ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер өзен-көл жағалауларында рейд жүргізуді жалғастыруда. Жаз шыққалы судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 2000-нан астам рейд жүргізілген.
2022 жылдың басынан бері өңірдегі су айдындарына 10 адам батып кетті. Қайғылы жағдайлардың 7-еуі шомылу маусымында болған. Профилактикалық рейдтердің нәтижесі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабымен (алкогольді ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйде жүру) 47 азамат, 364-бабымен (ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) 48 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Әсіресе, мас азаматтарды анықтап, жауапқа тартудың – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуда маңызы зор. Тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу қажеттігін еске саламыз. Ешқашан қауіпті жерлерге барып, өз өміріңізге қауіп төндірмеңіз. Тыйым салу белгілері су түбінің тексерілмегендігін көрсетеді», деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.