Спорт • 22 Тамыз, 2022

Бас жүлде – «Барыста»

1976 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогы жолындағы жарысты Нұр-Сұлтанның «Барысы» сәтсіз бастағанда көңіліміз біраз жабырқап қалған еді. Бірақ одан кейінгі ойындарда елордалық клуб қарсыластарын қапы қалдырып, бас жүлдені олжалады.

Бас жүлде – «Барыста»

Жарыстың алғашқы күні «Барыс» Екатеринбургтің «Ав­то­мобилисінен» овертайм­да 3:4 есебімен ұтылды. Маг­­нитогорскінің «Метал­лургі» Ниж­­некамскінің «Нефте­хи­мигінен» басым түсті – 4:1. Ке­ле­­сі күні жеңілген қос команда өз­ара күш сынасты. Бұл бә­секеде жер­­лестеріміз қарсы­ластар қақ­пасына жауапсыз үш гол соқты – 3:0. «Металлург» «Авто­мо­билистен» айласын асырды – 2:1. Сөйтіп, бас жүлденің тағдыры соңғы бәсекеде шешілді.

Шешуші ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін ойын алма-кезек шабуылмен өтті. Алғашқы шайбаны 28 минутта Филипп Майе салып, «Металлургті» алға шығарды. Есесіне айналдырған бес минутқа жуық уақыт ара­лығында айдын иелері қатарынан үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Дінмұхамед Қайыржан, Джереми Бракко және Энтони Луис. Үшінші кезеңнің бел ортасында Валерий Орехов есеп айырмашылығын қысқартты. Бірақ одан әріге қонақтардың күш-жігері жетпеді. Осылайша, 3:2 есебімен жеңіске жеткен «Барыс» өз тарихында бесінші рет Президент кубогын олжалады. «Металлург» екінші орын алса, «Автомобилист» үшінші сатыға тұрақтады. Ал «Нефтехимик» көш соңында қалып қойды.

Соңғы жаңалықтар

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18