Жарыстың алғашқы күні «Барыс» Екатеринбургтің «Автомобилисінен» овертаймда 3:4 есебімен ұтылды. Магнитогорскінің «Металлургі» Нижнекамскінің «Нефтехимигінен» басым түсті – 4:1. Келесі күні жеңілген қос команда өзара күш сынасты. Бұл бәсекеде жерлестеріміз қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол соқты – 3:0. «Металлург» «Автомобилистен» айласын асырды – 2:1. Сөйтіп, бас жүлденің тағдыры соңғы бәсекеде шешілді.
Шешуші ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін ойын алма-кезек шабуылмен өтті. Алғашқы шайбаны 28 минутта Филипп Майе салып, «Металлургті» алға шығарды. Есесіне айналдырған бес минутқа жуық уақыт аралығында айдын иелері қатарынан үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Дінмұхамед Қайыржан, Джереми Бракко және Энтони Луис. Үшінші кезеңнің бел ортасында Валерий Орехов есеп айырмашылығын қысқартты. Бірақ одан әріге қонақтардың күш-жігері жетпеді. Осылайша, 3:2 есебімен жеңіске жеткен «Барыс» өз тарихында бесінші рет Президент кубогын олжалады. «Металлург» екінші орын алса, «Автомобилист» үшінші сатыға тұрақтады. Ал «Нефтехимик» көш соңында қалып қойды.