­да­ғы канал» кәсіпорнымен және рес­пуб­ликадағы басқа да су шаруа­шы­лығы мекемелерімен тығыз қа­рым-қатынаста. Университет екі жылда бір рет «Үркімбаев оқу­ла­ры» халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясын өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұнда шет мемлекеттердің ғалымдарының қа­ты­суымен әлемдік су мәселелері талқыланып келеді. Осыларды ескере келе, су ресурс­тарын басқару және трансшекаралық өзендер мәселесіне қатысты жаңа мамандықтарды ашып, су шаруа­шылығына қатысты мамандықтарға мемлекеттік тапсырыстар санын ұлғайтып, Қазақстан бойынша мамандарды дайындауды Тараз мемлекеттік университетінде шоғырландырса, су шаруашылығын бәсекеге қабілетті кадрлармен қамтамасыз етудің бір­ден-бір дұрыс жолы болар еді. Сейітхан ҚОЙБАҚОВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. Жамбыл облысы.
Соңғы жаңалықтар