Медицина • 21 Тамыз, 2022

Сәбидің өмірін сақтап қалды

627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тахикардия дертіне шалдық­қан балалардың қатары жыл өт­кен сайын артпаса, азаяр емес. Баласының жүрек қағысы қа­лыптан тыс жоғарылаған кезде ата-ана байыз таппай кетеді. Жақында Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына Шу қаласынан санавиация желісі бойынша 13 күндік сәби жеткізілді. Әбігерге түскен дәрігерлер тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, періштенің өмірін сақтап қалды.

Сәбидің өмірін сақтап қалды

Балдырғанның анасы дәрігер­­лер­ге баланың тынысы соңғы екі күн бедерінде қатты өзгергенін, кеуде тұсы сыздап, мазасызданып кетке­нін байқағанын баяндаған. Учаскелік дәрігерге барғаннан кейін анасы мен баласы тұрғылықты жері бойынша ауруханаға жатқызылған. Орталық аудандық аурухананың стациона­рында сәбидің тамыр соғуы мину­тына 260 КД дейін жеткен. Бейкүнә сәби­ге шұғыл түрде көмек көрсету үшін ­санавиация­мен ЖОМДБ анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Қуандық Әміреқұлов барған. Шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін тікұшақпен облыстық санитарлық авиация ­же­лісі бойынша облыс орталығына жет­кі­зілді. Мұнда ЖОМДБ соматикалық корпусының реанимация бөлімше­сіне жатқызылды. Ондағы дәрігерлер тиісті көмектің бәрін көрсетті.

Қабылдау кезінде дәгірерлер ба­ла­ның жүрек ырғағының баяулап, тыныс алуының бұзылуына байланысты жағдайының күрт нашарлап кеткенін аңғарған. Есін жоғалтқан сәбидің жүрек қағысы қатты өзгерген. Тіпті жиілігі минутына 254-260 мәрте соққан. Жағдайдың ушыға түскенін түсінген ақ желеңді жандар қол қусы­рып отырмады. Шұғыл түрде бас дә­рі­гердің орынбасарының, реанимация бөлімінің меңгерушісі Қуандық Әміреқұловтың, неонатолог дәрігер Шынар Хамбарованың, балалар кардиологы Ирина Лидің қатысуымен консилиум өтті.

Нәтижесінде, жаңа туған нә­рес­теге Ch2a пароксизмальды тахикар­дия, жүрек ырғағының бұзылуы диаг­­нозы қойылып, консилиум ше­шімі­мен аритмияға қарсы пре­паратты ЭКГ бақылауымен титрлеу басталды.

Телемедицинаның көмегімен ұлт­­­тық ғылыми кардиохирургия ор­та­­лығының (Нұр-Сұлтан қала­сы) балалар кардиологиясы бөлі­мі­нің меңгерушісі Альмира Байқал­кано­вамен кеңес өткізілді. Жүрек соғу жиі­лігі жоғары болғандықтан, балаға синхрондалған кардиоверсия жасалды. Соның нәтижесінде оның жүрек соғу жиілігі қалпына келді.

Бұл дертті дер кезінде байқамаса, сәби өміріне үлкен қауіп төнетіні айтпаса да түсінікті.

«Балаларда жүрек соғу жиілігі жас ерекшеліктеріне қарай бөлінеді. Жаңа ғана дүниеге келген нәрестелерде күн­дік норма минутына 123-159 соқ­са, 1-2 айлық кезінде – 121-179, 1-2 жас­та – 89-150, 5-7 жаста – 65-133, 12-15 жас­та минутына 60-119 соғуы керек.

 Жүректің патологиялық тахи­кардиясы адам баласын қатты алаң­да­тып, басқа күрделі аурудың белгі­ле­рін байқатады. Нәресте өте жиі тыныс алып, бойында ұйқықұмар­лық немесе тыныштық пайда болса және тамақтанудан бас тарту сияқты бел­гілер байқалса, онда біз айтып отырған ауру түріне шалдығуы әбден мүмкін. Ал ересек балаларда ауру белгілері мүлдем бөлек. Оларда қан қысымы төмендеп, әлсіздік пай­да болады және терінің түсі көк, боз­ғылт немесе қызарып, зәр шығаруы қиындайды.

Тахикардияның пароксизмі адам ағзасы үшін өте қауіпті екені белгілі. Оның кенеттен басталып, ауру белгілері жылдам тарап, соңы қайғылы жағдайға ұласатын кездер де ұшырасады. Жедел медицина­лық көмек болмаса, кардиогенді ­шокпен, жүрек-өкпе жеткіліксіздігімен қа­лыпқа келтіріледі. Пароксизмаль­­ды аритмияның созылмалы ағымында, құрылымдық кардиопатология арит­могендік немесе кеңейтілген кардиомиопатия түрінде қалыптасады. Ұзақ қан айналымының бұзылуы баланың өсуі мен физикалық дамуын баяулатады. Емдеу науқастың жағдайына және тахикардияның этиологиясына байланысты», дейді Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Сейдахмет Шыныбеков.

13 күндік сәби ЖОМДБ-да 5 күн­ге жатқызылды. Дер кезінде көрсе­тіл­ген көмектің нәтижесінде жү­рек соғу жиілігі 138-140 аралығын­да болды. Әйткенмен ара-тұра па­рок­сиз­мальды тахиаритмияның шабуылдары қайталаныпты. Жоғары мамандандырылған медициналық кө­мек көрсету үшін баланы респуб­ликалық медавиация желісі бо­йын­­ша ҰҒКО-ға 4-деңгейде тасымал­даған. Бұл медициналық мекемеде ­толық тексеруден өткеннен кейін «жүрек ырғағының бұзылуы», «парок­сиз­мальды қарыншалық», «тахикардия» диагнозы қойылған.

Екі апта бойы баланың өмірі үшін балалар кардиологиясы бөлімі­нің меңгерушісі Альмира Байқал­ка­нова және балалар аритмология­сы бө­лімінің меңгерушісі Аян Абдрах­ма­нов­тың басшылығымен түрлі ма­ман­­дықтағы дәрігерлер күрес жүр­гіз­ген. Динамикалық бақылау және зама­науи технологияларды қол­да­на оты­рып емдеудің нәтижесінде жағ­дай тұ­рақтанған. Баланың тыныс алуы қа­лыпты деңгейге жеткізілген. Нақ­­ты­рақ айтар болсақ, тыныс алу жиі­­лігі минутына 22 тыныс, жүрек­тің соғу жиілігі минутына 105 соқ­­қы­ны құраған. Нәтижесінде, жағ­дайы тұ­рақ­талған кішкентай нау­қас тұр­­ғы­лықты жері бойынша кар­дио­лог­тың бақылауымен үйге шы­ға­рыл­ды. Қазіргі таңда баланың жағ­дайы қалыпты.

«Соңғы жағдайға келер болсақ, дәрігерлердің дер кезінде іске кірісуі арқылы барлық мәселе шешімін тап­ты. Жалпы, мұндай дерт пайда бол­ған кезде ата-аналар дәрігерлерге жедел жүгінгені абзал», дейді С.Шыны­беков.

 

Жамбыл облысы