Өңірде экономикалық дамудың алынған асуларынан аласармаудың сенімді қадамдары жасалуда. Бұған үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар берік негіз қалап отыр. Осы кезеңде өнеркәсіптің бірқатар салаларында серпінді дамудың алғышарттары жасалғаны айқындалды. Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалованың мәлімдеуінше, биылғы жылдың үш айында 272,0 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 91,9 пайызды құраған. Жыл басында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мұнай мен газ, «ҚазақОйлАқтөбе» мұнай өндіруді жоспарлы түрде азайтқанымен, ағымдағы жыл соңына дейін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Қазкупер» ЖШС, «Ақтөбе рельс арқауы зауыты» ЖШС сияқты жаңадан іске қосылған нысандар есебінен өнеркәсіптің өсу резервтері барынша пайдаланылады, соның есебінен 60 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде. Есепті мерзімде кен өндіру саласына қарағанда өңдеуші өнеркәсіптің анағұрлым даму қарқыны байқалды. Өсім негізінен Индустрияландыру картасына енгізілген жобаларға сәйкес пайда болды. Сол арқылы 43,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Бірінші тоқсанда облыс экономикасына 62,0 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға көп. Биылғы жылға тұтастай алғанда Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру есебінен, сондай-ақ, шағын және орта бизнес жобаларын іске қосудан былтырғы 496,0 миллиардтан кем емес деңгейде инвестиция тарту күтілуде.
Облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы бірінші тоқсанда 91,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұның өзі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 23,5 пайызға көп деген сөз.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім өндіру 17,3 миллиард теңге құрап отыр. Алдағы кезеңде ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға, мал шаруашылығын дамытуға және аймақтың экспорттық әлеуетін арттыруға байланысты жұмыстар жандандырыла түспек.
Өңірде тұтынушылардың сұранысы жоғары болып отырғаны да байқалады. Бөлшек сауда айналымы жыл басынан бері 7,1 пайызға артқан. Жүк айналымы 12,0 пайызға өскен. Сыртқы сауда айналымында да ілгерілеулер бар. Импорт мөлшерінде азаю байқалғанымен, тауарларды экспорттау өсімге ие.
Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударылуда. Бұл ретте мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдаланудың қайтарымды бола түскенін айту орынды болмақ. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көптеген шаруалар атқарылуда. Алайда, бірқатар аудандарда шағын кәсіпорындар белсенділігінің төмендеп кеткенін жасырудың да реті жоқ. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 26 жобаның 20-сы Ақтөбе қаласының еншісінде, ал Мұғалжар және Алға аудандарына екі жобадан тиесілі болса, Ырғыз және Шалқар аудандарының үлесіне бір-бір жобадан ғана келеді. Қалған аудандардан бірде-бір жоба түспеген. Азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру да тұрақты назарда ұсталуда. «ҚазАгроМаркетинг» АҚ мониторингінде орналасқан азық-түліктің 64 түрінің 62 түрі бойынша Ақтөбедегі өнімдер бағасы республикалық деңгейден аспайды.
Аймақтың экономикалық әлеуетінің өсуімен тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалы да өсе түсуде. Есепті кезеңде еңбекпен қамту саласында 2150 жұмыс орны құрылды, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 101,1 пайызды құрады. Жұмыспен қамту қызметі арқылы 2013 жұмыссыз еңбекпен қамтылды, сондай-ақ, 1545 қоғамдық жұмыс орны ұйымдастырылды. Жұмыссыздықты жоюға бағытталған шаралар да қайтарымды бола түскен.
Өңір экономикасының үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсандағы даму қарқыны жаңа табыстардан үміттендіреді. Қыс қыспағынан құтылған ақтөбеліктер жаздың жайсаң мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еңбек өнімділігін арттыруға бағыт ұстауда. Бұған шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге жыл аяғына дейін мораторий жариялануы да ықпал етуде. Алғашқы тоқсандағы қарқынды еңбек ырғағын жалғастыруға жұмылған кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандарының қатары күн санап өсе түсуде. Қазірдің өзінде жоспарлы межеден көрінудің алғышарттары жасалды деуге негіз бар.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.