Қазақстан • 22 Тамыз, 2022

Спорт саласы қызметкерлерін марапаттады

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні атап өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев спорт саласы қызметкерлерін марапаттап, олардың саламатты өмір салтын дамытуға және насихаттауға қосқан зор үлесін атап өтті.

Спорт саласы қызметкерлерін марапаттады

«Біздің елімізде спорт әр түрлі жастағы, ұлт пен кәсіптегі көптеген адамдардың басын біріктіреді. Жылдан жылға спорт қауымдастықтары мен секцияларының саны өсіп, спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың саны артып келеді. Әрине, бұл жерде жаттықтырушылардың, төрешілердің және спорт менеджерлерінің еңбегі зор. Мұның бәрі олардың таңдаған мамандығына деген ынтасы мен адалдығына тікелей байланысты»,  деді Дәурен Абаев.

Салтанатты іс-шара олимпиада резервінің облыстық және рес­пуб­ликалық мамандандырылған мек­теп-интернат-колледждерінің жұ­мысы мәселелері жөніндегі кеңес шеңберінде өтті.

«Қазір мектеп-интернат-колледж­дерде таяу жылдары өтетін ірі жарыстарда ел намысын қорғайтындар оқып жүр. Бір сөзбен айтқанда, сіздер Қазақстанның спорт элитасын даяр­лап жатырсыздар. Бірақ өкінішке қарай, даярлаған шәкірттердің қазіргі нәтижелері алаңдаушылық тудырады. Көптеген параметрлер бойынша бірқатар мектеп-интернат-колледждердің көрсеткіштері кәдімгі спорт мектептерінен төмен. Бұл жаттығу процесінде, психологиялық даярлықта, оқыту әдіснамасында олқылықтардың бар екенін білдіреді», деді министр.

Оның айтуынша, мектептер­дегі кадр мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Мектеп-интер­нат-колледждерде үздік жаттық­тырушылар мен әдіскерлер жұмыс істеуге тиіс.

Дәурен Абаев сондай-ақ мектеп-интернат-колледждерге оқушылар­ды қабылдау кезінде бақылауды кү­шейтуді, жоғары сынып және колледж спортшыларының нәтижелеріне жүйелі талдау жасауды, сондай-ақ қаржылық жағдай мен білікті ма­мандардың болуын ескере отырып, спорт түрлерін оңтайландыруды қарастыруды тапсырды.