22 Мамыр, 2010

БІЗ ЕЛДІҢ АЛАҢСЫЗ ӨМІР СҮРУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ МІНДЕТТІМІЗ

739 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 7 сәуірі күні кешкілік Тараз қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерде үлкен дүрбелең орын алды. Оған кейбір азаматтардың Қырғыз Рес­публикасының Талас облысында қырғыз жағы Киров су қоймасын күл-талқан етіп жарады екен деген лақап хабары себеп болды. Қырғыз елінде орналасқан Ки­ров су қоймасына жарылыс жаса­ла­ды екен деген сыбыс ел арасына тез тарап, тұрғындар үйлерін тас­тап, көлігі барлар автокөлікпен, арбасы барлар арбамен, тіпті такси жалдап, май құятын стансалардағы барлық жанар майды тауысып, Тектұр­мастың төбесіне, басқа да тау-жота мен елді мекендерге қашқан. Иә, Киров су қоймасы жарыл­са, қала мен қала маңындағы елді ме­кендерге орны толмас зардап әке­летіні анық. Шынында, 500 мил­лион текше метр су тұрған қой­ма жарылса, небәрі 40 шақырым жердегі қойма суы әп-сәтте қаланы ағы­зып әкетері сөзсіз болатын. Күні кеше ғана бұдан суы 15 есе аз тоспа Қызылағашқа қандай апат әкелгенін ұмыта қойған жоқ шығармыз. Бұл су қоймасының жай-күйі өз алдына әңгіме. Ол 1993 жылдан бері жөндеу көрген жоқ. Кезінде Қырғызстан үкіметі суды Жамбыл облысының тұрғындары пайдала­натындықтан, Киров су қоймасын 50-60 жылға Қазақстанға жалға беріп, бізден оны алуларымызды сұраған болатын. Ол кездері бұған Үкімет құлақ салмады. Қаражат мәселесі де қарастырылмаған еді. Қырғызстандағы жағдай белгілі, осындайда қоймаға қойылған бір жарылыс төменде орналасқан Тараз қаласы үшін орны толмас зардап екені сөзсіз. Бұл – қашанда ойда болатын нәрсе. Менің нақты айтайын дегенім, қауіпсіздік пен сақтық шаралары. Су қоймасы қырғыз жерінде, со­лардың иелігінде. Алғашқы кездері қырғыз жағы арнайы жасақталған күзет қызметін қойып, маңайына тірі адам жолатпайтын. Ал кейін келе тек жай 2 адамдық қарауыл қойып, олар платинаны тамашалау алаңына айналдырып, елді суретке түсіріп, қауіпсіздік шараларға еш көңіл бөлмейтін болды. Осы су қоймасы арқылы қыр­ғыз­дардың аздаған ауыл-аймақтары бақша өсіріп, оны көршілес қазақ жеріне әкеліп күн көріп отыр. Алай­да, су қоймасының қауіпсіздігі қырғыз бауырларды онша тол­ғантпайды. Өйткені, апат бола қалған жағдайда қырғыздар емес, негізінен қазақтар зардап шегеді. Осыған орай, су қоймасы қырғыз жерінде, солардың иелігінде деп қамсыз отырғанымыз ауыр зар­даптарға ұшыратуы мүмкін. Мен ел Үкіметі екі ел арасында келіссөз жүргізу арқылы Киров су қоймасының қауіпсіздігін толықтай Қазақстанның міндетіне алуы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізуі қажет деп есептеймін. Әлгі сыбыс шығып, ел дүрлік­кен кезде су қоймасына әскери қарулы күзет қойылды. Қауіпсіз­дікті сақтауға бізде мүмкіндік же­теді, қаржы қарастыруға да болады. “Жаман айтпай жақсы жоқ”, су қоймасының қауіпсіздігін сақтау үшін онда қысы-жазы, күндіз-түні қарулы күзет қойылуы керек. Оның маңына бөгде бір адамды жолатпау қажет. Көршілеріміз аумалы-төк­пелі, шиеленісте өмір сүріп отыр­ғанда біздің қауіпсіздік шараларын ойластырмауымызға қақымыз жоқ. Осы тұрғыда Қырғызстан үкіме­тімен бірлесе су қоймасының қауіп­сіздігін заңдастырған жөн. Жағдайдың маңыздылығын ес­кере отырып, Үкімет тарапынан арнайы тексеру жүргізіп, қауіпсіздік шараларын іске асыру үшін ко­мис­сия құрылуы тиіс. Жедел басқару мүмкіндігін арттыру мақсатында қазақстандық Шу-Талас бассейні су шаруашылық басқармасы және “Таразводхоз” мемлекеттік меке­ме­сі Қырғызстандағы Киров су қой­масына қажетті жөндеу жұмыста­рын бірлесе атқарып, арада радио­байланыс орнату керек. Тағы да дүрлігіс туып, халық­тың тұрған үйлерін тастай қашуына жол бермеуге, ең бастысы – орны толмас зардап шегіп қалмау үшін Киров су қоймасының қауіпсіздігін толық өз қолымызға алған абзал. Әйтпесе, Жамбыл облысының тұр­ғын­дары үреймен өмір сүрері анық. Сонымен бірге, су қоймасы қо­лын­да тұрған қырғыз елі кез келген жағ­дайда бізге қоқан-лоққы көр­сетіп, қорқынышта ұстамасына кім кепіл?! Біз елдің алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.