Аймақтар • 22 Тамыз, 2022

Мұқырыға газ келді

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу облысының Мұқыры ауылына 30 шақырымдық газ құбыры тартылып, табиғи газ берілді. Бұл – Көксу ауданында осы жылы көгілдір отынға қосылған бесінші ауыл. Мұқырылық тұрғындар осыған дейін облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесуінде ауылға газ қостыруды жылдың соңына дейін бітіріп беруді сұраған еді. Міне, бүгін тілегіне жетіп отыр.

Мұқырыға газ келді

Басшылықтың жіті бақы­лауы мен іркіліссіз атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде ауыл жұртының өтініш-талабы орындалып, 600 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік туды. Жал­пы ауданда қазір 20 503 адамның немесе тұрғындардың 43,7 пайызының көгілдір отынға қосылуына жағдай жасалған.

2020-2022 жылдарға Көксу ауда­нындағы 8 елді мекенді газдандыруға бюджеттен 2,023 млрд теңге бөлінген болатын.

Осы күнге дейін Мұқыры­ны қос­қанда 5 ауыл газға қол жеткізсе, жыл соңына дейін 4 мыңнан астам тұрғыны бар тағы үшеуі – Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдары да газға қосылады. Тағы 12 ауылды газдандыруға жоба­лық-сметалық құжаттама әзір­леніп жатыр. Олардың құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары 2023-2024 жылдары жүргі­зіледі.

«Газға қосылу бағасы 30 метрге дейін орташа 145 мың тг, 1 текше метр газдың құны 30 теңге 33 тиын және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тобы­на жататындарға 30 пайызға д­ейін жеңілдіктер қарастырыл­ған. Оған қоса қажетті пеш, да­был қаққыш және есептегіш (счетчик) алуға 10 айға дейін еш пайызсыз бөліп төлеуге болады. Алдағы қыркүйек айының 20-нан кейін Бесқайнар, Жам­был, Мәмбет ауылдары да газға қосы­лады», дейді Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев.

Оның айтуынша, газға қо­суды BSP GROUP LTD, ST LTD, ST GAZ, «СК Мус­­лим», «Аякс-78» және «Сұңқар- 2002» ЖШС қамтамасыз ететін болады.

Мұқырыда алғашқы болып үйіне газ тартылған тұрғын – 44 жыл жер­гілікті мектепте ұстаз болған, жалғыз тұратын ардагердің бірі, Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің қызы Рәбиға Алдабергенова. Оның қуаны­шында шек жоқ. Бұл үйге «BSP групп» компаниясы жергілікті әкімдікпен бір­лесіп газды тегін қосып берген екен. Зей­неткер газ тарту ісінің басы-қа­сында жүрген жандарға алғысын жаудырды.

«Үйіме тегін газ қосып бер­ген де­меу­шілерге, барша аза­матқа айтар алғысым шексіз. Егде адам болған соң жүректің ауруы, бел омыртқамда сыр­қатым бар, сол үшін маған от жағып, күл шығарған қиын. Ауылға газ келгені маған үлкен демеу болды. Қыста аяз 40 градусқа барғанда газдың қы­сымы төмендеп кететіні заңды құбылыс. Оны өзім химия пәні­нің мұғалімі ретінде жақсы білемін. Сондықтан қатты аязда қосымша қор болсын деп 1-2 тонна көмір алып қойдым. Ауылға жеткен табиғи газдың қызығын барша тұрғын көре алатынына қуаныштымын», дейді Р.Алдабергенова.

Міне, енді көптен күткен Мұқыры ауы­лындағы 481 үй көмір жағудан құты­лып, оның орнына газға қосыла алады.

 

Жетісу облысы