Қазақстан • 22 Тамыз, 2022

Артында өшпес із қалдырған

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абыз ақсақал атанған мемлекет және қоғам қайраткері Нұрмаханбет қажы Әжметов – оңтүстік өңірге есімі жақсы таныс тұлға болатын. Балалық бал дәурен шағы кеңес-герман соғысына тап келді де, қаршадайынан ауыр еңбекке араласты. Қатарластарының арасында белсенділігімен көзге түсті.

Артында өшпес із қалдырған

Мектептің беткеұстары болды. Алматы зооветеринарлық институтын үздік бітірді. Өзі туып-өскен өңірде шаруашылықта бас зоотехник қызметін абыроймен атқарды. Кейін партия, кеңес жұ­мысына араласты. Шымкент, Атырау облыстарында басшылық қызметтер атқарды. Алғабас, Келес аудандарында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Жасаған жұмыстары Димаш Қонаев, Асанбай Асқаров сияқты биік тұлғалардан лайықты бағасын алды. Түрлі деңгейде бас­шылық қызметтер атқарған Хасан Бектұрғанов, Егемқұл Та­санбаев, Төлепбек Назарбеков, Әбжаппар Жылқышиев, Борам­бек Шүкірбеков, Зауытбек Тұрыс­беков, Әбдікәрім Бектаев, Елтай Тұрғымбеков, Амалбек Тшанов, Бекет Тұрғараев, Әбдіғани Таш­қараев, Анарбек Орманов, Әбіл­қасым Досболов, Досыбай Шерім­құлов, Исмат Тұрсынқұлов, Дана­бек Батыршаев, Қойшыбай Әріп­баев сияқты замандас аға-ініле­рімен етене араласып, ел игілігі үшін қоян-қолтық қызмет етті.

Сол игілікті еңбегінің нәтиже­сінде алты орденмен, жиырма шақты медальмен марапатталды. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық қызметтен қол үзбей, тәуелсіз еліміздің туын тіктей түсуге атсалысты. Осы еңбегі еленіп, өңіріне «Құрмет», «Шапағат», «П­арасат» ордендерін тақты. Оң­түстік Қазақстанның және осы облыстағы бес ауданның Құр­метті азаматы атанды. Алла жазып ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. Ақырғы демі біткенге дейін халықпен араласты, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Мұсылманның қасиетті бес па­рызының бірі қажылық сапарын да өтеді. Қолы бос болып көрмеген дағдысымен өлкетану мәселесімен, шежіре-деректер жинаумен айналысты. Артында «Мен де бір Қазы­ғұрттың перзентімін» атты құнды кітап қалдырды. Одан да зоры балаларының сүйікті анасы, өзі қалап қосылған аяулы жары Рабигүл апамыз екеуінен бес ұл, немере, шөберелер көрді. Бір өкініштісі, апамыз ертерек қайтыс болып, ұрпақтарының қызық-қуаныштарын көре алмай кетті.

Жасы жерортадан ауғанда үл­кен кісінің жалғыз қалғаны ауыр соғады екен. Осындай сәтте бұл өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, халықтың сүйіспеншілігі мен құрметін қатар өткізген жұбайы Зәмзагүл қажы жеңгемізге де разымыз. Ол кісі сырласы да, сыйласы да бола білді. 93-ке қараған шағында фәни дүниеден бақилыққа аттанған ардақты әкеміздің, атамыздың шаңырағының отын өшірмей, жыл бойы әр бейсенбісін құр жібермей аруағын аунатты.

Артында қалған ұрпақтары 28-ші тамызда марқұмға Құран ба­ғыштап, ас бермекші.

Өтетін мекенжайы: Шымкент қаласы, Ө.Жәнібеков көшесі, 65. «Баққон» мейрамханасы. Уақыты – 13:00.

 

Құрметпен,

Әжіметовтер әулеті