Ал қазақ халқының дүниетанымында «өзгеге риясыз қызмет ету» – асар сынды көне дәстүрмен қанға сіңген қасиет. Бүгінгі заманауи қоғамда сабақтастықты үзіп алмай, асар дәстүрі волонтерлікпен жалғасын тапты. Қазақстан бұл дәстүрдің жаһандық сипат алуына да атсалысып келеді. Бұған дәлел ретінде мемлекетіміздің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының мәтініне «Волонтерлікті тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асырудың қуатты және әмбебап құралы деп тану туралы» жаңа тармақ енгізілуін айта аламыз. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынуы да – бір айғақ. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы ұсынысты қолдау аясында 15-19 тамыз аралығында елімізде Орталық Азия волонтерлері форумын ұйымдастырды.
Айтулы іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан мен Түркия жастары келіп, еліміздің еріктілерді қолдаудағы белсенділігін жоғары бағалады. Киелі Түркістан мен Көкше төрі – Бурабайда бас қосқан еріктілер форумның алғашқы кезеңінде өзара тәжірибе алмасып, шеберлік дәрістерін алды. Форумның екінші кезеңінде жастар елордада бас қосты.
Ел астанасы Нұр-Сұлтанда алғаш рет жүздескен жас еріктілерге пленарлық сессияда Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ерекше ықыласын білдіріп: «Волонтерлер қоғамда тәртіптің жаңа үлгісін қалыптастыратын адамдар. Ол – жауапкершілік пен қамқорлықтың үлгісі. Сіздердің жұмыстарыңыз жақсылық пен мейірімділікке деген сенімді күшейтеді. Қиын жағдайда көмек қолын созатын, жүрегі кең жандардың табылатынына сену адамға ерекше рух береді. Осындай құндылықтарды дәріптей отырып, сіздер бүкіл қоғамды өзгертесіздер. Сондықтан елдегі волонтерліктің деңгейі қоғамның кемелдену көрсеткіші деп айтуға толық негіз бар», деді. Сондай-ақ Сенат Спикері елде волонтерлікті қолдау стандартын енгізудің қажеттігін атап өтті.
«Сол кезеңде пандемияның басталғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Президентінің волонтерлікті қолдау жөніндегі бастамасы уақтылы және маңызды шара болды. Шын мәнінде, еріктілер медицина қызметкерлерімен бірге коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Волонтерлер көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыс атқарды. Сол кезде батылдық танытып, қажырлы еңбек еткен барша еріктілерге тағы да алғыс білдіреміз», деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат Төрағасы бүгінгі қоғамда құндылықтар жүйесін және өзара көмек пен қолдау идеяларын барынша дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда көптеген адам үшін еріктілер мен қамқор азаматтардың қолдауы үлкен мәнге ие.
Форумға арнайы Түркиядан келген, «Хемпа» балалар қауымдастығының жетекшісі Енес Ибраһиммен тілдескенімізде ол Қазақстанның бұл бастамасы Түркі әлемінде жалғасын тапса деген идеясын айтты.
«Мұндай форумдар жиі әрі ауқымды деңгейде жасалса деген тілегім бар. Жаһандық деңгейде қайырымды іспен айналысатын еріктілердің басы қосылса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар мұндай басқосулар волонтер түсінігінің кең таралуына тікелей ықпал етеді. Өйткені волонтер болу – адамдарға, қоғамға, әлемге пайдалы болу деген сөз», деді Енес Ибраһим.
Қазақ «оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» дейді. Жақсылығым жарнамасыз болсын деп қоғамға, айналасына үнсіз пайдасын тигізіп жүрген талай жандар бар. Соның бірі – А.Ахметқазы есімді кейіпкеріміз. Ол студент кезінде жалғызбасты зағип әйелмен ойда жоқта танысып, бос күндері көмекке баруды әдетке айналдырған. Ерікті деп ешбір жерге тіркелмесе де «мүмкіндігі шектеулі жанды көре тұра қол ұшын созбау адамдығыма сын болар еді», дейді А.Ахметқазы.
Мұндай «үнсіз» еріктілік туралы республикалық волонтерлер фронт-офисінің жоба жетекшісі, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк: «Елімізде волонтерлік қозғалыс үнсіздікті ұнатады. Бірақ біз бұл мифпен күресеміз. Әрбір адам волонтерлікті білуі үшін ол туралы батыл, мақтанышпен айту керек. Сонда ғана осындай бастамалардың дамуына үлкен серпін бере аламыз. Негізі елімізде әрбір сегізінші қазақстандық қандай да бір волонтерлік қызметке қатысқан. Тек оларды арнайы ерікті деген атаумен атамайды», деді.
Орталық Азия форумына Түркиядан келген тағы бір волонтер Демир Гюркан еріктілердің «үнсіз жақсылығына» қатысты «береген қол алаған қолдан жақсырақ» деп түрік мақалымен ойын білдірді.
«Жеке адам жасаған жақсылық, еріктілік үнсіз болуымен әдемі. Ал белгілі бір мекеме, арнайы қордың еріктілері жасаған істі көпшілікпен бөлісу керек. Өйткені халық бір-бірінің әрекетін қайталау арқылы волонтерлік түсінігі дамиды. Бүгінде БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер жұмыс істейді, оның 42-сі – әйелдер.
Форумның пленарлық сессиясында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров: «Қазақстандық 7 волонтер біздің министрлік пен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасындағы серіктестік туралы келісім аясында Иордания, Кения, Түркия және Таиландтағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында жемісті еңбек етіп жатыр. Қазақстандық еріктілер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, БҰҰ тарапынан жоғары бағаланды. Біз осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Орталық Азия форумының нәтижелері, соның ішінде Орталық Азия волонтерлер хабын құру да осы мақсатқа қызмет ететініне сенімдімін. Жалпы, волонтерлік қозғалыстың дамуына оң ықпал етпек», деді. Министрдің айтуынша, Birgemiz жалпыұлттық жобасы аясында 8 бағыт бойынша волонтерлік жүйе құрылып, өткен жылдың өзінде оған 70 мыңнан астам волонтер қатысқан.
Елімізде 2020 жылдың «Волонтер жылы» деп ерекше аталып өтуі еріктілер қозғалысының дамуына өз септігін тигізді. Оның дәлелі ретінде 680-нен астам еріктілер ұйымы мен топтардың құрылуын, волонтерлікті дамытудың 2023 жылға дейінгі жол картасы, Birgemiz республикалық фронт-офисі мен 17 өңірдегі офисінің жұмысын айтуға болады. Бұдан бөлек 53 мыңға жуық еріктіні, мыңнан астам жобаны және 3 400-ден астам ұйымды біріктіретін qazvolunteer.kz ақпараттық платформасы да бұл бағыттың қарқынды дамуының айқын дәлелі. Сонымен қатар елімізде арнайы тағайындалған «Халық алғысы» мемлекеттік медалі мен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бар. 2020 жылдан бері бұл наградалармен 700-ге жуық волонтер марапатталған.
Ел арасында еріктілікпен кәсіби қызмет ретінде айналысып жүрген жастар да бар. Статистикаға сүйенсек, олардың саны 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 30 пайызға артқан. Бұл үрдіс «Еріктілікті кәсіпке айналдырып жібермей ме?» деген сұрақ та туындатары анық. Күдікке толы осы сұрағымызды еріктілерге де қойған едік. Өз ойын білдірген ерікті Самаған Тұрсынбаев: «Жақсылықпен айналысар жанның көздегені қаражат емес. Дегенмен волонтердің өз уақыты мен энергиясы үшін белгілі бір деңгейде қаржылық қолдау алуы келесі жақсылыққа деген құштарлығын оятады», деп жауап қатты.
Пленарлық сессияда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев еріктілермен бірге жүзеге асырылатын кезекті жобаны да атап өтті. Сенат Төрағасының айтуынша, Нұр-Сұлтанда қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне 500-ден аса волонтер жұмылдырылмақ.
«Съезге әлемнің 51 елінен 100-ден астам делегация қатысады. Бұл, ешбір әсірелеусіз, ерекше және тарихи оқиға болмақ. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру үшін біз 500-ден астам волонтерді жұмылдырып отырмыз. Олар бізге форумды өткізуге көмектеседі», деді Мәулен Әшімбаев.
Адамға риясыз қызмет ету арқылы өзін де, өзгені де бақытты еткен волонтерлер – қоғамдағы мейірімділіктің көрінісі. Мейірім сақшылары іспеттес жастар осылайша бір апталық форумда біліммен, тәжірибемен толығып, ең бастысы, өмірдің мәнін көпшілікке ұғындыруға ұмтылады. Орта Азия еріктілерінің форумына жиналған жастар ендігі кезекте алқалы жиын эстафетамен жалғасын тауып, жыл сайын бас қосатын дәстүрге айналса деген тілекпен тарқасты.